Ақбөкен атушылар азаяр емес

605
0
Бөлісу:

Дала көркін келтірген киіктерді 2006 жылы «Қызыл кiтапқа» енгізді. Және сол жылы жан-жануарларды қорғау мақсатында бюджеттен 200 миллион қаржы да бөлінген. Әрі жыл сайын ол сома көбейіп те келеді. Ал осыдан 20-30 жыл бұрын түзде жосыған киіктердің саны 1 миллион 400 мың болған екен.

Ақбөкен, киік (лат. Saiga tatarica) – жұптұяқтылар отря­дының бөкендер туысы­на жататын, тұлғасы ірі, қой­ға ұқсас, дөңес тұмсықты, күйіс қайыратын түз жан­уа­ры. Моңғолияда, қалмақ дала­­­сы мен Қазақстанда ғана сақталған. Республикамызда ақбөкендердің бір-бірінен жеке-дара бөлінген Бетпақ­дала – Арыс, Үстірт және Еділ-Жайық деген топтары мекендейді. Текелерінің дене тұрқы – 126-150 см, салмағы – 37-49 келі. Ал ешкілері кішірек, дене тұрқы – 109-127 см, салмағы 22-37 келідей болады. Үстіңгі ерні салбы­рап, етті тұмсыққа айналған. Текесінің мүйізі қайқылау келеді, ешкісінде мүйіз болмайды. Жаз айларында арқа түсі сарғыш тартады, қыста түсі ақшылданады. Ақбөкендер шөл, шөлейтті және далалық аймақтарда тіршілік етуге бейімделген. Олардың қоныс өзгертуі ауа райына байланысты. Еті үшін қырылған киік, кейінгі жылдары мүйізі үшін де атыла бастады. Бір жылдары көше-көшеде «киік мүйізін сатып аламын» деген жарна­ма­лар да толып кеткен бола­тын. Әрине, ескі-жаңасына қарамай қабылданған мүйіз­дер Қытай асқаны да мәлім. Одан дәрі жасалады-мыс. Әжептәуір бизнес көзі­не айналдырғандар да болды. Ал қазір еріккен, өздерін дала батыры санаған «бра­ко­нь­ер­лер» оны оңды-солды ныса­наға алуды мақтаныш көреді.
Жақында ғана «Охотзо­о­пром «ӨБ» республи­калық мемлекеттiк қазыналық кәсіпорнының» қызметкер­лері киіктерді заңсыз аулау дерегін анықтады. «Аңшы­лық­ты ұйымдастырды» деген күдікке Қарағанды облысы аудандық полиция бөлімдері­нің бірінің полиция капита­ны ілінген. Аумақтағы арна­йы рейд кезінде Нұра ау­да­­нында «Жанбөбек» ша­ғын ауылынан бірнеше ша­қы­­рым жерде табиғатты қор­ғау инспекторлары екі Toyota Land Cruiser көлігін байқай­ды. Екеуі де жүруге жарамсыз екен: біреуінің сол жақ алдың­ғы дөңгелегі алынып тас­талған. Көліктердің қай­дан келе жатқанын білу үшін инспекторлар ізге түсіп, даладан 18 атылған киіктің денесін тауып алады.


Браконьерлердің бірін іздеп табуға Шұбаркөл ауыл­дық округінің учаскелік инс­пек­торы көмектескен. Олар Алғабас ауылына жетіп, сол жерде учаскелік инс­пек­тор қызметін атқарушы полиция капитаны М.Бралинов­тың қорасынан тағы 12 киіктің денесін тапқан.
Аталған оқиға бойынша сотқа дейінгі тергеулер жүргі­зі­ліп жатыр. Заңсыз аңшы­лық­қа тағы кімдердің қатыс­қаны анықталады. Қыл­­­мыс­­тық кодекстің «Заң­сыз аңшылық» бабы бойын­ша күдіктілердің ісі толық дәлел­денсе, олар 5 мың ай­лық есептік көрсеткіш көле­мін­де айыппұл төлейді немесе 5 жылға дейін бас бос­­тан­­­дығынан айырылады.
Ұсталғандар заң алдында жауап берер. Дегенмен түз та­ғысын браконьерлер қашан­ғы қыра бермек? Әлде, біз­де заң олқы ма? Санада көп сұрақ…

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*