ЖЕТІСТІККЕ ЖЕТУ ЖОЛЫ

493
0
Бөлісу:

«Нұр Отан» партиясының «Ұрпақтар сабақтастығы» партиялық жобасы аясында павлодарлық студенттер педагогикалық мамандықты таңдаған үш буын өкілдерімен жүздесті. Кездесу барысында мұғалімдердің жетістікке жетуінің сыры мен ұстаздық қызметтің өзекті мәселелері талқыланды. 

Павлодар түсті металлургия кол­леджінің коуоркинг орта­лы­ғында өткен басқосуға үш буын өкілдері – облыстық Ішкі саясат бас­қармасының басшысы Ернұр Дәуенов, Ақсу кентіндегі мектептің жас мұғалімі Әнуар Шәріпов және Павлодар мемлекеттік педаго­ги­калық университетінің 2-курс сту­денті Ақмарал Махаббат қонақ ретінде шақырылды. Меймандар ұстаздық мамандықты таңдаудың себебін түсіндіріп, оқу, еңбек жолының қыр-сырымен бөлісті.
Мәселен, бүгінде облыстық Ішкі саясат басқармасына басшы­лық етіп отырған Ернұр Нұрланұлы еңбек жолын мұғалімдіктен бас­таған. Дәуеновтер әулетінің басым бөлігі – ғұмырын балаларды оқы­тып-тәрбиелеуге арнаған жандар. Тарих пәнінің ұстазы болып біраз жыл қызмет атқарған Ернұр Дә­уеновтің шәкірттері облыстық, республикалық байқаулардан олжасыз оралмайтын. Ал 2013 жы­лы Ернұр Нұрланұлы «Респуб­ли­каның үздік педагогы» атанған еді. Кейін ұстаздық жолда жинаған тәжірибесі мен білімін мемлекеттік қызметте пайдалануды жөн көріп, әр жылдары аудандық білім беру бөлімдерінде, облыстық білім беру басқармасында басшылық қыз­метте болып, бүгінде аймақтың ішкі саясатына жетекшілік етуде. Білікті әрі жас басшы табысқа же­тудің сыры еңбекқорлық пен ізде­ністе деп біледі. Сондықтан бола­шақ әріптестеріне үнемі оқып, соңғы жаңалықтарға қанық болып, жетістікке жету жолында аянбауға кеңес берді.
Әнуар Шәріпов қолына дип­лом ала сала ауылда еңбек етуге асықты. Мұндай қадам жасауының себебін ауылдық мектептердегі білім деңгейін арттыруға үлес қо­суды қалайтынымен байланыс­тырды. Тарих пәнінен сабақ бе­ретін ол бүгінгі күні елді мекендегі оқу орындарында өскелең ұрпақ­тың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған деп есептейді. Тек ұстаз баланың бойындағы ұшқын мен құлшынысты байқап, зама­науи әдіс-тәсілдерді қолдана алса болғаны. Бұл ретте жас пе­дагогтың қысқа мерзім аралы­ғында бірқатар табысқа жеткенін атап өткен жөн. Солардың бірі – республикалық Е.Бекмаханов сыйлығының иегері атануы. Ақ­марал Махаббаттың әзірше пе­дагогтық тәжірибесі жоқ. Ол ­жо­­ғары оқу орнының екінші ­кур­сында оқиды. Бүгінгі күні мұғалім маман­дығын таңдай­тын түлектердің қа­тары қалың емес. Ал Ақмарал ұстаз болуды бала кезінен армандапты.
– Успен ауданындағы орта мектепте білім алдым. Сол кезде мұғалімдердің сабақ беру тәсіліне, сөздік қолданысына, бастысы ең­бекке, балаларды оқытуға деген құлшынысына қарап қызыға­тын­мын. Сондықтан мамандық таң­дауда қиналған жоқпын. Мектеп қабырғасында жүргенде-ақ мате­матика пәнінің мұғалімі боламын деген мақсат қойдым. Бүгінде сол мақсатыма жету үшін қарышты қадамдар жасаудамын. Көпшілігі «математика қиын пән ғой, оны неге таңдадың?» деп жатады. Бі­рін­шіден, математика – ғылым­дар­дың падишасы, екіншіден оқушы­лар­дың басым бөлігі «бас ала қа­шатын» осы пәнді қызықты өт­кізіп, шәкірт­терді тартып, олардың математи­калық сауатын арттыр­ғым келеді. Себебі, бүгін күнделікті өмірдегі тыныс-тіршілігіміз есеп-қисапқа тікелей байланысты, – дейді ол.
Кездесуге қатысқан Павлодар түсті металлургия колледжі мен Павлодар мемлекеттік педагоги­калық университетінің студенттері көкейде жүрген сауалын қойды. Әсіресе, биылғы Жастар жылында облыста атқарылатын шараларды білмек болды. Облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов алдағы жоспар­лармен бөлісіп, әр студентті ша­раларға белсене қатысуға, ой-пі­кір­лерді ортаға салып, тың жобалар ұсынуға шақырды.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА, Павлодар облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*