Сыр сандықтың кілтін ашқан cырлы сұхбат

327
0
Бөлісу:

Редакцияға күн сайын қаншама хат-хабар келеді. Әсіресе, оқырмандар газетте жарияланған мақалаларды талдап, ұсыныс-пікірлерін айтып жатады. Осындай хаттың бірі, газетіміздің тұрақты оқырманы, «Агро Шоқай» шаруашылығының жетекшісі Сембек Пірімқұловтан келді.

«Құрметті «Айқын» газетінің ұжымы! Қолыма еріксіз қалам алдырған «Өлеңнен дауа тапсаң – жанның рақаты сол» («Айқын» №175 (3434) 17 қараша  2018 жыл – ред.) сырға толы сұхбаты еді. «Сөздің серті» айдарымен жарық көрген  талантты  журналист Гүлзина Бектастың жүрегі нәзік гүлдей, сегіз қырлы бір сырлы сыршыл ақын Сағыныш Намазшамовамен сұхбаты еріксіз толғандырды. Менің екі қызға жоғары баға беруімнің себебі, патша көңілді оқырман ретінде шынымды айтсам, көптен бері өзіме осындай тұшымды ойды, өткір сөзді жүрегіме дарыта алмай, таппай, табылса да, дәрумен жетпейтін жандай беймаза ойда жүр едім. Сұхбаттағы «Өлеңнен дауа тапсаң – жаныңның рақаты сол» дегеннің өзі неге тұрады? Сыр сандықтың кілтін ашқан қос бұрымдының сұхбатында өте тұшымды, әсерлі, көңілді толқытар ойлар жақсы тең өрілген. Сұңқар мен тұлпардың тең келуі, бірі алысты шолатын, ұшқыр ойлы, биікте ұшатын болса, екіншісінің төрт аяғы тең, жайлы жорға жүрісті, сөзі сезімге толы, өлеңі шабытты, шабысты ақын.  Бұл – ақынның шығармашылығына жүрегімнің бағасы, таразысының өлшеуі мен қалауы, шешімі. Оның шығармашылық жұмысы өз алдына бір төбе болып көрінсе, поэзия әлемінде жаны нәзік ақын қыздың сұлу күзге махаббаты – оның ішкі жан дүниесі лирикалық сезімге бай екендігін  көрсетеді.

Сөз соңында айтарым, «Айқынның» ұжымына шығармашылық табыс, жетістіктерге жете берулеріңізге тілектеспін. Оқырманы көбейсін!» – деп тілегін жеткізді Сембек Пірімқұлов.

Оқырман жүрекжарды лебізімен бірге ауыл ақсақалы Асқар Ақмырзаев пен Нағашбек Байғазиевтің әңгімесін редакцияға қоса жолдаған екен. Оқи отырыңыз…

Тіскебасар

Баяғыда үлкенді-кішілі екі бай бір жайлауда мал бағыпты. Орталарын бір жота төбешік ғана бөліп тұрған жерде екеуі күнде кездесіп, мал жаяды екен. Күз мезгілі. Шөптің басы қатайған, малдың бәрі шетінен балықтай семіз. Сол күндердің бір күні байлардың үлкені кіші бай інісіне қарап: «Інім, үйде еттің ада болғанына бірнеше айдың жүзі болды, ерінге қызыл тимегенге көп болды, сенің қойыңда пышаққа ілінетін, тіскебасар мал бар ма? – деп сұрапты өз малы оныкінен семізі көп болса да.

Міне, «өз малы көрінбеген көзіне, бұйырмаған өзіне» деген сөз осыдан қалған.

 

Теке  сойған  құдық

Баяғыда екі жігіт құдық қазумен өздерінің нәпақасын тауып жүреді екен. Бірде айдалада сауап үшін, жалпы елдің ризашылығын  алуға әрі дін мұсылманда мұндай жұмыс, ақыретте де жақсы игі болып саналатындықтан  екеуі құдық қазыпты. Бұларды көрген бір бай, күнде көп малын жайып, әңгімелесіп келіп-кетіп тұрады екен. Күндердің бір күнінде екі кедей жігіт: «Байеке, осы құдыққа сіздің атыңызды қосақ, біткен күні бізге бір қой сойып, сорпа-су ішсек», – деген ойын айтады. Құдық өз атымен аталатын сөзді естіген байдың жүрегі жарылардай қуанып, айналасындағы ел-жұртқа жар салып, біткен күні екеуін қой сойып шақыратынына уәде беріпті. Құдықтың жұмысы бітеді. Олар келер күні бай «осы сіңірі шыққан кедей жігіттерге қой емес, теке сойсам да жетер, ақыры құдық менің атыммен аталады әрі айналамдағы ел-жұрт хабадар» деген арам пиғылы бұзылып өзгереді. Екі жігіт ет жеп, сорпа, су ішіп, байға рақмет айтып, дастарқанға бата беріп кетеді. Екі жігіт жол-жөнекей құдықтың жайын сұраған елге: «байдың пейілі тарылды, қой соймай, теке сойды, өз сөзінен өзі тайып уәдеден  айныды, – деп жауап береді.

Содан бері естіген ел-жұрт құдықты байдың атымен атамай, «Теке сойған құдық» болып аталып кетіпті. Қазір ел ішінде мал іздеген, өріске жол, жөн сұрағандарға бағыт-бағдар бергенде «Теке сойған құдықтың…» деген сөзді тіркестіріп қосып айтады екен.

«Айқын» ақпарат

Бөлісу:

Пікір жазу


*