ҚҰНДЫЛЫҚ ҚОРЫҚШЫСЫ

408
0
Бөлісу:

Әуелі «Ауыл шетіндегі үй» хикаятымен таныдық. Кейін «Мен сүйген қыз» өзіне ерекше баурады. «Махаббат қорығын» оқып, сүйсінгеніміз тағы бар. «Келіншектер» триптихі өз алдына бөлек әңгіме. Бізді осылайша Жақсылық әлемі өзіне тарта берді. Түменбаевтан ықыласпен оқыған соңғы шығармамыз – «Ақтық демің біткенше» романы. Аз емес, көп емес, бас-аяғы оншақты көркем дүние. Соның өзі лирик жазушының әлеміне сүңгітіп жіберген.

ЖУРНАЛИСТІҢ ОЙЫ ТАЗА БОЛУҒА ТИІС
«Алпысыншы жылдардың екін­ші жартысына ауған тұста Қазақ университетінің журна­лис­тика факультетінің үшінші курсында оқитын екі жігіт Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетіне өндірістік тәжіри­беден өтуге бардық. Бізді әуелгі күні редактордың орын­басары қабылдаған, редактордың өзін біразға дейін сыртынан ғана көзіміз шалып қалып жүрді. Редакторды тап ондай шағын, жас болады деп ойламаған едім. Ол кісі жас жағынан да, тұла бітімі жағынан да менің қиялым­дағы заңғар редакторға жете алмай жатты. Сонда да болса ол кісі анадайдан көрінгенде қарсы жолығуға жүрек дауаламайды, кездескен бір есікке зып берем.
Арада бірнеше күн өткенде редак­ция қызметкерлері «летуч­ка», «летучка» десіп, көтері­ле кетіп жатты. Оған қатысамыз деген дәмеміз жоқ, екі бозым сопайып қала бергенбіз. Бір кезде редактордың хатшы қызы келіп: «Сіздерді летучкаға шақы­рып жатыр» дегенде, абыржы­ға­ны­мыз сонша, редактордың каби­­нетіне қысылып-қымтыры­лып кірдік.
– Жігіттер, «летучкадан» қал­маңдар. Болашақ газет қызмет­керлеріне мұның бәрі тәжірибе, – деді редактор.
Жігіттер кезек-кезек шығып, өздері кезекші болған нөмір туралы пікірлерін айтып жатыр. Ең соңында редактор орнынан тұрды. Ол бір аптадағы бес нөмір­ді түгелдей шолып өтті, мақтаған да, сынаған да мақала­лары болды. Сөзін аяқтай келе, бір сын мақалаға ерекше тоқтал­ған. Байқауымша, сын біржақты жазылған екен. Объектіні мұқа­туға арналғандай, ұсақ-түйекті тізіп, адамның жеке басына тіл тигізуге дейін барыпты. Мұндай қылықтың жалғыз сол күнгі әңгіме болып отырған автор емес, басқа бірқатар журналис­терге ортақ екенін айта келіп, редактор жалпы тұжырым жаса­ды: «Журналистің ойы таза болу­ға тиіс».
Осы сөз менің әрдайым есімде шегеленіп қалды». Бұл – Жақсылық Түменбаевтың Ұзақ Бағаев туралы жазылған естелі­гінен үзінді. Өзі ұстаз тұтқан жаны жайсаң жан туралы осылай қалам тербейді. Бұл сөздің әлі де мән-маңызы жоғары. Өйткені журналистикада жүрген тілші қауымның да ұстанар принципі осылай болуы тиіс. Жазушы мұны дөп басып айтып отыр.
49 жас ғұмыр кешіп, уақы­ты­ның денін журналистикада өткізген жанның жазушылықпен түбегейлі айналысуға да уақыты жетпеген сияқты. Әттеген-ай дейсің, қу тіршілік болмағанда, жазушының қаламынан бұдан да зор шығармалар туар ма еді?!.

