САТЫП АЛУДАҒЫ ӨЗГЕРІС КІМГЕ ТИІМДІ?

263
0
Бөлісу:

Биылдан бастап мемлекеттік сатып алу саласында көп өзгеріс қолданысқа енді. Мемлекеттік сатып алу порталында сатып алуға қатысатын кәсіпкерлер веб-портал қызметі үшін ақы төлейді. Сатып алу қорытындысымен келіспегендер бұрынғыдай қалағанынша шағымдана алмайтын болды. Бір көзден сатып алудың шекті сомасы көбейтілді. Осы және өзге де өзгерістерді кәсіпкерлер қалай қабылдады? Жаңа заң нормалары кімге тиімді? Төменде осы сұрақтардың жауабын табуға тырыстық.
1 202 500 теңгеге дейін бір көзден алуға болады
Сонымен жаңа жылдан бастап «Қазақ­стан­ның кейбір заңнамалық актілері­не мемлекеттік сатып алулар және квазимем­лекеттік сектор нысандарын сатып алу мәселелері жөнінде өзгерістер енгізу туралы» заң күшіне енді.
Қаржы министрлігі Мемлекеттік сатып алу заңнамасы департаментінің директоры Сәбит Ахметовтің айтуынша, заңдағы түзету­лер мемле­кеттік сатып алу процесін жеңілдетеді.
– Біріншіден, бір көзден сатып алудың шекті сомасы 100 айлық есептік көрсеткіш­тен 500 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін ұлғайтылды (240 500 теңгеден 1 202 500 теңгеге дейін). Бұл маңызы төмен сатып алу процедураларын жеңілдетуге мүмкіндік береді. Бұл норма, негізінен бюджеті аса үлкен емес тапсырыс берушілерге (балабақ­шалар, мектептер, емханалар, ауруханалар, мәдениет үйлері, интернаттар, қарттар үйі) қатысты, – дейді департамент басшысы.
Оның айтуынша, ауыл әкімдіктері үшін бір көзден сатып алудың шекті сомасы 3 мың АЕК-ке дейін өседі (6 807 000 теңге). Аталған норма 2021 жылға дейін қолданы­ла­ды. Соған дейін мемлекеттік сатып алуды өткізетін ауыл әкімдері қызметкерлерінің тәжірибесі қалыптасады.
Жаңа тәртіпке сәйкес, тапсырыс беруші­лер баға ұсыныстарына сұрау салу арқылы сатып алу жариялағанда, тауардың фирма­лық атауын көрсету құқына ие болды (1 000 АЕК-ке дейінгі сатып алу немесе 2 450 000 теңгеге дейін). Бұл сапалы тауар сатып алуға мүмкіндік береді дейді заң авторлары.
– Бұл қазіргі уақыттағы баға ұсыныс­тары­­мен сатып алу кезінде сапасы жоқ тауар­ларды жеткізу проблемасына байла­ныс­ты. Яғни, бұл контрафакт өнiмдер. Мұн­дай өнім техникалық ерекшелікте көрсетіл­ген жалпы техникалық сипаттамаға сай кел­­генімен, тауарды қабылдап, пайда­лан­ған­­нан кейін олар жылдам істен шыға-
ды, – дейді ол.

Шағымға шектеу қойылды
Сатып алу саласындағы жаңа норма орталықтандырылған сатып алу қызметін жетілдіреді. С.Ах­метовтың сөзінше, сатып алудың бұл түрі қызмет органдары жұмыс істеп жатқан бірыңғай сатып алу құрылымының негізінде жұмыс істейді.
– Қазіргі уақытта облыстық және аудандық әкімдіктер бір­ың­­ғай сатып алу органдары арқылы сатып алатын тауар, жұмыс, қыз­меттер тізімін өздері бекітеді. Ал енді бірыңғай ұйымдастыру­шы­лардың сатып алуларын Қаржы министрлігі анықтайды. Осы­лай­ша, орталықтандырылған сатып алу қызметтерінің жұмысы нақ­ты­ланды. Бұған қоса, орталықтан­ды­рылған сатып алу қызметінің шең­берінде бірнеше сатып алулар­ды бір ірі лотқа біріктіруге мүм­кіндік беретін норма бар. Ол сатып алуды стандарттауға және биз­нес­тің өндірістік қуатын ірі көлемде жүктеуге мүмкіндік береді, – дейді С.Ахметов.
Яғни, орталықтандырылған са­тып алу қызметі органдары бір тапсырыс берушінің емес, бірнеше тапсырыс берушінің сұранысын қанағаттандырады. Мұның ерек­шелігі – сатып алудың ірі көлемінің арқасында тиімді баға мен үздік сапаға қол жеткізіледі, өндіруші­лермен тікелей мәміле жасау мүм­кіндігі артады, сатып алу рәсімін өткізуде шығындар азаяды, сатып алынатын тауар, жұмыс пен көр­сетілетін қызмет стандартталады.
Заңның тағы бір талабы – мем­лекеттік сатып алуға қатысу­шы­лардың біліктілігі мен жауап­кер­шілігін арттыру мақсатында жет­кізушіге «қаржылық тұрақтылығы» жөнінде жаңа біліктілік беріледі. Ол жеткізушінің төленген са­лық­тары мен айналымдағы негізгі қаражатының болуы, сондай-ақ еңбекақы төлеу қоры сияқты параметрлер арқылы анықталады. Бұл мәліметтер Мемлекеттік кіріс­тер комитетінің ақпараттық жү­йе­лерінен автоматты түрде алынады.
Қазіргі уақытта мемлекеттік сатып алу қорытындысымен ке­ліс­пей шағымданатындарды Қаржы министрлігі «кәсіби шағымда­ну­шылар» деп айдарлапты. Ми­нис­трлік өкілінің айтуынша, олар үшін шағымдану – мемлекеттік сатып алуды бұзудан заңсыз пайда табу құралы. Яғни, «кәсіби ша­ғым­данушылардың» сатып алуға қатысуға ниеті жоқ, бірақ олар өтінімдерді өзара қарау кезінде басқа қатысушылардың ақпара­тына қол жеткізу үшін өтінім бе­реді. Осындай жағдайды болдыр­мау үшін конкурсқа өтініш тап­сырмаған өнім берушіге басқа қатысушылардың құжаттарын қарауына тыйым салынады. Кон­курстық құжаттарды алдын ала талқылауға қатыспаған өнім бе­рушілердің шағымы қарал­майды. Үшінші тұлғалардың (сатып алуға қатыспағандар) шағымына бола сатып алу жеңімпазымен шарт жасау мерзімі тоқтатылмайды.

