Жалаң ұран емес, жағдай керек

917
0
Бөлісу:

Атамұрат ШӘМЕНОВ,
экономика ғылымдарының докторы, профессор:

Жалаң ұран емес, жағдай керек

 

– Тағы бір жылдың парағы жабылғалы тұр. Бұл өткенге есеп беріп, алдағы жылға жоспар құрып, бол­жам жасайтын кез. Биылғы жеткен жетістіктеріміз қандай? Әттеген-айымыз қайсы?

– Иә, тағы бір жылды артқа салып, Қазақстан егемен ел қатарында әлемнің 190 мемлекетінің қа­та­рында нарықтық экономика жағдайында өз жо­лымен дамуда. Нарық демекші, экономиканың бұл түрінде әлем елдерімен интеграцияда болу шарт, ал бұл жағдайда әлемдік эко­номикадағы болып жатқан құ­былыстардан айналып өту мүмкін емес. Экономикада өсумен қатар дағдарыстар болып тұрады. Мұнда қалыптасқан онжылдық цикл да бар.

Сонау 2008 жылғы әлемдік эконо­микалық дағ­дарыс Қазақстанды да шар­пып өтті. Одан әйтеуір аман-есен өттік. Дағдарыс Америкадағы ипотекалық дағдарыстан басталған еді, ол әлемнің барлық дер­лік елін қамтыды. Ал өтіп бара жатқан жылдың да біздің еліміз үшін қиындығы аз болған жоқ. Оған себеп, көрші Ресейдің санкцияларға тап болуы. Жасыратыны жоқ, ең терең интегра­ция­ланған біз үшін, Еуразиялық эконо­микалық одаққа (ЕАЭО) мүше ел ретінде оның салқыны Қазақстанға да тиді. Американың және ЕО елдерінің санкция­ларының астарында саяси және әскери мүдделердің жатқаны жасырын емес.

Соңғы мәліметтерге сәйкес, ЕАЭО мемлекетте­рінің арасында Қазақстанның сыртқы сауда айналымында Ресей 92 па­йызды құрайды, сондықтан бұл мем­лекеттегі экономикалық жағдай біз үшін маңызды. Дегенмен өткен жылмен са­лыстырғанда, тауар айналымы 10 па­йызға өскенін көрсетеді.

Елімізде экономикалық өсімі ЖІӨ-нің 3,8 пайызы. Бұл көрсеткіш салыстырмалы түрде жақсы, өйткені өркениетті елдердің өзінде, яғни Еуроодақ мемлекеттерінде өсім орташа алғанда 1,9 пайыз ша­масында. Ең жоғары көрсеткіш Польшада – 4 па­йыз. Ал көп мемлекетте ол минусты көр­сетуде, олар – Дания, Эстония, Ирландия, Греция, тағы басқалары.

Ал енді әттеген-айға келсек, бұл біздің эконо­ми­кадағы шикізаттық бағыттан айыға алмай, ішкі мүм­кіндігімізді то­лықтай пайдаланбауымыз. Бастысы –  халқымыздың ең көп шоғырланған саласы ауыл шаруашылығының экономика­мыздың драйвері бола алмауы. Бұл салада бидайды экспорттаудағы жетістіктерді ғана айта аламыз. Ал мұны жетістік емес, бұл саладағы шикізат сатудың оңай жолы дер едім. Егер қаттырақ айтсақ, бұл – экономиканы мемлекеттік реттеудегі жетесіздік, оған жауапты министрліктің оңай жолмен жүруге тырысуы.

– Ел экономикасы мұнайға тәуелді екені рас. Сарапшылар алдағы уақытта мұнайдан түсетін түсімнің азаятынын да жоққа шығармайды. Елбасы Н.Назарбаев эко­номиканы әртараптандырып, қайта өңдеу саласына мән беруді үнемі айтып келеді. «Қазақстандықтардың әл-ауқа­тының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында да бұл мәселе назардан тыс қалған жоқ. Қайта өңдеу саласының еңсесін тіктей алмауына басты кедергі не?

– Мұнайдан түсетін түсім алдағы жылдары азая­тынын болжауға болады. Өйткені Америка президенті Дональд Трамп ОПЕК мемлекеттеріне мұнай бағасының өсуіне наразылығын білдірген болатын. Оған қоса АҚШ-та энергети­ка­ның басқа да балама түрлерінің бар екенін, яғни слансты көмір, тағы бас­қаларды ес­керсек, мұнай бағасының түсуі ғажап емес.

