КЕЛ, ШАЙ ІШЕЙІК

707
0
Бөлісу:

Жастар үшін жаңа жылдың алғашқы жұмыс аптасы қайырымдылық шарасынан басталды. «Жас Отан» Жастар қанатының белсенділері аязда таңнан кешке дейін елорданың көшелерін қардан тазартушы қызметкерлерге ыстық шай ұсынды.

Белсенді жастар таңертеңнен шағын автобуспен қала ішін аралап, жұмыс істеп жатқан қызметкерлерге тіскебасар ұсы­нып, оларды шайға шақырды. Ал өздері жұмыс тоқтап қалмас үшін қолға күрек алып, жол жиегіндегі қарды тазалап, жаяу жүргіншілер жолын мұздан тазартуға кө­мектесті.
«Былтыр жастар Жаңа жыл мерекесі кезінде өзгелер демалып жатқанда жұмысы тоқтамайтын коммуналдық сала қызмет­кер­лер­дің жұмысына алғыс айту мақса­тын­да осы акцияны бастап еді. Кейінірек еліміздің жастары қосы­лып, әр аймақта ыстық шай беру ша­ра­лары көбейді. Әсіресе, Ас­та­на, Ақмола, Солтүстік Қа­зақ­стан, Шығыс Қазақстан секілді қы­сы қатты аймақтарда аяз кезінде бір топ жас көшелерге шығып, өз­ге­лерге көмектескені қуантады», – деді «Жас Отан» Жастар қана­ты­ның төрағасы Данияр Сүндетбаев.
Естеріңізге сала кетсек, акция Астана қаласында былтыр тура осы уақытта басталып, еліміздің барлық аймағында жалғасып еді. Жастар Жаңа жыл секілді отба­сы­лық мерекені әр адам жақын­дарымен қарсы алса дейді. Ал ол мүмкін бол­маған жағдайда жақсы адамдармен тойлап, мерекеде керемет көңіл күйде болу керегін алға тартады.
Қатысушылар үшін шараның ең керемет кезі қызметкерлердің күтпеген жерден пайда болған көмекшілерге шынайы күлкі сыйлап, алғысын жаудырған сәті екен. Қызметкерлердің арасында жәр­демші жастарға батасын беріп, күнделікті кездесетін қиын­дық­тарымен бөліскендері де болды.

Әбілмансұр ЖАСАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*