Нобель. Қазақ даласы. Қара май

362
0
Бөлісу:

2006 жылдың көктемі еді. Редакциядан: «Атырау өңірінде туып-өсіп, әлденеше ұрпағы мұнай кәсіпшілігінде еңбек еткен Шырдабаевтар әулетінің аталмыш саладағы жалпы жұмыс өтіліне 936 жыл толыпты. Соны, яғни, қазақ даласында тұңғыш қара май өндіруші олардың аталары мен әкелерін, мұнай ұңғымалары және ондағы телімдерді басқарып жүрген балалары мен немере-шөберелерін қамтыған талдамалы мақала жазу керек» деген тапсырма алдым. Осы тақырыпты игеру үшін ізденіп, мұрағат материалдарын ақтарып жүргенімде, атақты Нобельдің ХХ ғасырдың басында Гурьевтегі мұнай өндірісіне байланысты кеңсе ашқаны туралы деректі көзім шалып қалды. Таңғалдым. Бұл мүмкін аталған сала мамандарына белгілі нәрсе шығар, бірақ журналист үшін үлкен жаңалық еді.
Содан көп кешікпей Шырдабаевтар әулеті жайлы мақала жазғанмын. Ол газетке шыққан. «Берілген тапсырма орындалды. Болды. Бітті» деп бұл тақырыпты ұмытқан едім. Бірақ ағайынды Нобельдердің қазақ даласындағы мұнайға қатысы туралы дерек ойымнан кетпеген. Өстіп жүргенімде бір күні осыдан ширек ғасыр шамасы бұрын жарыққа шыққан «Қазақ мұнайының тарихы» атты монографияның қолыма түспесі бар ма?! Авторы – Әбілсейіт Мұхтар. Бұл өзіміз жақсы білетін білікті ғалым, тәуелсіздік жылдарында оқырмандарға Әбілқайырдың Жоңғар қонтайшысымен, Әбілмәмбеттің Иран шахы Нәдірмен, Абылайдың Ауған билеушісі Ахмедпен арадағы қарым-қатынасын зерделеген қызықты мақалалары арқылы есте қалған автор. Сөйлесе келіп білсек, жоғарыдағы монография оның кандидаттық диссертациясы екен. Докторлығын кейін басқа тақырыптан қорғапты. Осыны білген соң біз бұл күндері Атырау қаласында тұрып, Сарайшық мемлекеттік тарихи-мәдени музей қорығының директоры болып қызмет істеп жатқан ғалым інімізден Нобель және Қазақстан тақырыбы туралы айтып беруін сұрадық.