«Қайта өңдеу саласының еңсесін тік­тей алмауына басты кедергі не?» десек, оның себебі, біріншіден, мұнай өндірісін ұлғайтып, пайда табатын топтың үкімет деңгейінде протекционизмдік саясаты. Екіншіден, тұғырлы да, кешенді мемле­кеттік саясат­тың болмауы. Президент бұл мәселені тапсырды, ал атқарушы билік іле-шала жиналыс өткізіп, іс-шара жасаған болады және оны түсіндіріп ел жағалайды. Сонымен іс бітеді. Ал шындығында бұл жерде кешенді экономикалық реттеу механизмі жасақталуы тиіс. Мысалы, қайта өңдеумен айналысып, халық тұтынатын тауар шығаратын шағын бизнес үш жылға салықтан босатылып, жеңілдетілген несиелер, коммуника­циялық төлемдер болуы тиіс, ал оның жұмысының бақылауда болуы  шарт. Өйткені өндірілетін өнім сапалы болуы тиіс. Бұл жерде үкімет ұтылмайды, тауар шықса, ақша Қазақстанда қалады, жұмыс орындары ашылып, ондағы адамдардың әлеуметтік жағдайлары көтеріледі. Әрине, бұл жұмыстар атқарылмай, қайта өңдеу саласы жолға қойылмағандықтан бюд­жетке түсімнің тура жолы – шикізат сатумен айналысуға тура келеді.

– Елбасы Үкіметке өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдау мақ­са­тымен алдағы 3 жылда қосымша 500 мил­лиард теңге бөлуді тапсырды. Тауарды экспорт жасап, бюджетке ақша түсірген жақсы. Ал өзімізді қандай өнімдермен толық қамтамасыз ете алып отырмыз және алдағы уақытта тағы қандай өнімдермен қамти аламыз?

– Статистикалық мәліметтерге қара­сақ, бюджетке түсім негізі өнеркәсіптік шикізат және жартылай шикізат өнім­дерінен түсуде. Мысалы, минералдық өнім­дер биылдың бірінші жартысында экспорттың 74,1 пайызын, металл – 15,2, химиялық заттар – 3,1, ал егіншілік өнім­дері 3,7 пайызды құрады.

Әрине, елімізде көптеген өнімдер шығарылуда, олардың барлығының атын атап отыру мүмкін емес. Бізге жетіспейтіні күнделікті халық тұтынатын өнімнің аз шығарылуында. Әлемде синтетикалық тауардан гөрі табиғи затқа қызығушылық басым. Осындай жағдайда неге теріден жасалатын тон, аяқкиім, сөмкелер, бел­беулер, әртүрлі кәдесыйлар шығармасқа? Тері, жүн қазір ешкімге керек емес, оларды тастайтын жер де жоқ. Жүннен жасалатын костюм, жемпір, тағы басқа да бұйымдар неге жоқ? Бұрын жүн жинап, оны өңдейтін үш-төрт ірі зауыт, шұға комбинаты болды, солардың ізі бар, оны жандандыруға неге болмайды? Мұнай өндіреміз, неге оны бензин, жағар май, мазут есебінде өңдеп, қымбатырақ бағаға экспорттамасқа? Бидай сатудан әлемдегі елдердің алдыңғы қатарындамыз, неге тек ұн шетке шығарылады? Макарон, паста, нан сатсақ болмай ма? Бұл жерде де мемлекеттік реттеу қажет, бидай экспортының баж салығын бірнеше есе өсіріп жіберсең, өндірушілер қайта өңдеуге бет бұрады.

Бір сөзбен айтқанда, Үкімет пен Парламентке жалаң ұранның орнына экономикалық механизм жасап, оны заң түрінде рәсімдеп, тауар өндірушілерге жағдай жасау керек!

– Әр жылдың соңында бюджеттен бөлінген қаржыны игере алмай ұятты болып жатамыз. Бұл бюджетті дұрыс жоспарлай алмаудың салдары ма, әлде, «Түйе сұрасаң бие береді» деген қағиданы ұстанып, қа­жетті мөлшерден тыс қаржы алып қоямыз ба? Бюджетті дұрыс жоспарламай, қаржыны игере алмаған­дар қандай да бір жауапкер­шілікті мойнына ала ма?

