Алапат дауылдан аман болсын адамзат

465
0
Бөлісу:

Тайландқа алапат тропикалық дауыл жақындап келеді. Туристердің ең көп шоғырланған аймағында дәл мұндай жағдай осыдан 57 жыл бұрын болған екен. Атап айтқанда, елдің оңтүстігінің басым бөлігі, Самуи мен Пхукет аралдары, сондай-ақ, Пхангнга мен Краби провинция-ларындағы туристік аумақтарына қауіп төніп тұр. Бұл туралы Тайланд технологиялар және ғылыми министрлігі Гидрологиялық және ауылшаруашылық ақпараттар институтының арнайы мәлімдемесінде айтылады. 

Институттағылардың мәліме­тін­ше, Тайландтың оңтүстігінен Сиам шығанағынан Андаманд теңізіне дейін, Самуи, Пхукет, Краби және Пхангнга туристік аумақтарында қатты дауыл тұрады. Желдің жылдамдығы сағатына 65 шақырымға жетуі мүмкін. Сыртқы істер министр­лігі Тайландтың жергілікті билік өкілдеріне сілтеме жасай оты­рып, «Пабук» тропикалық дауы­лының 5 қаңтарда Сиам шыға­на­ғынан Тайланд жағалау­ла­рына жетуі мүмкін екенін хабарлайды. Сондай-ақ 3 және 4 қаңтарда Сураттхани, Накхо­н­сит­хам­­марат, Пхаттхалунг, Сонг­кх­ла, Паттани, Яла, Наратхиват, Краби, Транг және Сатун про­вин­­­цияларында, 4 және 5 қаң­тарда Пхетбури, Прачуап­кхи­рикхан, Накхонситхаммарат, Пхаттха­лунг, Сонгкхла, Паттани, Яла, Наратхиват, Ранонг, Пхангнга, Пхукет, Краби, Транг және Сатун провинцияларында қатты жауын жауады делінген.


Турлар реестерінің мәліметіне сәйкес, 1-7 қаңтар аралығында Тайландқа сапарлатып кеткен­дер­­дің саны – 318. Дегенмен бұл – туристік фирмаларға тіркел­ген­дер туралы мәлімет қана. Өздігі­мен саяхаттап кеткендердің нақты саны белгісіз. Жақында ресейлік туристің тайфун салда­ры­нан жапа шеккені туралы ақпарат тарады. Бізге белгілісі мынау: төрт адамнан тұратын отбасы тыйым салынғанына қарамастан, шомылуға шыққан. Жағадан 50 метрдей жерде қатты толқын тұрып, балалардың бірі бата бастаған. Әкесі алып-ұшып құтқаруға тырысқанымен, тол­қын­ға қарсы тұру қиынға соққан. Соның нәтижесінде жартасқа соғылып, қаза болды. Отандас­та­ры­мыз жайлы жағым­сыз ақпа­рат жоқ.
Еліміздің Сыртқы істер минис­тр­­лігі дауыл кезінде қауіпсіздік шараларын сақтау керегін еске салған болатын. Егер қандай да бір қолайсыздық туатын болса, Қазақстанның Тайландтағы елші­лігіне дереу хабар беруі тиіс. Про­винцияның жағалауға жа­қын жерінде тұрып жатқан 30 мың­ға жуық адам қауіпсіз орындарға көшірілген. Бүгінде ол жерлерде адам қарасы аз. «Бангкоктегі дипломаттары­мыз жергілікті билік өкілдерімен тығыз байланыста. Соның ішін­де төтенше жағдай орган­дары­мен хабарласып отыр. Бір жағдай бола қалса, бірден министрлікке мәлімдейді. Біз болсақ, тиісті шаралар қабыл­даймыз. Қауіпті жағдай туса, штаб құрылады. Бәрі жақсы болып, отандастарымыз елге дін аман оралады деп сене­міз», – дейді сала министрлі­гінің өкілі Айбек Смадияров.


Тайландтың оңтүстік аудан­дарында мұндай тропикалық дауыл 1962 жылы көтерілген екен. Ол кезде 12 провинцияны бойлап, Harriet дауылы тұрған еді. Соның салдарынан 900 адам зардап шеккен. Мамандардың айтуынша, осы аптаның соңына дейін жел тұрып, нөсерлетуі мүмкін. Толқындардың биіктігі шамамен 7 метрге жетеді деседі. Дегенмен Тайландтағы жергілікті метеорологиялық бюроның ақпаратына сүйенсек, бұл жолғы дауылдың күші жарты ғасыр бұрынғысынан әлдеқайда төмен. Сонымен бірге, жан-жақты қарастырылып, қажет әзірлік жасалған. «Пабук» атауы лаос тілінен аударғанда «алып балық» дегенді білдіреді. Алапат дауыл­дан адамзаттың аман болуын тіледік.

Айша ЕРСҰЛТАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*