ТАЛҒАРДАҒЫ ТАУ ТУРИЗМІ

357
0
Бөлісу:

Жетісу жеріндегі мемлекет­тік-жекеменшік әріптестік арқасында өңірде тау туризмін дамытуға бағытталған кезекті туристік жоба жүзеге асырылды. Талғар ауданы аумағында, Іле Алатауының қойнауында жылдың барлық мезгілінде жұмыс істейтін, отбасылық спортқа арналған «Ойқарағай» тау-шаңғы кешені ашылды.

Жалпы алаңы 85 гектар бола­тын кешенде бір күнде 5 мың адам таза ауада демалып, аппақ қарда шаңғымен зулап, шанамен және тағы басқа арнайы жабдықтармен сырғанай алады. Кешеннің сал­танатты ашылуына Алматы облы­сының әкімі Амандық Баталов, «Қазақ туризм» ұлттық компания­сының өкілдері және спортсүйер қауым қатысты.
– Мемлекет басшысы Алма­ты облысына жасаған жұмыс сапары барысында Жетісу өңі­рінде ту­ризм­нің кез келген түрін қолға алу­ға қажетті қолай­лық­тардың же­тіп артылатындығын ескертіп, осы бағытта нақты жұмыстарды жү­зеге асыруды тапсырды. Со­ның ішінде Ал­маты қаласы ма­­ңын­да орна­лас­қан аудандардың мүм­кін­дігін, Шымбұлақ пен Түр­ген шат­қа­лы­ның тау туризмін дамытуға қатысты әлеуетін тиімді пайда­лануға бас назар аударып келеді.
Жаңадан ашылып отырған за­манауи тау-шаңғы кешенін ай­туға болады. Мемлекет тарапынан тиісті қолдау жасалып, кешенге де­йінгі ­6,2 шақырымдық респуб­ликалық маңыздағы автокөлік жо­­лы күрделі жөндеуден өткізілді. Ин­вестор тарапынан кешенге 60 мил­лион АҚШ доллары мөл­ше­рін­де жеке­меншік қаражат салынды.
Бұл кешенде отбасымен бірге таудың таза ауасымен тыныстап, шаңғылармен және тағы да басқа арнайы спорттық жабдықтармен сырғанап, жақсылап демала ала­сыздар. Бағасы да көпшілікке қол­жетімді болады деп ойлаймын, –деген Амандық Ғаббасұлы облыс­та тау туризмін дамытудың тұр­ғын­дарды бұқаралық спортқа тарту мен саламатты өмір салтын насихаттауға үлкен үлес қоса­тындығына сенім білдірді.
Талғардағы тау-шаңғы ке­ше­нінің инвесторы, Alina компания­лар тобының президенті Ерлік Балпанбаев өз кезегінде жарқын бастамасының жүзеге асуына жан-жақты қолдау көрсеткен облыс басшылығына, «Қазақ туризмі» ұлттық компаниясы өкілдеріне алғысын жеткізді. Сонымен бірге, құрылыс барысында кәсіби тұр­ғыда тиімді кеңестер берген авс­трия­лық серіктестеріне, жобаны белгіленген мерзімде сапалы ор­ын­­­даған Alina компаниялар то­бы­ның мамандары мен құрылыс­шы­ла­рына разылығын білдірді.
Компанияның коммерциялық директоры Дмитрий Цойдың ай­туынша, кешен аумағында үр­лен­ген камералармен, скейтбордпен, шаңғылармен сырғанауға арналған және күрделігі әртүрлі 17 арнайы жолақ қарастырылған. Демалуға келгендер қажетті биіктікке ар­найы арқанды жолдармен көте­рі­леді. Шаңғымен сырғанауды үйренгісі келгендерді оқытатын, шетелден арнайы шақырылған мамандар жұмыс істейтін шаңғы мектебі бар. Кәсіби маман шаң­ғышылардан дәріс алғандар бірне­ше сабақтан соң-ақ өз беттерімен шаңғы тебе алатын болады. Еш алаңсыз және белсенді түрде демалғысы келе­тін кішкене балалары бар отбасы­ларға арнайы жылы бөлмелер ұйымдастырылған. Онда күні бойы балдырғандарға бас-көз болатын мамандар бар.
Кешен теңіз деңгейінен 1 500-1 800 метр биіктікте орна­ласқан. Қазіргі кезде істеп тұрған 13 шақырымдық сырғанау жола­ғын таяу жылдары 40 шақырымға дейін ұзарту да жоспарланыпты.

Болат АБАҒАН, Алматы облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*