– Қазақстан тарихында мемлекет бюджетін игере алмай, оны талан-таражға салған бір де бір министрдің отставкаға кеткенін немесе жауапқа тартылғанын есті­ген емеспін. Қатаң шара болмай, бұл босбел­беу­шілік жалғаса бермек. Сонымен қатар сырттан келген ин­вес­тицияны, халықаралық банк қаржыла­рын игере ал­май қайтарып жатқандар бар. Мысалы, ғылымға бюд­жеттен ақша аз деп жар саламыз, ал Білім және ғы­­лым министрлігі болса Әлемдік банктің иннова­ция­ға берілген қаражатын игере алмай, кері қайтарып отыр.

– Бізге қолайлысы ислам банкингімен жұмыс істеу екені жиі айтылады. Оның іске асырылуы қаншалықты деңгейде?

– Ислам банкингінің принциптері қа­зақтарға қолайлы, өйткені несие пайызсыз беріледі және банк қызметкері алған қаражатыңызды тиімді жұмсауы­ңызға қатысады. Еліміз егемендік алған сонау тоқса­ныншы жылдарда Ал-Барака банкі жұмыс істеді, онан кейін де бірнеше банк экономикамызға кірді. Қазір Аль Халял банкі жұмыс атқаруда. Ол тек ірі жоба­ларды қаржыландыруға қатысуда. Ал енді үкіметіміз Ислам банкін жеке тұлғаларды, әсіресе агроөндіріс саласын несиелеуге бағыттауы тиіс.

– Келер күннен үміт күтетін халықпыз ғой, алдағы жылдан қандай жақсылықтар күтуге болады?

– Қазақстанның ұстанып отырған ­көп­векторлы саясатының мәні зор. Бас­тысы – елде тыныштық пен тұрақтылық­тың болуы. Міне, осындай жағдайда елге шетел инвестициялары келіп, экономи­каның өсуіне әсерін тигізбек.

Тағы бір фактор, бұл – АҚШ-тың Қа­зақстанмен қарым-қатынасты одан ары жақ­сартуға мүдделі екенін мәлімдеуі. Бұл – жақсы нышан, өйткені Ресеймен қосарланып санкцияға ел экономикасы түсіп жатса, ол жақсылыққа апармасы айқын.

Осы ретте қай салаларға аса мән беруіміз керегіне тоқтала кетсек:

Біріншіден – жаңа аграрлық саясат қажет. Қазіргі аграрлық саясат пен талап бес жыл ішінде еңбек өнімділігі мен өңделген өнімдер экспортын 2,5 есе ұлғайту болып тұр. Еңбек өнімділігі деген не? Экономикалық сөздіктерге көз жүгіртсек, «Өндіріс процесінде еңбектің тиімділігі. Өнімнің уақыттың бір өлше­мінде өндірілген өнім көлемімен өлше­неді» делінген. Еңбек өнімділігі өндіріс шоғырланған үлкен кешендерде немесе өнім шығаратын зауыттарда маңызды, ал макроэкономикалық көрсеткіштер нарық кезінде негізі ішкі жалпы өніммен өлше­неді. Бірақ біздің Ауыл шаруашылығы министрлігі өз көрсеткіштерін жалпы өнім мөлшерімен бағалайды. «Жалпы өнім» және «Жалпы ішкі өнім» деген түсініктің айырмашылықтары бар. Жалпы өнім экономика саласында бір кезеңде өнді­рілген өнімнің (шығыстар мен шығындар шегерілмеген) ақшаға шаққандағы көлемі, ал жалпы ішкі өнім белгілі бір уақытта елдің территориясында өндірілген тауар­лардың жалпы нарықтық құны. Жалпы өнім кеңестік дәуірдің пайдаланған статистикалық көрсеткіші, ал нарықтық кезеңде өлшем ЖІӨ болуы керек.

Ауыл шаруашылығы министрлігі бес жылдан кейін еңбек өнімділігі артығымен орындалды деп ақпарат береді, оны тексеру мүмкін емес, сол сияқты өңделген өнімдер экспорты он есеге көбейді дейді, өйткені қазір бұл жұмыс нөлдің ар жақ-бер жағы. Ал халықтың дастарқаны онымен толмасы анық. Менің түсінбейтінім – біздің АШМ-нің экпортқа өнім шығаруға мүдделілігі, шындығында әр елдің басты мақсаты басқаша, ол – елдің азық-түлік қауіпсіздігін сақтау, олай болмағанда, ел тәуелсіз мемлекет бола алмайды!

