Ойнақтады. Отау бұзды

269
0
Бөлісу:

Отбасы – асыл құндылықтардың алтын бесігі, әр азаматтың қасиетті қара шаңырағы, гүлдей нәзік сезімдер жайқала өсер шұрат. Қоғамдық даму министрлігінің мәліметінше, Қазақстанда шамамен 5 миллион 97 мыңдай отбасы бар. Жаһандану ұстынын шайқалта бастаған бұл институт дәл қазір мемлекеттік деңгейдегі қолдауды қажет етіп отыр.

«Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жүргізген әлеуметтік зерттеулер қорытындысы көр­сеткендей, қазақстан­дық­тар­дың 90,2%-ы үшін отбасы, ба­лалар және ата-ата – басты құн­дылық. Алайда сонымен бірге, Статистика комитетінің де­регінше, республикада ажы­расулардың деңгейі өте жоғары: әрбір үшінші неке күйрейді. Сорақысы сол, бұл ақырғы ме­же, түп-тұңғиық та емес: Пав­ло­дар, Қостанай, Солтүстік Қа­зақ­стан облыстарында әрбір екінші неке артынша ажы­ра­сумен тынады екен.
Әлеуметтік зерттеулерге сәйкес, ажырасулардың негізгі себептері қатарында баспана­сыздықпен байланысты қиын­дықтар (71%-ында), қаржылық проблемалар (60%-ында), отбасы үшін уақыттың жетіспеуі (30%), балаларға арналған тауарларды сатып алуға қатысты қиындықтар (23%) аталады. Ал шиеленіс көзіне айналған ері­нің не әйелінің ата-анасымен қарым-қатынастағы қиын­дық­тар барлық ажырасулардың 21%-ына себепкер болыпты.
Кейбір отбасылар кикіл­жіңнің торына түсіп, зорлық-зомбылықтың орына жығы­лады. 2018 жылдың қаңтар-қараша аралығында 343 әйел мен 13 бала өз шаңырағында соққыға жығылып, өлімші жағдайға душар болған. Бірақ бұл полиция шақырылып, ішкі істер органдарында тіркелген жағдайлар ғана. Тиісінше, қан­шама отбасылық-тұрмыс­тық күш қолдану деректері жабулы қазан күйінде қалады. Оның ішінде адуынды әйелінен аяу­сыз таяқ жейтін бәзбір ынжық ерлердің де оқиғалары жасырын жатыр.
Сарапшылар отбасыдағы келісім мен бейбітшілікке, тү­сіністік пен сүйіспеншілікке ба­лаларды мектеп жасынан бау­лу керек деген байлам ай­тады. Кеңес кезінде жеңгелер институты жойылғалы бері қа­зақ­стандық талай бойжеткен мен бозбала «өмірде бәрін та­тып көру керек» дейтін жа­уап­сыз әрі кесапат ұстаным жете­гінде кеткен.
Жасыратыны жоқ, қазақ­стандық жасөспірімдердің жы­ныстық мәдениеті де өте төмен деңгейде. Денсаулық сақтау ми­­нистрлігі мен UNFPA (БҰҰ-ның халықтың қоныстануы са­­ласындағы қорының) бірлес­­кен зерттеуіне жүгінсек, қазақ­стандық жасөспірімдердің
8,4 пайызы өзінің сексуалды өмірінің алғашқы тәжірибесіне 14 жаста қол жеткізгенін айт­қан. Ал 33 пайызы бұл өріске
15 жаста алғаш аяқ басыпты. Көрпе асты ойындарына бой ұрған ер балалардың жартысына жуығы, нақтырақ айтқанда 41%-ы екеу және одан көп тө­сектес қызы барлығын хабар­лаған және оларды бейберекет жыныстық байланыстардан қауіпті дерттер жұғуы мүмкін­дігі мүлдем алаңдатпайтыны анықталған.
Бұл ретте 19 жасқа дейінгі сексуалды белсенді жасөспі­рімдердің әрбір үшеуінің тек біреуі (28,6%-ы) ғана контра­цепция құралдарын пайда­ла­нады. Салыстыру үшін айталық, еліміз ұмтылып отырған да­мы­ған елдерде, мысалы, Нидер­лан­дыда бұл көрсеткіш 93,3%-ға, ал бұрынғы Кеңес одағының бір республикасы – Эстонияда 86,4%-ға тең. Салдарынан, Қазақстанда қыздар арасындағы ерте жүк­тілік ЭЫДҰ-ға кіретін дамыған елдерге қарағанда, 6 есе жиі кездеседі. Қынжылтатыны сол, әрбір бесінші жүктілік жасанды түсік тастаумен, абортпен аяқ­талады. Бұл кесірлердің бар­лығы кейіндері отбасылардың ыдырауына ықпал етіп жатады.
Әрине, «қоғамның шағын бөл­шегі» саналатын отбасы­лар­дағы мұндай ахуалға билік бей-жай қарап отыра алмайды. Өйт­кені қоғамдағы ауызбір­ші­лік пен келісім әр отбасыдағы ынтымақ пен татулықтан бастау алады.
Осы орайда Қоғамдық даму министрлігі 2019-2024 жылдар­ға арналған «Отбасыны қолдау және дамыту жөніндегі жол картасының» жобасын әзірлеп шықты. Құжаттың негізгі ба­ғыттары қатарында азамат­­тар­ға отбасы құру кезеңінде қол­дау көрсету және жастарды отбасылық өмірге кешенді дайындау, позитивті ата-ана болуға жағдай жасау және ұлт­тық дәстүрлер мен қоғамдағы жаңғыру процестерін ескере отырып, лайықты ана және әке болу мәдениетін қалыптастыру, балалықты қорғау және бала­лардың отбасыда тәрбиеленуін қамтамасыз ету, қиын өмірлік жағдайға тап болған және ажы­расу кезеңінде тұрған отба­сы­ларға қолдау көрсету, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, отбасы мен қоғамдағы қарт адамның мәртебесін кө­теру және басқалары бар. ­Жал­пы алғанда, жол картасы ­65 тар­мақтан тұрады.

