«НӨЛЕБАЙҒА» НЕ КЕРЕК?

805
0
Бөлісу:

О сыныпты енгізу жаңалық емес. Мектепалды дайындық топтары бұған дейін де болған. Дайындық топтарына баланы 5 не 6 жастан беру-бермеу еркіндігі – ата-ананың өз қолында. Дегенмен биылғы жылдан бастап, 0 сыныпқа да артылатын жүктемелер көп. Бала 1 сыныпқа сақадай сай болып баруы керек. Ол үшін оқытушы балаға не үйретпек?

«0 сынып балалардың жүз пайыз бі­рінші сыныпқа дайын­далуына жағ­дай жасайды». Бұл – Білім жә­не ғылым министрі Ерлан Саға­диев­тің мәлімдемесі. Бас мұғалім бұл жайында Парламент Сена­тын­да өткен «Орта білім беру жүйесінің жай-күйі, проблемалары және заң­намалық реттеу перс­пек­ти­валар» тақырыбына арналған пар­ламенттік тыңдауда айтқан еді. Ми­нистр: «2019 оқу жылынан 0 сы­­ныпты енгізу. Ол 0-11, яғни он екі жылдық білім беру жүйесіне кө­­шуге арналған. 0 сынып бес жас­тағы балалардың жүз пайыз бірінші сыныпқа дайындалуына жағдай жасайды. Әліппеге келсек, 0 сы­ныпқа арналған базалық оқулық жал­пы дайын. Сынақтан өтіп отыр. Келесі жылы мұғалімдерді дайын­дау жұмысы басталады», – де­ген еді.
Биылғы жылдан бастап, 1 сы­нып оқушылары бірыңғай оқу бағ­дарламасы аясында бірыңғай базалық оқулықтармен білім алатын болады. Ал ата-аналар бірыңғай білім базасымен даярлық тобындағы балалар да білім алуы тиіс деген пікірді алға тартады. Оның себебі, мектепалды дайын­дық тобында оқитын балалар бірыңғай оқу бағдарламасымен оқымағандықтан, 1 сыныпқа кел­генде сабақты игеру қиындық ту­дырмақ. Әлі күнге дейін 1 сыныпқа келген балалардың білім дең­гейін­де сәйкессіздік байқалады. Кейбір ба­ла кітапты еркін оқи алады, сан­дарды құрап әрі санай алса, кей­бір бала әріпті ғана таниды. Ба­лалардың бір деңгейде дайын­дал­мауы салдарынан білім сапасы төмендеуі мүмкін. Әрі мұндай қа­дам оқу процесінің жүйесіздігіне алып келеді. Сондықтан мекте­пал­ды дайындық тобын 0 сыныптарда дайындау мәселесі ата-ана үшін де, педагог қауым үшін де маңызды болып тұр.