КІСІЛІКТІҢ КЕЛБЕТІ
Жазушы көзі тірісінде қазақ­тың қабырғалы қаламгерлерімен қатар жүрді. Белгілі жазушы Тынымбай Нұрмағамбетовпен жақын дос болса, жазушы Серік Асылбекұлымен ағалы-інілі болып, жақын араласты. Сыр шертісті. Көрнекті жазушы Бексұл­тан Нұржекеев әдебиет ауылына алып келді. Жақсылық­тың қаламынан туған көркем дүниелерді алғашқы болып танып, журналға бастырды. Түменбаевты әдеби қауымға таныт­қан «Жалынның» жабық бәйгесі.
«Жақсылық аға Түменбаевпен 1980 жылдардың басында таныс­тым. Оны бұрын сол кездегі Қазақстан Жазушылар одағында өтіп жататын көп жиындарда бірер рет сыртынан көргенмін. Сұңғақ бойлы, жараған бәйге атындай сылың­ғыр, тіп-тік денелі қырықтарға таяп қалған жігіт ағасы шалбары­ның қырла­ры қайрауы келіскен пышақтың жүзіндей болып, қарасұр костюмі­нің ішіндегі ақ көйлегіне қарасұр галстугін тағып алып, айналасындағы қаптаған адам­дармен көп шүйіркелесе қоймай, оқшаулау жүретін сияқты еді.
Осындай сырт сипатына қарап, Жақаңды ол замандағы мемлекеттік кеңселердің ресми қалпына біржолата көшіп алған кәнігі совет чиновниктерінің типтік өкіліне ұқсатуға болатын. Алайда жақын танысып, сөйлесе, сырласа келе оның мүлде басқа адам екеніне көп ұзамай оп-оңай көз жеткізетінсіз. Оның аңқыл­да­ған мінезінен, риясыз шынайы күлкісінен әлгі еуропалық қарасұр костюм мен галстуктың аралығында жасырынып жатқан нағыз дала адамының бауырмал ақ пейілін танып алу аса көп қиындық туғыза қоймайтын. Өзінің о бастағы табиғи бояу­ларын жоғалтпаған көшпе­лі­лер ұрпағына тән мұндай шынайы қазақылық оның өзіне жақын адамдармен қарым-қатынасы­нан бастап бала тәрбиелеудегі, отбасын ұстаудағы принциптері­нен, ата-баба, салт-дәстүрлеріне деген барынша адалдығынан айқын көрініп тұратын. Ал сексенінші жылдардағы үш жүзге созылған ауыр отаршылдықтың кесірінен бірте-бірте өзінің төлтума бейнесін жоғалтып, әсіре орыстанып, әсіре еуропа­ла­нып бара жатқан Алматыда өз халқының бір кездердегі арда ұлттық рухына, менталитетіне деген мұндай берілгендік, тіпті басқаны былай қойғанда, қазақ қаламгерлер қауымының өз арасында да сирек кездесетін қасиет еді.
Жақаңның, Жақсылық Түменбаев­тың осы тектес кісілік, азаматтық ерекшелігі, оның «Ауыл шетіндегі үй», «Ауыл мен Алматының арасы» деп аталатын тамаша повестерінде өзінің қайталанбас көркемдік бейнесін тапты. Бұл шығармалар, менің­ше, тек Жақаңның ғана емес, ХХ ғасырдың екінші жарты­сындағы қазақ прозасы­ның үлкен табысы болды. Иә, сол бір замандағы отаршылдықтың небір соқтық­палы, соқпақты қиын кезеңдері­нің өзінде де осындай кісіліктің, азаматтықтың жайнаған туын бір жықпай, сол бір тіп-тік жігіт қалпында бұл дүниеден бар болғаны қырық тоғыз жасында жазғы сағымдай заулап өте шықты…» деп еске алады жазу­шы-драматург Серік Асылбек­ұлы.

