Жыл сайын – жүз мың үй

341
0
Бөлісу:

Қазақстанда бір жыл ішінде 100 мыңға жуық жаңа баспана пайдалануға берілді. Ел Үкіметі Елбасы бастамашы болған «Нұрлы жер» бағдарламасын 2018 жылы іске асырудың алдын ала қорытындысын шығарды.

Мемлекет басшысының тап­сыр­­масына сәйкес, «Нұрлы жер» аясында 15 жылда 1,5 мил­лион отбасы тұрғын үймен қамта­ма­сыз етілуге тиіс. Бағдарлама қолға алын­ған 2 жылдың ішінде шама­мен 200 мыңға жуық отбасы тұр­мыс жағдайын жақсартуға мүмкін­дік алды.
Нақтырақ тоқталсақ, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, барлық қаржыландыру көздерінен құйылған инвестициялар арқасын­да 2017 жылы және өткен жылдың 11 айында жалпы алғанда, 22 мил­лион 161 мың шаршы метр баспана ел игілігіне тапсырылған. Нәти­же­сін­де, 197 мың 573 отбасы жаңа пә­терлер мен үйлерде қоныстой­ла­рын тойлады. Оның ішінде 2017 жылдың еншісінде – 11 мил­лион 168 мың шаршы метр немесе 100 мың 812 баспана. Ал 2018 жыл­дың 11 айында 10 мил­лион 993 мың шаршы метр немесе 96 мың 761 баспана берілген.
Негізі, былтырғы жыл қорытын­ды­сында жалпы 12,1 миллион шаршы метр немесе 100 мыңға жуық баспананы іске қосу жоспар­лан­ған болатын. Қаңтар-қараша аралығында 96 761 баспана салын­ды немесе жылдық жоспар­дың 97 пайызы орындалды. Бұл ретте Үкімет желтоқсан қорытындысы бойынша жылдық жоспар орында­лады деген сенімде.
Өткен екі жыл ішінде бой көтерген тұрғын үй көлемі бойын­ша көшбасшылар қатарына Астана (4,7 млн м²) және Алматы (2,6 млн м²) қалалары, сондай-ақ Маңғыс­тау (1,8 млн м²), Ақтөбе (1,5 млн м²), Атырау (1,3 млн м²), Алматы (1,3 млн м²) және Қызылорда (1,2 млн м²) облыстары кірді.
Тұтастай алғанда, республика­ның барлық өңірлерінде қолданыс­қа берілген тұрғын үй көлемінің ұлғайғаны байқалады. Статистика­лық мәліметтерге жүгінсек, бұл көрсеткіш мына өңірлерде жоғары: Астана қаласында – 2,3 млн м² (22 мың 565 пәтер), Алматы қаласында – 1,7 млн м² (15 мың 20 пәтер), Маң­ғыстау облысында – 978,8 мың м² (8 мың 367 пәтер), Ақтөбе облысында – 707,1 мың м² (5 мың 941 пәтер) және Алматы облы­сын­да – 682,7 мың м² (4 мың 824 пәтер).
2017 жыл мен 2018 жылғы 11 айды қоса алғанда, елімізде тұрғын үй құрылысына 2 триллион 44,8 млрд теңге инвестиция құйылған (2017 жылы – 1 трлн 22,5 млрд теңге, 2018 жылдың 11 айында – 1 трлн 22,3 млрд теңге). Осы ке­зеңде мемлекеттің салаға жұм­сал­­­ған 1 теңге қаражатына 5,5 тең­ге жеке инвестициялар тартыл­ды.
«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдар­ла­масы бастау алғалы бері Қазақстанда «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы берілетін 876,9 мың шаршы метрлік несиелік тұрғын үй немесе 14 мың 658 пәтер тұрғызылыпты. Соның ішінде 2017 жылы – 570,4 мың шаршы метр немесе 9010 пәтер, өткен жылдың 11 айында – 306,5 мың шаршы метр немесе 5648 пәтер. Бірақ 2018 жыл қорытындысында бұл көрсет­кіш 500 мың шаршы метрден немесе 9 мың пәтерден асады деп күтілуде.