Жаңа жүйе – жаңа бағдарлама
Биылғы жылдың қыркүйек айы­нан бастап 0 сыныптарға мекте­пал­ды дайындықтың бірың­ғай оқу бағдарламасын енгізу жоспарда тұр. БҒМ 2017 жылдан бастап пи­лоттық жоба аясында еліміздегі мектепалды дайындық топтарына, білім мекемелеріндегі мектепалды дайындыққа (0 сынып) бірыңғай оқу бағдарла­малары мен бірыңғай базалық оқулықтарды енгізіп бастаған еді.
1 сыныпта оқитын «Әліппе» де 0 сы­ныпқа тиесілі болып кеткен. Мектепалды дайындық тобына келген бала «Әліппені» меңгеріп қа­на қоймай, жаңғыртылған білім беру мазмұнына сақадай сай бо­лады. Педагогтар мен ғалымдар да ба­лалардың дайындық топта «Әліп­­пені» меңгергенін құп көреді.
Дайындық тобында бала не үй­ренеді? Әріптерді танып, буын­дап оқу­ды, тыңдалған дыбыстық сөз­дерге талдау жасауды меңгереді. Ал жазу-сызуды 1 сыныптан бас­тамақ. Өйткені 5-6 жастағы ба­ланың даму жүйесі жазу үшін жет­кілікті дамы­маған.
«Әліппені» ерте жастан оқыту ха­­лықаралық тәжірибеде бар дү­ние. Мәселен, Беларусь елінде «Әліп­пе» 2-5 жастағы бөбектерге ар­нап шығарылған. Оның ерек­ше­лігі – әрбір әріпке сәйкесінше қай­таланбас образдар берілген, осы­ған орай балалар әріптерді ынтасымен үйреніп, өзара ұқсас әріп­терді алмастырып алмайды. Көрші Ресей елінде мектепалды дайын­дық тобы үшін электронды «Әліппе» жасалған. Балалар дауыс­ты және дауыссыз дыбыстар мен екпіндермен, буындармен жә­не сөз тіркестерімен ойын тү­рінде танысады. Яғни, логикалық ойын түрі. Бұл баланың ойлау жүйе­сін дамыту үшін таптырмас құрал. Дайындық тобындағы ба­ла­ларға қажет дүниенің бірі – логикалық оқыту жүйесі. Бұл жө­нінде білікті мамандар жиі мә­селе көтереді. 0 сынып оқушы­лары үшін бірыңғай оқу бағдар­ла­масы өте ауыр. Бұл – бір. Екін­ші­ден, бірыңғай базалық оқулықтан хабарсыз бала 1 сыныпқа көш­кен­де оқу бағдарламасына ілесе ал­майтыны тағы бар. «Арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмеудің» жолы қандай?
Білім және ғылым министрлігі 5-6 жастағы мектепалды дайын­дық тобы үшін интерактивті тех­нология негізінде балалардың қа­былдауына ыңғайлы «Әліппе» оқу­лығын әзірлейміз деген еді. Элек­тронды оқулық баланың ой­лау жүйесін қалыптастыруға қан­шалықты ыңғайлы? Бұған дейін де электронды кітаптардың пай­дасы мен зияны туралы аз ай­тыл­ған жоқ. Баланың бәрі бірдей ал­ғыр емес. Олардың барлығы дер­лік, бастауыш сыныптың бірыңғай база­лық оқу бағдарламасын қа­был­­дап кете алмайды. Кей ата-ана баласын 5 жастан берсе, кейбірі 6 жас­тан дайындық тобына апа­ра­ды. Бір жастың айырмасы жер мен көктей. Сондықтан жүктеменің бәрі ата-анаға келіп тіреледі.
Ал білім саласы жыл сайын ре­фор­ма жасаудан жалығар емес. 0 сы­ныпқа да жүктемені артып қойдық. Бұған ұстаз қауымы әзір ме? Онсызда «педагог мәртебесін» қайтсек көтереміз деп жүрген мұ­ға­лімдер бұған қалай қарайды? Са­рапшы пікірі қандай? Халық қа­лаулысы не дейді?


Әбдіманап БЕКТҰРҒАНОВ,
депутат:

Мектепалды даярлық тобына сай білім берілуі тиіс

– Білім және ғылым ми­нистр­лі­гі мектепалды даярлық деп қа­рас­тырып, нөлдік сынып мектепте бо­лып жатыр. Кейбір жерде класс жет­пегендіктен, мек­тепалды даярлық тобы бала­бақ­шада сабақ өтеді. Бұл мәселе әлі зерт­телуі тиіс. Жалпы, еліміздегі Ғылым мен білімді дамытуды жақ­сарту бағ­дарламасы бойын­ша, 5 жасар бала мек­те­палды даярлық сыныбында оқуы керек. Білім заңына тиісті өзге­рістер жасалып, мек­те­пал­ды даярлық топтары са­бағын ба­лабақшада емес, мек­теп­те оқуы керек деген мәселелер де айтылып жүр. Бірақ оның нақты шешімі шыға қойған жоқ. Бұл бағдарлама 2020 жылдан бастап жүзеге асырылуы тиіс болатын. Жал­пы алғанда, мектепалды даяр­лық тобына баратын балалар үшін жүктеме аз болғаны дұрыс. Бес жастағы бала әлі де ойын баласы. Ол қиын сабақты меңгере алмай­ды. Баланың таным-түсінігіне сай білім берілуі тиіс. Әрі министрлік 0 сыныпқа беретін мұғалімдерді де дайындауды қолға алып отыр. Ондай жағдайда балаға оқы­тыла­тын оқу жүйесі де жеңілдер еді. Мектепалды даярлық тобы мектеп емес, оларға жүктеме жеңіл болуы керек.
Смағұл ЕЛУБАЕВ,
жазушы:

Рухани майданда ешкімнің жараланғанын қаламаймын

– Әлі әріп танып үлгермеген балаға шет тілін үйрету – асыра сіл­теу деп ойлаймын. Америкалық тарихшы Эмранның «Ашыққан да­ла» кітабын оқып отырып, елі­міздің білім жүйесі есіме түсіп кет­ті. Жүйедегі асыра сілтеуді көз кө­ріп жүр. Айналып келгенде, бұл ба­лаға үш тіл үйрету емес, баланы өз тілінен айыруға әкеледі. Үштіл­ді­лік кішкене баланың ойлау жүйе­сіне қалай әсер етпек? Оқу­шыға үш тіл үйретеміз деп, соңы быламыққа айналып кетпей ме? Бұл мәселе біраз жерде сөз болды. Әлем­дік тәжірибеде жоқ нәрсені біздің жүйеге тықпалап жатыр. Ру­хани майданда ешкімнің жа­раланғанын қаламаймын. Әсіресе, білім сөз болғанда бәрінің оңымен болғаны жөн.