Goszakup.gov.kz порталы ақылы қызмет көрсетеді
Мемлекеттік сатып алуға қа­ты­сатын кәсіпкерлік субъектілері goszakup.gov.kz порталы (пайда­ланғаны) үшін ақы төлеуге мін­деттелді. Әлеуетті жеткізуші (кә­сіпкерлік субъектісі) мемлекеттік сатып алулар веб-порталына әуелі тиісті шарт жасап, қызмет ақысы төленген соң ғана кіре алады. Қызмет құны өтініштің ең жоғары құны (қатысу үшін жеткізуші таң­даған лоттардың жоспарлы со­масынан) немесе жасалып отырған шарт (шарттың жоспарлы сома­сынан) негізінде жасалады, шектеу әрбір өтінішке және шартқа жеке қолданылады. Веб-портал қыз­ме­тіне ақы жылына бір рет төленеді. Мемлекеттік сатып алу операторы – Электронды коммерция орта­лы­ғы ақша төлеу үшін реквизиттерін ұсынды. Қызмет көрсетуді мей­лін­ше бейімдірек ету үшін мемлекеттік сатып алулар веб-порталындағы жеке кабинеттерде «электронды әмиян» ашылып, оған ақша ауда­рылады, осы әмияннан қызмет­терге ақы төлеуге болады.
Сатып алуға қатысу үшін төле­нетін жарна сомасы сатып алу со­масына байланысты болмақ. Мә­селен, 1 миллион теңгеге дейін – жылына 1 АЕК (2019 жылы 1 АЕК 2 525 теңге), 10 миллион теңгеге де­йін – жылына 10 АЕК, 100 мил­лион теңгеге дейін – 20 АЕК, 1 мил­лиард теңгеге дейін – жы­лы­на 60 АЕК. Ал шексіз сома болса – жылына 122 АЕК төлеу міндет­телген.
– Сатып алу конкурсына қа­ты­суға өтінім берерде қатысу­шы­ның ақы төлегені тексеріледі. 1 мил­ли­он теңгеге дейінгі сатып алуға қа­тысатын шағын және орта бизнес 1 АЕК немесе 2,5 мың теңге тө­лейді. Бұл әрбір сатып алуға емес, жылына бір рет қана төленеді. Елімізде дәл осындай 37 мың 726 жеткізуші бар, – дейді.
Оның айтуынша, егер кәсіп­кер­лік субъектісі көрсетілген со­мадан асатын өзге де сатып алуға қатысқысы келсе, жетпей тұрған қаражатты ғана төлейді. Веб-порталды дамытуға және оған қызмет көрсетуге жыл сайын рес­публикалық бюджеттен шамамен 1,5 млрд теңге жұмсалады. Ал әлеуетті жеткізушілердің ақы төлеу жүйесі республикалық бюджетке түсетін жүктемені азайтады, яғни веб-портал өз шығынын өзі өтейді. Мұндай тәжірибе Ресей мен Грузияда бар.