− Әңгімені атақты Нобельдер әулетінен бастасақ. Содан кейін, олардың кәсіп­керлігі бастауында тұрған Альфред Нобель туралы осы біз не білеміз?
− Альфред Нобель Стокгольмде ­1833 жылы дүниеге келген. Оның әкесі Эмма­нуил кеме матросы ретінде әлемнің талай жерін аралаған. Швецияға оралған соң химияға ден қойып, архитектор мамандығын игереді. Кейін үлкен-кішілі көпір құрылысын сала жүріп, жарыл­ғыштар жасаумен шұғылданады. Бұл бағыттағы ісі сәтсіз болған соң Финлян­дияға аттанады. Сонда Стокгольмде за­йыбы Андриеттаның жанында Людвиг, Роберт және Альфред атты балалары қалады. 1837 жылы Эммануил Петербор­ға тұрақтап, теңіз жарылғыш­тарын жасаумен және қару-жарақ шығарумен айналыса бастайды. Бұл мақсатқа Ресей үкіметі Эммануилге ал­дымен 25 мың, кейін 40 мың рубль бө­леді. Нәтижесінде, ол қор жинап, отбасын 1845 жылы өзіне көшіріп алады. Осында оның ұлы Альфред химияға шындап ден қояды. Үйден білім алған жеткіншектің ұстазы сол кезеңдегі ірі химик Н.Зимин болатын. 1850 жылы 17 жастағы Альфред әкесінің тапсырмасымен АҚШ пен Францияға оқуға аттанады. Сол сапа­рының алғашқысында алғыр жас АҚШ-тағы тұңғыш жылу машинасын жасаған және әскери кеме конструкторы Джон Эриксонмен кездессе, кейін Парижде ғалым Жюль Пелузаның лаборато­рия­сында жұмыс істеп, химиямен қатар фи­зиканы меңгереді. Бір сөзбен айтқан­да, әлем елдерін аралау Альфредтің пайдасына шешіледі.
Бұл кезеңде оның әкесінің кәсібі де аяғынан тұрған-ды. Араға уақыт сала осы отбасындағы Альфредтен басқа тағы бір жеткіншек Людвиг 1862 жылы механи­калық зауыт ашып, өндіріс пен ғылымды қатар ұштастырады. Сөз арасында айта кетер жайт, олардың кәсіпкерлігі Қырым соғысы біткен соң да өрледі деу қиын. Өйткені жарылғыш заттар майданға ғана қажет болатын. Сондықтан олар ойлана келе су кемесін жасауға ұмтылады. Уақыт өте келе бұлардың кемелері Каспий мен Еділ бойынан көріне бастайды. Сөйтіп өзіміз сөз етіп отырған әулет осы арқылы Каспий теңізі байлығына жа­қындай бастайды. 1859 жылы Альфред әке­сімен бірге Швецияға оралып, ел үкі­метінен қарызға 100 мың ақша алып, жа­рылғыш заттармен шұғылдануды жа­ңаша қолға алады. Содан динамит жасалады. Ал 1876 жылы динамиттен де жоғары қопарғыш зат дүниеге келеді. Көп ұзамай бұлар әлемде алғаш рет баллист атауымен танылған түтінсіз оқ-дәрінің иесі атанады. Әкелі-балалы екеуі іле-шала оны дамытып кордит шығарады. Бұл баллистің жетілдірген түрі болатын. Оны Альфред бірнеше елде патенттейді. Бір қызығы кордиттің патенті ағылшын ғалымы Абельде де бар екен. Зерттеушілер Абель Альфредке Ұлыбританияда патент алуын ұйымдастырып, соңында өзі иеленіп кетті деген пікірді де айтып жүр. Қайткенде де тарихта кордит патенті Нобельде қалды.
Осы жаңалықтың соңы Альфредті қолы қанға малынған миллионер деп атауға да ұласты. Өйткені ол мыңдаған адам өліміне әкелетін жарылғышты со­ғыс болып жатқан аймақтарға сатып, мол пайда тауып жатты. Мұндай сөзді жур­налистер 1888 жылы Альфредтің ағасы Людвиг өмірден өткен кезеңде, «Альфред қайтыс болды» деп шатасты­рып, бас­пасөзге некролог жазып жібер­ген. Газет материалымен танысқан А.Нобель ендігі жерде өзін тарихта оң бағалайтын істі ойластыра бастайды. Нәтижесінде, 1893 жылы ол ұрпақтарына өсиет қалдырып, кейін 1895 жылы оны қайта өзгертіп жазып, қаржысының құнды бағалы қағаздарынан жиналған ақшаны 5 ғылым саласына – физика, химия, физиология немесе медицина, әдебиет және бейбіт­шілікті сақтауға бөледі. Байқап қараған жанға бұлардың ішінде математика ғылымы жоқ. Оның себебін біреулер ғалым Миттаг-Леффлермен арадағы қарым-қатынасының нашарлығына бай­ланысты десе, енді бірі Альфредтің мате­матика ғылымын химия мен физикаға қосымша сала деп бағалауынан іздейді.
Осылайша, артына игі іс қалдырып, ұлы жаңалықтарға қолдау көрсеткен ғалым 1896 жылы 10 желтоқсанда Ита­лия­ның Сан-Ремо қаласында қайтыс болады. Сүйегі Стокгольмге әкелініп, сондағы Норр зиратына жерленеді. Альфред өсиетін алғашында швед королі қабылдамай, күшін жоюға әрекет жаса­ған. Бірақ немере інісінің ұлы Эммануил уәдеге беріктігін танытып, 1897 жылы оның бар жинағы – 2 млн фунт-стер­лингті Нобель қорына аударады. Осы­лайша, бұл ақша әлемге аты белгілі сый­лықтың қаржылық негізіне айналады.