Ал енді өңделген өнімдер экспортын ұлғайтуға келсек, мұнда да құйтұрқы әрекеттер болып жатыр. Осы күнге дейін Қазақстаннан экспортқа шығып жатқан өнім – ол бидай, аздаған ұн, мал басы. Терең өнделген өнімдердің экспортталып жатқанын естігенім жоқ. Мысалы, Ита­лияға пицца жасауға сапалы әрі дәмді тың өңірі бидайынан жасалған дайын жайма неге шығармасқа? Қазы, шұжық ­Фран­цияға неге жөнелтілмейді? Емдік қасиеті бар қымыз, шұбат неге Еуропа елдеріне экспорт жа­салмайды? Оның ор­ны­на Алматыдағы Есентай Молл сауда орта­лығында Германиядан әкелінетін бір бөл­кесі 1,5 мың теңге тұратын нан сатылуда.

Жалпы ауыл шаруашылығының даму деңгейіне берілетін баға азық-түлік пен та­ғамдардың бағасы, оған халықтың қол­же­тімдігі және импорттың үлесі болуы тиіс.

Екіншіден, статистикадағы әсерлеу. Жалпы эконо­микада дұрыс шешім қабыл­дануы үшін статистикалық мәліметтер шынайы болғаны дұрыс.

Атқарушы органдар экономикадағы әсерлеу дағдысынан айықпайынша, шынайы өмір мен қағаздағы көрсеткіш­тердің арасы алшақтай бермек. Бұған мысал, қоғамда айтылып жүрген орташа айлық мөлшері және тағы басқалар.

Үшіншіден, орындаушылық тәртіпті жақсарту. Елбасымыздың Жолдаулары мен басқа да тапсыр­маларында халықтың көңілінен шығатын көптеген мәселелер айтылуда, бірақ оның орындалуы көп­ші­ліктің көңілінен шықпайтыны рас, сондықтан осы  проблемамен Президент Әкім­шілігі түбегейлі айналысып, жа­риялылық жасап отырса деймін. Сонымен қатар реттелу түрінде өтіп жүрген барлық деңгейдегі әкімдердің халық алдындағы есептерінің форматын өзгерту керек, бұл жерде әлеуметтік желінің мүмкіндігін терең пайдаланған дұрыс.

Төртіншіден, экономикада сауда, қызмет көрсету жұмыстарынан тауар өндірісіне бет бұру. Ел эконо­микасы сауда-саттық кейіпке түсіп, тауар өндіруге аса мән берілмеуде, сондықтан «күріш пен күрмекті» айыра біліп, шағын бизнесте отандық тауарларды өндірушілерге жеңілдік жасауды күтеміз. Сонымен қатар кәсіпкерлерді тексермеу саясатын теріс пайдаланғандар сапасыз тауар шығарып, тек пайда қуып кеткендей. Үкіметтің басты міндеті қарапайым халықтың мүд­десін қорғау, сондықтан адам пайда­ланатын өнімдерді шығару бақылауда болғаны жөн. Сол сияқты сырттан келетін сапасыз өнімдерге тосқауыл қойылуын күтеміз.

Бесіншіден, миграция мен жұмыспен қамту. Біздің ел келімсектердің ордасы болып кеткендей. Мигранттар бұрын полициядан қаймықса, қазір ешкімді елемейді. Қызметтері арзан емес, еліміздегі жұмыс орындарын иеленіп, ақшасын өз мемлекет­теріне асыруда. Ол – миллиард­таған сома. Сонымен қатар ішкі миграция, яғни оңтүстіктің солтүстікке көші. Бұл өте маңызды, бірақ саябырсып қалған сияқты, оның жаңа деңгейде жалғасын табуын жұмыс іздеген халық күтеді.

Бізде бағдарламалар мен реформалар көп, оның бастысы – өткенде қабылданған Конституциялық реформа. Сондықтан Парламенттен өздеріне жүк­телген Үкі­мет­тің жұмысын бақылауды пәрменді түрде жүргізуді және Үкіметтен тек Президент тапсырма­ла­рымен өмір сүр­мей, халықтың әлеуметтік-эконо­ми­калық жағдайын түзеуге шынайы кірісуін күтеміз.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан
Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*