Бір көзден алынатын ТЖҚ түрі қысқарды
Сыбайлас жемқорлық тәуе­кел­дерін төмендету мақса­тында бір көзден сатып алудың үлесі қыс­қарды. Яғни, бір көзден сатып алудың 53 негізінен 5-еуі алынып тасталды. Атап айтқанда, табиғат пайдалану құқығын сатып алу; бағалы қағаздарды, заңды тұлға­лардың жарғылық капиталындағы үлестерді сатып алу; монетарлық қызметті, сондай-ақ Ұлттық қорды және Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының зейнетақы активтерін басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін сатып алу; Үкімет бекіткен тізбе бойынша Қазақстан халықаралық шарт­та­рына сәйкес, сондай-ақ Қазақ­стан­ның мүшесі саналатын ха­лықаралық ұйымдар қаржы­лан­дыратын инвестициялық жо­ба­ларды іске асыру шеңберінде жү­зеге асырылатын тауарларды, жұ­мыстарды, көрсетілетін қызмет­тер­ді сатып алу; Қазақстан халқы­ның мәдени мұра нысанын (тарих және мәдениет ескерткішін) сақ­тау жөніндегі жұмыстардың жүр­гізілуіне техникалық және автор­лық қадағалау жүргізу бойынша көр­сетілетін қызметтерді сатып алу түрлері бір көзден сатып алынбайды.
Бір көзден сатып алуды қыс­қартудың тағы бір жолы – биылдан тапсырыс берушілер сатып алу өткізілмеген жағдайда, қайта өткізуге міндеттелді. Яғни, сатып алу өтпеді деп, бір көзден алуға шек қойылды.
Ішкі істер министрлігі қыл­мыстық-атқару жүйесінің «Еңбек» кәсіпорындарына бір көзден сатып алу барысында қосалқы мерді­герлерді тартуға тыйым салады. Бұл норма «Еңбек» кәсіпорын­да­рының мемлекеттік тапсырысты тікелей алып, сотталғандарды жұ­мысқа орналастырудың орнына тап­сырысты қосалқы мерді­гер­лерге беруінен кейін енгізіліп отыр.
Конкурстық комиссия мүше­леріне де жауапкершілік күшейді. Конкурсқа қатысушылардың өтініштерін уақытылы қарамаған комиссия мүшелері әкімшілік жауапкершілікке тартылады.
Ал квазимемлекеттік сектор­дағы сатып алуда қандай өзгеріс бар? Мемлекет басшысының тап­сырмасы мен депутаттық са­уал­дардың шеңберінде квази­мемле­кеттік сектордың сатып алу қағи­даларын бұзғаны үшін квазиме­м­лекеттік сектор қызметкерлері әкім­шілік жауапкершілікке тар­тылады. Бұл саладағы барлық сатып алу электронды форматқа көшеді.

Кәсіпкерлер ақы төлеуді қолдай ма?
«Атамекен» ұлттық кәсіпкерлік палатасы аталған заң жоба тал­қыланып жатқанда-ақ веб-портал қызметіне ақы төлеуге қарсы екенін білдірген. Осы мәселе бо­йынша палатаның баспасөз қызметіне хабарласқанымызда, «Атамекен» ұстанымы өзгер­мегенін білдік.
«Атамекен» ҰКП Мемлекеттік сатып алу жөніндегі уәкілетті ор­ганның атына бизнес қоғам­дас­тықтың пікірін ескеріп, Мәжіліс депутаттары ұсынған порталға ақы төлеуді енгізумен келіспейтінін жеткізді. Заң жобасын талқылау кезінде Қаржы министрлігі Мем­лекеттік сатып алу веб-порталы қызметтерін пайдаланғаны үшін төлем белгілеу мәселесі бойынша үш балама нұсқа ұсынған-ды: біріншісі – мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландыру жүйесін қалдыру, екінші – сатып алу же­ңімпазынан төлем алу (жасалған шарт­тың сомасынан 0,1 пайыз, бірақ 250 АЕК-тен аспайтын мөл­шерде төлем белгілеу ұсынылды). Үшіншіден, барлық әлеуетті жет­кізушілерден жылына 2 АЕК көлемінде тіркелген төлем белгілеу ұсынылды.
«Атамекен» бірінші баламада көрсетілген ұсынысты қолдады. Бастапқыда ақы алуға қарсы болдық, қазір де қарсымыз. Өйт­кені порталды пайдаланғаны үшін төлем енгізу – бизнеске қосымша қаржылық жүктеме. Оның үстіне, веб-порталда орналастырылған тарифтер әу баста Қаржы минис­тр­лігі ұсынған нұсқалардан айтар­лықтай ерекшеленеді», – дейді палата өкілдері.
Қалай десек те, заң күшіне енді, енді кәсіпкерлер қаласа да, қаламаса да ақы төлеуге міндет­телді. Ал кәсіпкерлер палатасы «Қаржы министрлігі Электрондық коммерция орталығының мем­ле­кеттік басқару органы ретінде веб-портал қызметі үшін төленген ақ­ша қаражатының жұмсалу ашық­тығын қамтамасыз етуі тиіс деп есептейді. Себебі, бұл шығыстар бизнеске жүктелген. Ал бизнес қаражаттың қалай пайдаланылып жатқанын білуі тиіс. Осыған бай­ланысты тоқсан сайын ақша қа­ражатын пайдаланғаны үшін түс­кен кірістер мен ақша қаража­ты­ның шығыстары туралы ақпарат­тың ашық көздерде жариялануын қамтамасыз етуі», – дейді.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*