Кейінгі 2 жыл ішінде «Нұрлы жер» аясында 248,1 мың шаршы метр (4592 пәтер) арендалық тұрғын үй ел игілігіне айналды (2017 жылы – 146,5 мың м² немесе 2620 пәтер, 2018 жылдың 11 айында – 101,6 мың м² немесе 1972 пәтер). Жылдың түпкілікті қорытын­дысында бұл көрсеткіш 185 мың шаршы метрге немесе 3 мыңнан астам пәтерге жетуі тиіс.
Өткен жылы тұрғын үй құрылы­сы салынатын аудандарға инже­нер­­лік-коммуникациялық инфра­құрылым жеткізуге 42,1 млрд теңге бөлінді.
«Нұрлы жерді» жүзеге асыру барысында қазақстандықтардың жеке тұрғын үйді иеленуге деген қызығушылығы елеулі түрде артып­ты. Бағдарламаның бұл бағы­тына жергілікті әкімдіктерде жер учаскесін алу үшін кезекте тұ­р­ған азаматтар ғана қатыса ала­ды. Осы орайда 2017 жылы облыс орталықтарында жеке тұр­ғын үйлерді бірдей сәулеттік стильде салуды қарастыратын пилоттық жоба басталды. Оларды жергілікті құрылыс материалдары мен үй құры­лысы комбинатының техно­ло­гиясын қолдана отырып, әр өңірде бір құрылыс компаниясы тұрғызады. Содан кейін әкімдіктер өздерінде жер кезегінде тұрған­дарға осы бір-біріне егіз қозыдай ұқсас үйлерді жер телімімен бірге толықтай сатып алуды немесе оған қаржысы жетпесе, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы жеңілде­тіл­ген несиеге алуды ұсынады. Нәтижесінде, бұл үйлер­дің әр шаршы метрінің құны 120 мың теңгеден аспайды. Ал оны ТҚЖБ несиесі арқылы иеленген­дердің ай сайынғы төлемі алғашқы 5 жылда – 70 мың теңге, кейінгі 10 жылда 56 мың теңге болады. Бұл шаралар жыл сайын шамамен 40 мың үйді (4 млн шаршы метрді) енгізуге мүмкіндік береді.
Мәселен, 2017 жылы 184 үй пайдалануға берілді. 2018 жылы осы пилоттық жоба жалғасын тапты. Республикалық бюджет есебінен сумен және электрмен жабдықтау желілері салынып жатыр. Алдын-ала деректер бойын­­ша, өткен жылы 160 үй пайда­лануға берілген. Бұдан бөлек, тағы 179 үйдің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Қосымша 20 үйдің жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, олардың құрылыс жұмыстарына байқау жарияланды. 5,08 мың шаршы метрлік 54 жеке үйдің сараптама қорытындысы алынған.
Былтырғы жылы жеке тұрғын үй салу үшін тағы 40 мыңға жуық жер учаскесі инженерлік коммуника­циямен жабдықталды.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тұрғын үйлердің құры­лы­сы және бөлінген қаражаттың игері­луі жауапты ведомстволардың және Үкіметтің тұрақты бақы­ла­уын­­да.
Қазақстанда тұрғын үй құры­лы­сы белсенді жүруде, бұл өз кезе­гін­де азаматтардың өмір сүру жағда­йын айтарлықтай жақсар­ту­ға, құрылыс қарқынын өсіруге, сондай-ақ отандық кәсіпкерлікті өркендетуге ықпал етеді.
2019 жылы қаржыландырудың барлық көздерінен 13 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспар­лану­да. Ал, бұл – 100 мыңнан астам тұрғын үй.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*