Қытай тәжірибесі қызықтырады

310
0
Бөлісу:

Мәжілісте палата төрағасы Нұрлан Нығматулин Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Чжан Сяоны қабылдады.

Өз сөзінде Н.Нығматулин бүгінде Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин арасында­ғы жеке достықтың және тұрақты байланыстың арқасында екі ел арасындағы ынтымақтастық стра­тегиялық серіктестік деңгейі­не дейін көтерілгенін атап өтті.
Мәжіліс төрағасының айтуын­ша, Қазақстан Президентінің 2018 жылдың маусым айындағы Қытайға мемлекеттік сапары және ҚХР Төрағасының Жібек жолы экономикалық белдеуінің жаһан­дық жобасын құру баста­масы жария етілген 2013 жылғы елімізге мемлекеттік сапары секілді тарихи оқиғалар Қазақ­стан-Қытай қарым-қатынасының ерекше сипатын паш етті.
Сонымен бірге, Нұрлан Нығма­тулин қазақстандық «Нұр­лы жол» бағдарламасын қытайлық «Бір белдеу, бір жол» жобасымен ұштастыру бағытындағы бірлес­кен жұмыстардың нәтижесіне тоқталды. Олардың қатарында Қорғас құрғақ порты, Ақтау теңіз айлағы, «Қазақстан – Түркімен­стан – Иран» жаңа теміржол дәлізі, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі және тағы да басқа ірі инфра­құры­лымдық жобалар бар.
Чжан Сяо жаңа басталған 2019 жыл екіжақты стратегиялық серік­тестікті ары қарай тереңдету үшін өте маңызды әрі оқиғаларға толы болатынын жеткізді. Қытай­лық дипломаттың байла­мын­ша, «Нұрлы жол» және «Бір белдеу, бір жол» бағдарла­маларын ұштас­тыру – Қазақстан мен Қытай лидерлерінің дана басшы­лы­ғының арқасында табысты жүзеге асырылып жатыр.
Шығыс көршіміздің елшісі қазіргі уақытта 55 ірі инвестиция­лық, индустриялық жоба қолға алынғанын, соның ішінде биыл бірқатар жаңа жобаларды іске қосу жоспарланып отырғанын мәлім етті.
Ол сондай-ақ мәдени-гумани­тар­лық байланыстар мен туризмді «екіжақты ынтымақтастықтың перспективті бағыттары» ретінде атады.
Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин екі ел арасындағы қарым-қатынастың маңызды құрам­дас бөлігі саналатын қазақ­стандық-қытайлық парламент­ара­лық өзара іс-қимылды да дамытудың маңызды екеніне сенім білдірді.
Палата спикері атап өткендей, бұл ретте Қытайда жүзеге асыры­лып жатқан жаңғыруларды, соның ішінде инновациялық даму реформалары мен эконо­ми­ка­лық жаңаруларды заңнамалық қамтамасыз ету бойын­ша Қытай парламент­ші­лерінің тәжірибесі қазақстандық қалаулылар тара­пы­нан практикалық ынта-ықы­лас тудырады.

Бөлісу:

Пікір жазу


*