Сарапшылар отбасыдағы келісім мен бейбітшілікке, тү­сіністік пен сүйіспеншілікке ба­лаларды мектеп жасынан бау­лу керек деген байлам ай­тады. Кеңес кезінде жеңгелер институты жойылғалы бері қа­зақ­стандық талай бойжеткен мен бозбала «өмірде бәрін та­тып көру керек» дейтін жа­уап­сыз әрі кесапат ұстаным жете­гінде кеткен.

– Жол картасы отбасы құ­рудың барлық кезеңінде ке­шенді ведомствоаралық жұмыс жүргізуді қарастырады. Атап айтқанда, бұл жұмыстар некені тіркеу туралы өтініш беруден бастап, отбасыны баланың тууы кезеңінде, күйзелісті жағдай­ларда сүйемелдеуді, сондай-ақ егер ажырасуға жетсе, ерлі-зайыптыларды татуластыруды қамтиды, – деп түсіндіреді Қо­ғамдық даму вице-министрі Жұлдыз Омарбекова.
Мәселен, «некені тіркеу ке­зеңінде» жас жұбайлар арасында түсіндіру жұмыстары жүргі­зілмек, арнайы ақпараттық кі­тапша-брошюралар тара­ты­лады. Одақтарының қан­ша­лықты мығым болатынына, тұрмыстық қиындықтарға тө­зім­ділігіне қатысты тестілеу, ойын түріндегі сынақтар ұйым­дастырылады. Оның барысын­да неке құрушы жұп, бір-бі­рінен не күтетінін қандай құн­ды­лықтарға берік болуға тиіс­тігін жақсы түсінулері керек.
«Баланың туу кезеңінде» отбасыны психологиялық және материалдық қолдауға мән берілмек. Айталық, жол карта­сында оқу орындары мен жас­тардың ресурстық орталықтары жанынан жас отбасылар үшін арнайы орталықтар құру қа­растырылған.
Ал қиын өмірлік жағдайға және ажырасу қатеріне ұшы­ра­ған отбасыларды қолдау үшін еліміздің шалғай елдіме­кен­деріндегі ерлі-зайыптыларға заманауи ақпараттық техно­логиялар көмегімен (скайп, телефон және басқалары ар­қылы) қашықтықтан кеңес беру жолға қойылады. Барлық дағдарыс орталықтарын, пана үйлерін (приют), аналар үйін бір ресурстық орталық аясында Қоғамдық даму министрлігі қанатының астында біріктіру ұсынылып отыр. Бүгінде Қа­зақстанның барлық өңір­лерінде 30-ға жуық дағдарыс орталығы, 17 пана үйлері жұмыс істейді. Бұдан бөлек, «112» бірыңғай call-орталығы арқылы дағдарыс жағдайында халыққа орталық­тандырылған түрде қызметтер ұсыну көзделеді.
Сонымен қатар жастармен бөлек жұмыс жүргізіліп, олар арасында отбасы мен некенің құндылықтары, баланы толық отбасыда тәрбиелеудің маңызы насихатталмақ. Сондай-ақ жы­ныстық мәдениетті қалып­тас­тыруға, репродуктивті денсау­лықты сақтауға, әлеуметтік жетімдіктің алдын алуға баса ден қойылмақ.
Отбасы институтын ны­ғайту, балалар құқығын қорғау, әйелдер мен қыз балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алу саласындағы әлеу­меттік маңызды жобаларды жүзеге асыру бастау алды. Дә­лірек айтсақ, 2019 жылы грант­тар аясында 12 жобаны жүзеге асыруға шамамен 120 миллион теңге жоспарланған. Жол кар­тасы аясында жаңа бастама­ларды қаржыландыруға 1 мил­лиард 527,8 миллион теңге бөлініп отыр. Бұған қоса, са­лалық министрліктердің, әкім­діктердің мемлекеттік әлеу­меттік тапсырыстары, сондай-ақ ақпараттық тапсырыс жол картасы мақсаттарына қайта бағдарланбақ.
Тұтастай алғанда, аталған жол картасын және 2030 жылға дейінгі «Отбасы және гендерлік саясат тұжырымдамасын» іске асыру нәтижесінде алдағы он жыл ішінде келесі көрсеткіш­терге қол жеткізіледі деп кү­тілуде: 2030 жылға дейін Қазақ­станда тіркелген некелердің саны жыл сайын 5%-ға артып отыруы қажет. Ал тіркелген не­келердің жалпы санындағы ажы­расулардың үлесі 2020 жы­лы – 32%-ға, 2023 жылы – 30%-ға, 2030 жылы 25%-ға дейін азай­тылмақ. Аборттардың коэф­фи­циенті әр 1 000 қазақ­стандық әйелге шаққанда 2020 жылы – 17-ге, 2023 жылы – ­15-ке, ал 2030 жылы 10 дерекке дейін кемуге тиіс.
Қазақстанда 2013 жылдан бері қыркүйек айының екінші жексенбісі «Отбасы күні» ре­тінде атап өтіледі. Отбасылық құндылықтардың нығаюымен бірге бұл мейрам да әрбір қа­зақтың ұлық мерекесіне ай­налса, абзал.

Айхан ШӘРІП 

Бөлісу:

Пікір жазу


*