ӨТЕ ҰҚЫПТЫ, ТАЗА БОЛАТЫН
«Марқұм әкем бес жасында мектепке барыпты. Атамыз марқұм хат тани білмейтін. Сондықтан әкемізге шамның жарығымен түн ауғанша Мұхтар Әуезовтің, Сәбит Мұқановтың, Бейімбет Майлиннің шығарма­ларын және тағы басқа кітаптар­ды оқытып қояды екен. Табиға­тынан мәдениетті кісі еді. Тірі жан жайында бір ауыз ғайбат сөз айтпайтын. Ауылда өссе де, балға мен шеге ұстауды білмей кетті. Елуге үш ай қалғанында өмірден өтті. Алдында ғана тетелес ағам, үлкен ұлы Мұхит «үйленем, дайындалыңдар» деген еді. Әкеміздің қуанышында шек жоқ. Дарылдап, бәріне айтып шықты. Әсіресе, жан досы Тыным­бай Нұрмағамбетовке звондап: «Әй, Тынымбай, мен де құдандалы болайын деп жатыр­мын ғой. Менің де құйрық-бауыр жейтін кезім келді», – деп мақтанғаны есімде қалып қойды. Содан соң бірер аптаға жетпей дүниеден озды.
Жалғыз қарындасымыз бар. Сол десе, әкемнің шығарға жаны бөлек-ті. Бірде шешеміз Гүлсая­ға: «Әй, қыз, қасық ал ана жер­ден» – деп ұрсып сөйлемей ме. Сонда әкеміздің бұлқан-талқан болғанын бірінші рет көрдік. Шешемізді жерден алып, жерге салды. «Қыз-ұл деп неге бөлесің? Баланың бәрі бірей емес пе?» деп ренжігені бар. Балабақшаға қысы-жазы өзі апарып, өзі алып қайтатын. Гүлсаясының мектеп бітіргенін көре алмай кетті.
Домбырада ерекше ойнаушы еді. КазГУ-дің оркестрінде солист болыпты. Атақты Нұрғи­са Тілендиевтің өзі: «Әй, бала, сенің мына домбыра қағысың кере­мет. Журналистиканы қай­те­сің, менің оркестріме кел», – деп шақырған екен. Әкеміздің журналист болғанын атамыз да жақтырмапты. Ол кісі ауылда бақуатты кісі болған. Дүкен ұстаған. Сол себепті, журна­лис­ти­каны кәсіп деп есептемеген. Әкеміз басында «Политехке барамын» деп кетеді де, екінші курста атамызға айтпай, журна­лис­тикаға ауысып алады.
Ұзақ жылдар КазТАГ-та жұмыс істеді. Ең алдымен редак­тор, сосын аудармашы редактор, кейін бас редактордың орын­басары болып қызмет істеді. Ол мекеменің Кеңес дәуіріндегі жұмысы тым қиын еді. Компар­тия басшысы құлаш-құлаш баяндама жасайды. Орыс тіл­шілер үстінен бір қарап шы­ғып, терімге тапсырып кете беретін. Ал әкеміз түн ауғанша сол баян­да­маларды аударып жүргені. Себебі, таң ата «Социалистік Қазақстанға» толық нұсқасы басылуы керек. Сөйтіп жүріп, жазу жазуға уақыты табыла бермейтін. Жылына бір келетін отыз күндік демалысын толық­қанды жазушылыққа арнайтын еді. Бір санаторийге, не демалыс үйіне барып көрген емес.
Өмірінің соңғы жылдарында «Денсаулық» журналын басқар­ды. Бәрі қат заман. Ел жұрттың газет-журнал түгілі азық-түлік алуға мүмкіншілігі жоқ. Соның өзінде әкеміз басқарған жылдары «Денсаулық» 5 мың таралымнан 130 мыңға жетті.
Арал ауданындағы Сазды ауы­лында әкем атында мектеп бар. Қызылордадан көше атын берді. Алматыдағы өзі тұрған үйге ескерт­кіш тақта орнатылды.
Мектеп оқушылары арасында жыл сайын қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сайыс ұйым­дас­тырылып, жеңімпаздарға Жақсылық Түменбаев атындағы стипендия беріледі.
Өте таза, ұқыпты адам еді. Үсті-басы мұнтаздай болып жүретін. Тіпті бір аяқ киімді он жыл кисе де, тоздырмайтын. Қай­ран, әкем, өмірден ерте кетіп қалды», – дейді ұлы Мұхтар Түменбаев.

