Ашылды да жабылды

248
0
Бөлісу:

Жыл ауысқан шақта «Не бітірдік, қандай іс орындалмай қалды?» деген сұраққа жауап іздейміз. Бұл – дұрыс. Өйткені өткенге есеп жасамай, болашаққа бағдар жасау қиын. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев жыл соңындағы бір жиында «Біз мыңдаған зауыт­тар ашамыз, бірақ солардың тиім­­ді­лігін неге көре алмай отыр­мыз?» – деп ел экономикасының өсіміне тежеу салған облыс әкімдерінің жұмысына көңілі толмайтынын білдірген. Ми­нистр­лер кабинеті басшы­сы­ның бұл жанайқайы жаңажылдық мерекелік көңіл күйдің астында қалып қойған жоқ па? Бұл пікірге қаншалықты байсалды қарадық? Әлде айтылған сөз айтылған жерде қалды ма?

Әсілі, егер ел жағдайын, эко­номикалық өсім мәселесін те­реңірек ойлайтын болсақ, бұл сөз үнемі жадымызда болуға тиіс. Бақытжан Әбдірұлының сөзін толығырақ келтірер болсақ, «Ауыл шаруашылығы немесе тамақ өнеркәсібі, басқа сала болсын, бәрінде тиісті өсімнің қол жет­кі­зілмегеніне бір сылтау табасыздар. Сонда басқа жұмыс жоқ па? Жү­йелі жұмыс қайда? Мыңдаған зауыт аштық деп ай­тып жатыр­мыз. Ал неге олардың бәрі еңбек өнім­ділігінің жоға­рылуына әсер етпейді? Сонда қандай зауыттар ашып жатыр­сыздар?» деген бола­тын. Бұл – Индустрия және ин­фра­құ­ры­лымдық даму министрі Жеңіс Қасымбектің баяндамасын тыңдағанда айтылған сөз.
Шынында да, анау жерде, мы­нау жерде зауыт ашылды де­ген ақпарат тарайды. Ендігі соның тиімділігін көретін кездің келгені рас. Бірақ неге еңбек өнімділігі көтерілмей келеді?
– Жобалар конкурсқа түседі, сол кезде дұрыс сарапқа салын­бай, таратып беріледі. Осынша миллиондаған қаражат жаңа жо­баларға таратылды деп қомақты сомалар айтылады. Сол жобадан қандай нәтиже түседі, осы жо­бадан қандай пайда болады де­генді бұл жерден көре алмайсың. Ең бірінші кезекте жоба осындай нәтиже береді деп барып кон­курсқа шығарса, онда нұр үстіне нұр болар еді, – дейді Тұран – Астана университетінің доценті Жангелді Шымшықов. – Мы­салы, Қарағандыда ауыл ша­руа­шылығы ұшақтарын шығаратын қандай керемет зауыт ашылып, оған қаншама ақша жұмсалып, оның соңы аяқсыз қалды. Шым­кентте кластер жасаймыз деп, өте тамаша жобаны қолға алды да, ол да соңына дейін жеткізілмей, орта жолда қалды. Бұл жерде осынша ақша игерілді дейді, ал одан қандай нәтиже түсті деген мәселе жоқ және «Одан нәтиже неге түспеді, оған кім кінәлі, ол қандай жауапкершілікке тартылуы ке­рек?» деген мәселе бізде мүлде жоқ. Бір жобадан екінші жобаға секіре береміз, секіре береміз, ал алдыңғы жоба қандай нәтиже берді немесе егер нәтиже бермесе кім кінәлі?» деп жауапқа тарты­лып жатса, сонда әркім өз ісіне анағұрлым жауапты қарар еді.
Кейінгі кезде қайта өңдеу са­ласына мән беруіміз керектігі айтылып келеді. Түрлі бағдар­ла­малар жасалуда. Бірақ орын­далуына келгенде неге кібіртіктей береміз? Жүйелі түрде жоспар құрып, ашылған өндіріс орында­рының нәтижелі жұмыс жасауына не кедергі? Қанша сынағанмен Кеңес одағы кезінде бесжылдық жоспарлар болып және оның орындалуына барынша жұмыс жасалатын. Қазір де жоқ деп ауыз­ды қу шөппен сүртуге бол­мас. Индустрияландыру, жол картасы сияқты бағдарламалар бізде де бар. Бірақ неге осы мәселеге келгенде тығырыққа тіреле береміз?