− Нобель әулеті байлығының негізі әскери-соғыс өнеркәсібі өндірісінен құралған екен. Ал олар мұнай кәсібіне қалай келіп жүр?
− Жалпы, Нобельдер тек жарылғыш заттармен емес, қаржы әкелетін нәрсенің барлық саласымен шұғылданған деуімізге болады. Соның негізі химия ғылымы болғандықтан, олар мұнай өндірісіне де жедел араласа бастайды. Өйткені сөз етіп отырған отбасы кәсіпкерлікпен мықтап шұғылдана бастаған кезеңде әлемде «қара алтын» − қара май дақпырты бел алады. Дүниежүзінде мұнайды бұрғылап алу 1847 жылы Ресей империясына қарасты Баку маңындағы Бибі-Әйбат аймағында басталған. Бұл идеяның авторы Нью-Йорк қаласының заңгері Георг Бисселл еді. Ол 1857 жылы Эдвин Л.Дрейк есімді адамды жалдап, АҚШ-тың Пенсильвания штатындағы мұнайлы шығанақты бақылауды бұйырады. Араға екі жыл салып, 1859 жылы 27 тамызда ұңғымадан алғашқы мұнай алынады.Осымен әлемде мұнайды өндірістік негізде өндіру басталды деп есептеледі. Жаңалықтарға Роберт Нобель бірден ден қояды. Ол 1873 жылы Ресей империя­сының оңтүстігін аралау барысында Бакудегі мұнай кәсібімен танысады. Көп ұзамай Роберт кішкене жер, шағын мұнай өңдеу зауытын сатып алады. Ал Людвиг Нобель 1878 жылы Каспий те­ңізіне түскен алғашқы мұнай тасымал­дайтын «Зороастр» атты танкерді құрас­тырады. Сөйтіп бұл әулет И.Забельский, А.Бильдерлинг, Ф.Блюмберг, М.Беля­мин, А.Сундгрен, Б.Вундерлих деген іс­керлермен күш біріктіріп, 1879 жылы «Ағай­ынды Нобельдердің мұнай өндірісі серіктестігі» компаниясын құрады. Он­ың төрағалығына Людвиг бекітіледі. Ком­па­нияның негізгі капиталы – 3 млн рубль. Әр пайы 5000 рубль тұратын қор ка­питалының 50 пайызы Нобельдердікі еді.
Серіктестік акционерлік қоғамға ай­налғанда, оларға көмекке інісі атақты Альфред келеді. Ол 1878 жылы қоғамға құрылтайшы болып, құбыр арқылы үз­діксіз мұнай тасымалдау тәсілін тауып, 1880 жылы Бакуден Қаратеңіз порт­та­рына сондай желі жүргізуді ұсынады. Содан бастап Ресей мұнайына ықпалын арттыру мақсатында Нобельдер, Рот­шиль­дтер және әлем бойынша мұнайды игеруші «Стандарт ойл» компаниясының иегері Рокфеллер арасында бәсекелестік басталады. ХІХ ғасырдың аяғында мұнайды тез арада игеру мақсатында Ресей өзінің ішкі нарығына француздық еврейлерді жіберіп, оларға несие де береді. Нәтижесінде, Ротшильдтер 1883 жылы Баку-Батум теміржолын бітіріп, Батумды әлемдегі ірі мұнай порты бар қала ретінде танытады. Іле-шала «Батум мұнай өңдеу серіктестігін» құрады. Осылайша, Ресей мұнайы Еуропа нары­ғына шығады. Мұндай жетістік Нобель, Ротшильд, Рокфеллер арасындағы бә­се­ке­лестікті күшейтеді. 1895 жылы наурыз айында үш компания АҚШ және Ресей мұнай өндірушілері атынан ке­лісімге келіп, әлемдік нарықтағы экс­порттағы мұнайдың 75 пайызы АҚШ-қа, 25 па­йы­зы Ресейге тиесілі болатынын бекі­теді. Оған қарамастан Нобельдер, Рот­шильдтер өз саясатын жүр­гізуге күш салады. Бір қызығы, Бакудегі Ротшильд­тер шаруа­шылығында инженер Давид Ландау еңбек еткен. Ол болашақтағы физика бойынша Нобель сыйлығына ие болатын кеңес ғалымы Лев Ландаудың әкесі еді.