КҮМБІРЛЕТІП КҮЙ ШЕРТКЕН
Жақсылық Түменбаев – лирик жазушы. Оның лириктігі бүкіл шығармасынан сезіліп тұрады. «Мен сүйген қызын», болмаса «Ауыл шетіндегі үйді», не болма­са «Қымбат қазынаны» оқыған оқырман мұны анық сезінер еді. «Ауыл мен Алматы­ның арасын­да» жүрген жанның да Жақсылық Түменбаевтың шығармасынан қажетін табары анық.
Жазушының өзіне тән тағы бір қасиеті – күйшілігі. Қызы Гүлсая өз естелігінде шығармасын жазар алдында әкесінің шапан киіп, күй шертетінін айтқан екен. «Атамыздан қалған бір шапан бар еді. Әкем жазу үстеліне отырар алдына сол шапанды киіп, домбыра шертіп алатын. Сөйтіп, ой түйіндейтін шамасы. Оның домбыраға деген ерекше сүйіспеншілігін анамыз да қатты қадірлеген. Әкемнің қырық жасында анамыз бір шеберге домбыра жасатып, сыйлап еді. Сонда әкеміздің қуанғанын көрсеңіздер. Ол қара домбыра Мұхит ағаның шаңырағында ілулі тұр. Әкеміз пианинода ойнай білетін. Музыкамен жаны егіз жазушы болды» деп сыр шер­теді.
Түменбаев шығармаларының кейіпкерлері – ауыл адамдары. Өз ауылының тұрғындары болуы да ғажап емес. Көп оқиға өмірден алынған. Тіпті кейбір кейіпкер­ле­рін жазушының өзіне ұқса­та­ты­­ны да жасырын емес. Соғыстан кейінгі жылдардың хал-ахуалын шынайы жеткізе білді. Оның шығармаларында әрқилы адам тағдыры бар. Оны Ысман – Жана­­рысты («Ақтық демің біт­кен­­ше»), Сапар – Гүлжанарды («Мен сүйген қыз»), Жоламан – Сәулені («Махаббат қоры­ғы») білетін жан бірден аңғарады. Қалай десек те, Түменбаев шы­ғар­­­маларында өзіне ғана тән мөл­дір­лік, тазалық бар. Ол – ой кү­зет­­кен, қара сөз қорыған жазу­шы.
«Жанары тап-таза аспан жүзі­не ауды. Зеңгір көктің осынау кір­шіксіз қалпы Жоламанға қор­ғансыз, бейкүнә сәби кей­пін­дей көрініп кеткен. Асылы, саған да бір қорықшы керек-ау, – деп ойла­ды жер бетінің мұң-мұқта­жын түгел бітіріп, енді тек жеті қат көк қана қалғандай-ақ, – мейлі жер бол, жан иесі – адамсың ба, жоқ, тілсіз мақұлық­сың ба, бәрібір, бәріңе де қорық­шысыз болмайды. Болмайды! Жаратқан, қорықшысыз қалған­нан сақтағай!»

P.S. Бүгін – Жақсылық Түменбаевтың туған күні. Көзі тірі болған­да, 75 жасқа келер еді. Амал не, “Қолына қаламнан басқа ауыр зат ұстап көрмеген” қаламгерді тағдыр ерте алып кетті. 49 жа­сында өмірден өткен жазушыны соңында қымбат қазынасы, сәу­лелі сәттері бейнеленген шығармалары қалды.
Бастысы, Түменбаев әлемі бар. Ол әлем оқырманын таза­лық­қа, кісілікке, азаматтыққа жетелері анық.
Құндылық қорықшысы өз халқын сонау жеті қат көктің үс­тінде әлі де қорып жүргендей әсер қалдырады…

 

Гүлзина БЕКТАС

Бөлісу:

Пікір жазу


*