Мұндай саясат не үшін керек? Ізін жасыру үшін керек. Біреуі келіп бастаған істі екіншісі жалғастырмайды. Өйт­кені, біріншісі есеп берген жоқ. Ол өз бетімен кетті. Содан кейін жаңа келген қызметкер жаңа жоба жасап, оған тағы ақша бөлінеді. Бұл да біраздан кейін кетіп қалады. Осындай уақытша басқару – барып тұрған сора­қылық.

– Тығырырыққа тіреле бе­руіміздің басты себебі – ешкімді жауапкершілікке тартып жатқан жоқпыз. Онсыз ештеңе өнбейді. Әркім өз міндетіне алған іске жауап беруі керек және нәтижесін жұртқа жария етіп, «Міне, осын­дай нәтижеге жеттік» деп ашық көрсетуі тиіс. Бізде көбіне «Осын­ша ақша бөлінді, осынша ақша жұмсалды» деп құрғақ сандарды тізіп береді. Ал ар жағында не жатқанын ешкім ашып көрсет­пейді. Ол нәтиже бермеген жағ­дайда кім кінәлі деген сөз жоқ. Міне, сондықтан да жоба тиісті бір адамға берілді ме, одан ертең нақты жауап алыну керек. Сонда нақты нәтижесі көрінеді. Соған бағытталуға тиіспіз. Оған бағыт­талған жоқпыз. Кеңес одағы кезінде жалпы өнім көлемі деген болған. Тиімділік, пайда деген бар. Соның коэффициенттерімен неге жобаны алдын ала бер­мей­міз? Кейін сол коэффициенттерді, көрсеткіштерді неге талап ет­пейміз? Индикатор деген бар. Бізде осы индикаторсыз жоба додаға түседі. Додадан әйтеуір біреу әртүрлі жолмен, көбінесе астыртын жолмен жобаны қолға түсіреді. Сосын жобаға ақша бөлінеді және жұмсалады, ал нәтиже жоқ. Өйткені нәтижеге бағытталған индикатор немесе көрсеткіш деген атымен болмай отыр, – дейді экономист Жангелді Шымшықов. – Қызметтік ауыс-түйістер жиі болып жатады. Мысалы, бір министр қолға алған, елді елең еткізген жобаны, екіншісі келіп жоққа шығарады да, өзінше басқа бір жоба ойлап тауып, соны іске асырғысы келеді. Әлгі басталған жақсы іс аяқсыз қалады. Мұндай саясат не үшін керек? Ізін жасыру үшін керек. Біреуі келіп бастаған істі екіншісі жалғастырмайды. Өйт­кені біріншісі есеп берген жоқ. Ол өз бетімен кетті. Содан кейін жаңа келген қызметкер жаңа жоба жасап, оған тағы ақша бөлінеді. Бұл да біраздан кейін кетіп қалады. Осындай уақытша басқару – барып тұрған сора­қылық. Ол Үкіметтен алған тап­сырмасынан белгілі бір кезеңде оң нәтиже шығарғанша отыруы керек. Тапсырмасын орындап, бітіргеннен кейін басқа қызметке ауыстыруға болады. Ал орын­дамаса, қозғамау керек. Себебі ол өз мойнындағы міндетін әлі толық атқарған жоқ. Ал мүлдем орындай алмаса, басқа әңгіме.
Түптеп келгенде, еңбек өнім­ділігінің артпауына, жаңа зауыт­тардың нәтижелі жұмыс істе­меуінің артында әрбір адамның өз мойнына алған жұмысына жауапсыздығы жатыр екен. Сондықтан салғырттық таны­татын кездің артта қалып, жауап­кершілікті сезінетін сәт келгенін айтқымыз келеді.

Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*