Нарық бәсекелестігіне қарамастан Альфред Нобель «Стандарт ойл» компа­ниясымен келісімге ұмтылған. Оның себебін ол «үмітсіз бәсекелеспен қасірет шеккенше, екі қалтаның толғаны дұрыс» деп түсіндіреді. Осындай саясатты шебер жүргізген Нобельдер Баку мұнайын игере жүріп, Ресей геологтарының далалық аймақтарындағы зерттеу жұмыстарын да назардан тыс қалдырмайды.
– Сонымен Нобельдер компаниясы Қазақстанға қашан келді?
− Бұл туралы бүгінде екі пікір қалып­тасқан. Бірі 1899 жылғы Қарашүңгіл кен орнының игерілуімен түсіндіріледі. Бірақ архив деректерінде олар аталған аймақ маңынан көзге түспейді. Қарашүңгілді Ресей кәсіпкері Н.Леман игереді. Ол сол өңірде іздестіру және барлау құқығын ала отырып, 1898 жылы «Леман және К» компаниясын құрады. Осы арқылы қазақ жеріндегі алғашқы мұнай мекемесінің иесі атанады. Н.Леман құрған компанияға белгілі кен орындарының көпшілігі концессияға беріледі.
1993 жылы қорғаған кандидаттық диссертациям тікелей «Жайық-Жем ара­лығындағы мұнайға» қатысты. Зерттеу барысында Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архивінде, Мәс­кеудегі, Петербордағы архивтерде еңбектеніп, Нобельдердің ХІХ ғасырдың соңына дейінгі қазақ мұнайына қатысына көзімді жеткізе алмадым. Архив құжат­та­ры бойынша Нобель ұрпақтары 1911 жылы Доссор мұнай кен орны ашыл­ған­нан кейін келген. Жайық-Жем ара­лы­ғын­дағы жаңалықтардан хабардар
Э.Нобель сол жылы алдымен «Ағайынды Но­бельдердің» кеңсесін Гурьев қала­сын­да ашады.Көп ұзамай Петерборда Орал өңірі мен Кавказда мұнай іздестіру және табылған мұнайды сату мақсатында «Ембі» акционерлік қоғамын құрады. Бұл мекеме үкіметтік шешіммен 1912 жылы 10 сәуірде бекітіледі. Оның құрыл­тай­шы­лары Э.Нобель, стат кеңесшісі Т.Бело­зерский және И.И. Стахеев болды. Гурьев қаласында қоғамның кеңсесі ашылады. 1912 жылы 12 мамырда Петер­борда қоғам акционерлерінің алғашқы жиналысы болып, өз жұмысын бастайды. Міне осы күнді Нобельдердің заңды түрде Қа­зақстан мұнайына келуі деуімізге әбден болады. Осы пікірді ресейлік тарихшы Ф.Селезнев 1917 жылғы Ре­сейдегі төң­керістерге арнаған зерттеуінде қол­дайды. Ғалым: «Орал өңірінің Жем өзені бо­йындағы зерттелген мұнайлы кен орын­дарын ХХ ғасыр басында И.Стахеев қана иеленді. Мол байлық хабары естіл­ген соң оған Нобельдер келді. Содан еке­уі бірігіп 1912 жылы «Ембі» мұнай өнді­рісі және сауда қоғамын құрды. Ал ке­лесі 1913 жылы «Ембіге» бәсекелес Орыс-Азия банкінің иесі А.Путилов «Ембі-Каспий» қоғамын құрып, басқаруды А.Вышне­градскийге жүктеді. «Ембі-Каспий» құрамына И.Стахеевті де қосып алды. Содан 1915 жылы Нобель А.Путиловпен келісімге келіп, Ембі ауданындағы қосалқы мекемелерді біріктіріп, акционерлік қоғам құрды» деп жазады. Мұның өзі Нобельдің біз жазған кезеңде келгенін айғақтайды.