Ғабит КЕНЖЕБАЕВ,
профессор:

МҰҒАЛІМ – ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ

– Жалпы, жаңартылған білім маз­мұны үлкен өлшеммен алғанда, конструктивті оқытуға негізделген. Кон­структивті оқыту дегеніміз – оқушының, жалпы білім алушы­ның өз бетімен білім алуы. Мұғалім жүйеде үйден дайындап келген бі­л­імін балаға беруші емес, мұғалім – ұйымдастырушы. Білім алуды ұйым­дастырушы, білім алуға ба­ғыт­­таушы, ықпал етуге әрекет ете­­тін тұлға. Білім алушы өзіне қа­­жетін алуға ұмтылуы керек. Сон­дықтан да бастауыш мектепте жаңартылған осындай білім жүйе­сіне көшті. Балабақша, мектепке дейінгі дайындықтың жағдайында да бала әртүрлі ойыншықты, конс­трукцияны пайдаланып, өзінің алдынан шыққан үлкенді-кішілі проблемаларды шешіп үйренуі керек. Балабақша тәрбиешілері бол­­сын, мұғалімдер болсын осы қа­ғиданы есте ұстағанын қалай­мын.
Біздегі жаңартылған білім маз­мұ­ны – Кэмбридж университеті педа­гогика мамандарының жетек­ші­лігімен іске асып жатқан шаруа. Жалпы, олар алдымен бұл бағдар­ламаны Назарбаев зиятркерлік мек­тебіне енгізді. Артынша мұға­лім­дерді I, II, III деңгейлі курстар­дан өткізді. Орта, жоғары, негізгі мек­­тептің мұғалімдері жүйе бойын­­ша оқып шықты. Кон­струк­тивті білім беру бойынша жоғары оқу орындарының ұстаздары мен балабақша тәрбиешілерін оқытса жөн болар еді. Бұрын дайын білім беріп үйренген мұғалімдерге, жаңа жүйеде білім беру қиындау. Осы тұста, әріп танымай жатып, жаңар­тылған жүйедегі сөз жаттауға бе­ріл­ген тапсырмадан қорық­пауы­мыз керек. Себебі, бала бұған дейін ойын барысында, сөйлеген­де, бірінші әріп тануды үйренген жоқ қой. Бұл тәжірибе баланы жан-жақты зерттеуден туған деп ой­лаймын.

Дилярам СҮЛЕЙМЕНОВА,
мұғалім:

Балаға емес, мұғалімге қиын соғуы мүмкін

– Мектепалды даярлық тобына ап­талық жүктеме – 24 сағат. Яғни, бір күнде 5 сабақ өтеміз деген сөз. Бас­тапқыда сабақ ұзақтығы – 25 минут, оқушы үйренісе бас­та­ған­нан кейін 30 минутқа ұзартамыз. Жаңа бағдарлама артықшылығы – әліппе дәптеріндегі танытуға ар­налған материалдар бір-бірімен тығыз байланысты. Тапсырма ба­лалар қабылдауына жеңіл әрі қы­зық­ты түрде берілген. Тапсырм­а­лар­дың басым бөлігі ойын түрінде өте­ді. Балалар бір-бірін бағалауға үй­ренеді. Кемшілігі – балалармен сы­ни тұрғыда ойлау әрекетіне уа­қыт керек. Мысалы, менің сыны­бым­да отыз бала оқиды. Әр баланың қабылдауы әртүрлі. 5 жастағы балалар бар қабылдауы сондай жақсы. 6 жасар оқушы­ларым бар, оларға біраз түсіндіру жұмыстары қажет. Бәріне бірдей уақыт жетпей жатады. Менің ойым­ша, бәрі оқушының түсінігі мен ынта-жігерінде сияқты. Ағыл­шын тілі балаларға қатты ұнайды. Жаңартылған бағдарламаны ауыр дегенімізбен, бір жағынан қазіргі балалардың ойлау қабілетіне шамалас тәрізді. Ке­рісінше, мұғалімдерге қиын соғуы мүмкін. Ағыл­шын тілі аптасына бір рет кіреді. Оқушыларым шет тілі сабағын асыға күтеді. Жаңа нәрсені үйренуге бейім. Орыс тілі жайында да солай. Дамып келе жат­қан балаға таңсық дүниені үйрену қашан да қызықты. Оның үстіне суретті кітап­тар оқушыны еліктіріп әке­теді. Пәндерге келетін бол­сақ, жаратылыстану, қоршаған орта, экология деп бөліп тастаған. Бі­рақ үшеуінде қозғайтынымыз бір тақырып. Оқушылар кейде «апай, қайталап оқи береміз бе?» деп сұрақ қояды. Осыны бір жүйеге ыңғайластырса. Дүниетану деп аптасына 2 рет оқысақ, үшке бө­лгеннен әлдеқайда тиімді. Дра­ма мен музыкада да ұқсастық өте көп. Екі пәннің тақырыптары да ұқсас. Математикадан басында күр­делі есептер беріледі де, соңы­нан жеңілге ауысады. Сауат ашу да дәл солай. Әріпті толық білмейтін балаға «сөйлемнің қандай түрін бі­лесің? Дыбыстық талдау жаса» деген тапсырма беріледі.

