БОЙКҮЙЕЗ БОЛСА, ЖАС БУЫН…

318
1
Бөлісу:

Елбасының Жарлығымен 2019 жыл – Жастар жылы деп жарияланды. Жаңа жыл басталды. Алғашқы аптасы мереке күндерімен сырғып өте шықты. Биыл қазақстандықтар 119 күн демалады екен. Ең қарқынды, ең серпінді деген жастарымыз не істей алады?

Отандық БАҚ өкілдерімен болған кездесу кезінде Пре­зидент Жастар жылына арналған бағдарламаны қабылдау қажет­тігін айтты. «Біз 2019 жылды «Жас­тар жылы» деп жарияладық. Ол турасында арнайы бағдарлама қабылдау керек. Жастарға не
ке­рек: бірінші – білім, екінші­ден – үйленетін болса үй-жай қажет. Жағдай жасалып, жұмыс берілуі тиіс. Төрт нәрсе. Содан кейін біз­де «Ауыл – ел бесігі», «Жасыл ел», «Патриоттық сарбаз» деген бағдарлама бар. Оларға арнайы жағдай жасап, жастардың қабі­летін көтеруіміз керек. Әсіресе, жасалып жатқан шаруаны, Қа­зақстанның Тәуел­сіздігін қадір­лейтін болар деп ойлаймын. Соған сенемін», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Жастар жылына арналған бағдарламаны кім қабылдайды? Ондай бағдарламаның жобасы, ең болмаса нобайы бар ма? Мемлекет басшысы жастар мен отбасы институтын қолдау шара­лары мемлекеттік сая­саттың басымдығына айналуы қажет деп атап көрсетті. «Жастардың бар­лық санатын қолдауға арнал­ған шараларды толық қамтитын әлеуметтік сатының ауқымды платформасын қалыптастыру керек», – деді. Жаңа бағдарлама жасалғанша, тұтас қабылданып, жүзеге асырылғанша тағы бір­неше жыл зу етіп өте шықпасына кім кепіл?
Ел жастарын толғандырған баспана мәселесі қалай шешіл­мек? Үйленуге келгенде тұрмыс тауқыметін алға тартып, тұра қашатын жастарға не дейміз? «Жағдайды» кім жасайды? Жа­лаңдап тұратын жастан гөрі ертеңіне алаңдап, басы салбырап жүретін жас буын неге көп?! Шешуші төрт мәселеге келгенде түйткіл жетерлік.
Бұрын шығармашыл жастарда өршілдік бар болатын. Алға ұмтылып, талпынып, таласып-тармасып, сірескен сеңді бұзып-жаруға ұмтылып тұратын. Қазір жастардың бұл санаты да бұйығы. Бойкүйез секілді…
«Нұр Отан» партиясы мен Қазақстан Жазушылар одағы арасындағы өзара ынтымақ­тастық туралы меморандум негі­зінде «Ұлы дала» шығармашылық конкурсы өтіп жатыр. Конкурсқа материалдарды қабылдаудың аяқталуына санаулы күндер қалды. Бір ғана Амангелді Кең­шілікұлы «Конкурсқа қатысып, 1 500 000 теңгені жеңіп алғыңыз келсе, асығыңыз. Жастар жылы аясында бұл конкурсқа 18 бен 40 жас аралығындағы қаламгерлер ғана қатыса алады. Талантты жастарды хабардар ету мақса­тында неғұрлым көбірек репост жасауларыңызды сұраймын», – деп әлеуметтік желіде шыр-пыр етеді.
Түрік ақыны Назым Хик­меттің «Мен жанбасам лапылдап, сен жанбасаң лапылдап, ол жанбаса лапылдап, Аспан қалай ашылмақ?» дейтін өлеңі бар еді. Қалың жасқа бір ауыз сауал тастағым келеді:
Тәуелсіздік – тірегің! Неге жабық жүрегің?!

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

1 пікір жазылған

  1. Қасымxан 12 Қаңтар, 2019 at 00:15 Жауап

    Ұлы дала жобасы аяқталуға санаулы күндер қалды дейсіз
    Ол жоба ережесінде kk.nurotan.kz сайтына өз жұмысыңызды сурет т.б жіберуге болады дейді.ал ғаламторда ондай сайт атымен жоқ бұл сонда қалай болғаны? Тель 87172 55 55 97 xабарлассақ көтермейді,көтерсе қойып қояды жұмысына жауапты емес.
    Бұл мекен жайға xатымызды ережеге сәйкес жібердік тәуекел деп xатымыз ашылама?ашылмайма деп уайымдайтын болдық осы әрекеттерді көргенсоң.

Пікір жазу


*