Сонымен қазақ мұнайын игеру жо­лын­дағы Нобельдер қаражаты «Аға­йын­ды Нобельдер серіктестігі» мен «Ембі» қоғамында шоғырланады. Олар­дың біріншісі дербес акционерлік серік­тестік ретінде тіркелсе, екіншісі орыс серік­тестігіне мүше болды. 1914 жылы Жайық-Жем ауданында Нобельдермен қатар «Колхида», «Ембі-Каспий» қоғам­дары мұнай іздеу, өндірумен шұғыл­данады. Аталған «Колхида» компания­сында да Нобельдер үлесі болды. Қоғам ішінен 1912-1914 жылдар аралығындағы атал­ған ауданда өндірілген 14.101.169 пұт мұ­найдың 37 пайызы – Нобельдерге, ал 63 пайызы «Жайық-Каспий» қоғамы­на тие­сілі еді. Бұл бәсекелестік кейін де жал­ғасады. Қазан төңкерісіне дейін ең көп мұнай өндірілген 1914 жылы (272,2 мың т.) Нобель өз үлесін 39,4 пайызға жеткізеді.
Атақты әулет қазақ даласының мұ­найын алып қана қоймай, үнемі барлау және бұрғылау әдістеріне назар аударады. Соның әсерімен олардың игерген ұңғымаларының саны 43-ке жетеді. Осылайша, бұл әулет Қазақстандағы мұнайлы кен орындарын игерудегі екінші ірі компания деңгейіне көтеріледі. Оның негізгі капиталы жылдан-жылға өседі. Ол 1913 жылы 20 млн рубльді құ­раса, 1916 жылы 45 млн рубльге жеткен. Ал 1916 жылы Эммануил Нобель «Орыс­тың бас мұнай корпорациясының» ба­қылау пакетін алған соң Нобель ком­паниясы Ресейдегі мұнай өнеркәсібінің тірегіне айналады. Олар Ескенені, Доссорды, Мақатты, Новобогатты, Қара өзен бойларын, Шеңгелді, Сатыбалды, Жоса, Мәртөк, Итассай, Мәтенқожа ай­мақтарын зерттейді. Үлкен жұмыстар Новобогатта жүргізіледі.1915 жылы 31 мамырда Мақат кен орнында мұнай атқылады. Оның басында «Жайық-Кас­пий» қоғамы мен «Колхида» тұрды.Зерт­теушілердің пікірінше, Нобельдер қолға алған жұмыстарында асқан ыждағаттық танытқан. Өз дәсүрлерін сақтауға, жергі­лікті мұнайшыларға жағдай жасауға талпынған. Бір қызық дерек бар. Сол заманда мұнайлы кен орындарында жа­тақхана, монша, асхана, демалыс паркі салыныпты. Олардың осындай нәтижелі де, қарқынды жұмысына 1917 жылғы Қазан төңкерісі кедергі жасаған. 1918 жылғы 20 маусымдағы мұнай өнеркәсібін национализациялау декреті кәсіпшіліктің бірлігін біржолата тоқтатады. Содан Э.Нобель Швецияға қоныс аударады.

Қорыта келгенде, Нобельдердің ақыл-ойы мен іскерлігінің тарихта қал­дырған ізі бүгінгі Нобель сыйлығы екенін мойындасақ, адамзат үшін жұмсалып жатқан мол қаражатқа 1912 жылдан кейін қазақ мұнайы да өз үлесін қосты деп сенімді түрде айта аламыз. Сонымен бір­ге, Нобельдер және өзге де шетелдік ком­паниялар қаражаты мен тәжірибесі мұ­найлы Қазақстанды сол заманда әлемдік нарыққа шығарып қана қоймай, өндіріске өз уақытындағы алдыңғы қатарлы технологияны енгізіп, қазақ­тардан мұнайшы мамандарын дайындауға оң септігін тигізді. Сөз жоқ, бүгінгі дамуымызда үлкен іске ізашар олардың үлесін жоққа шығаруға болмайды.

Әңгімелескен
Жанболат АУПБАЕВ

Бөлісу:

Пікір жазу


*