Әсел НҰРКАМАЛҚЫЗЫ,
ата-ана:
– Қызым мектепалды даярлық сыныбына барады. Үй тапсырма­сын орындауын қадағалап оты­рамын. Ағылшын тілінде әріпті үй­ретпей жатып, сөздерді үйретуді бастайды. Ата-аналар көбіне қиналып жатады. Өзім ағылшын тілінің мұғалімі болғандықтан, қы­зыма барынша көмек беруге тырысамын. Тапсырманы орын­дамас бұрын, түсіндіруге көп уа­қыт жұмсаймын. Әр нәрсені біліп, түсініп орындауына көңіл бөлемін.

Тәуелсіз пікір

Шариза Избағанбетова:
«Бағдарлама – өте ауыр. Әріп тану, сандарды білу, 20-ға дейінгі сандарды қосып-алу – жеткілікті. Логикалық тапсырма беру 5 жастағы балаға ерте секілді. Ал ағылшын тілін оқытудың қажеті бар ма? Қай тілде санап отырғанын білмейді. Сөзді араластырып жібереді. Баланың бәрі вундеркинд емес қой».
Раушан Нұржанова:
«Дайындық сыныбында балаларды логикалық ойын түрі арқылы оқыту керек».
Дос Манабаев:
«Дайындық тобына қойылатын талап аз болуы керек. Олар ойын баласы болған соң, ойын түрінде жеңілдетіп өткізген дұрыс. Ауыр жүктемеден баланың беті қайтып қалады».
Парида Сырттанова:
«Ауылда нөлдік сынып тәрбиешісі болып жұмыс істеймін. 5-6 жастан бастап балаларды даярлыққа аламыз. Пәндер өте көп. Байланыстырып сөйлеуді енді үйренген балаға орыс-ағылшын үйрету өте қиын».
Әли Сымтықов:
«Баланың бәрі бірдей емес. Дамығандары бар, физиологияның өсуі кешіккендері көп. Сол себепті де, кей баланың сабаққа қызығушылығы жоғалады».

P.S.
Сауат ашу, математика, жапсыру, сурет салу, ағылшын, орыс тілі, құрастыру, экология, мүсіндеу, сөйлеуді дамыту. Жаза берсек, жалғаса береді. Жаңа бағдарлама бойынша мектепалды даярлық сыныбындағы балаға 15-ке жуық пәнді қатар алып жүруге тура келеді-мыс. Мұғалімдердің айтуынша, есеп шығарудың да арнайы сатысы межеленген. Бала 20-ға дейін ретімен, сосын кері санап үйренуі қажет. Дауысты, дауыссыз дыбыстарды ажыратуды білсе, тіпті жақсы. Ағылшын тілінен ауа райын, түс атауларын, аты-жөнін айтуды меңгереді. Жекелей, топпен орындайтын тапсырмалар тағы бар. Мұның бәрі «нөлебайдың» оқу бағдарламасы. Сонда бұл қалай болғаны? Сіз де аталған тапсырмаларды 1 сыныпқа бармай тұрып орындап па едіңіз, оқырман?!.

Гүлзина БЕКТАС,
Айзат АЙДАРҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*