Карточкамен төлеу оңтайлы

236
0
Бөлісу:

Қазақстандықтар карточка арқылы сауда-саттық жасауға және ақша аударуға жаппай ден қоюда. Ұлттық банктің хабарлауынша, қаржылық ұйымдардың карточкалары арқылы ағындаған ақшаның көлемі 18 триллион теңгеге жетіп қалыпты.

Қазіргі кезде Қазақстан аума­ғында 20 төлем жүйесі жұмыс істейді. Оның ішінде Ұлттық банктің төл төлем жүйелері, сондай-ақ ақша аудару жүйелері, төлем карточкалары жүйелері және өзге де төлем жүйелері бар.
Тарата айтқанда, 2018 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойын­ша Ұлттық банктің төлем жүйе­лері (банкаралық ақша аудару жүйесі мен банкаралық клиринг жүйесі) арқылы 757,1 триллион теңге сомаға 39,1 миллион тран­зак­ция жүргізілген. Осылайша, 2017 жылғы ұқсас кезеңмен салыс­­тырғанда, қаржылық рет­теу­­шінің жүйелерінде төлен­ген төлемдердің саны 18,6%-ға ұл­ғай­­д­ы, ал төлемдер сомасы кері­­сінше, 3,2%-ға азайды. Орта­­ша алғанда, бір күн ішінде ҰБ төлем жүйелері арқылы 3,3 трлн теңге сомаға 171,4 мың тран­закция жүргізіліп отырған. Мұның сыртында, Қазақстанда 22 банк пен «Қазпошта» АҚ-ы төлем карточкаларын шығаруды жүзеге асырды. Олар күні бүгінге дейін елімізде жалпы саны 22,7 мил­лион бірлік карточка тарат­қан.
Былтырғы 1 желтоқсандағы жағдайға сәйкес, азаматтар осы төлем карточкаларын пайдалана отырып, 17,8 триллион теңге көлемінде 714,5 миллион тран­зак­ция операциясын жүргізген. Ғажабы сол, 2017 жылғы ұқсас кезеңге қарағанда, осы транзак­ция­лардың саны бірден 72,6%-ға ұлғай­ды. Сонымен бірге, ақша­лар сомасы да 45,7%-ға өсті. Қазір­гі уақытта елімізде қолма-қол ақшасыз жасалатын төлем­дер­дің үлесі 31,4%-ға дейін жетіп отыр. Алдыңғы жылы ол небары 21,6% болатын. Бүгінде төлем карточ­каларына 11,1 мың банко­мат, 133,5 мың POS-терминал қыз­мет көрсетеді.
Қазақстанда қолма-қол ақша­сыз есеп айырысу үшін төлем кар­точкаларын қабылдай­тын 81 мың сауда орны бар екен. Олар­дың қатары да 2017 жылғы 1 жел­­тоқсаннан бері 4,8%-ға көбей­ді.
Ұлттық банк дерегінше, 2018 жылғы қаңтар-қарашада халық­ара­лық ақша аудару жүйелері арқылы жіберілген ақша ауда­рым­­дарының жалпы көлемі 621,7 миллиард теңге сомаға жет­ті (2,7 млн аударым). 2017 жыл­ғы ұқсас кезеңмен салыс­тыр­­ғанда ақша аудару көлемі шама­мен үштен бірге, 29,9%-ға артты.
Бұл жерде шетелге ауып кетіп жатқан қаражат ауқымы күрт ұлғайды. Қазақстаннан тыс жер­лерге жөнелтілген аударым­дар­дың жалпы көлемдегі үлесі 89,9%-ды (2,5 млн транзакция), ал сомасы бойынша үлесі 89%-ды құрады. Басқаша айтқанда, былтыр 553,5 млрд теңге шетелге аударылған.
Қазақстанның өз ішіндегі ақша аударымы мардымсыз және үлесі 10,1%-ды немесе 0,3 млн транзакцияны, ал сомасы бойынша үлесі 11%-ды немесе 68,2 млрд теңгені құрады. Айтқандай, өткен жылы халықаралық ақша аударымдары жүйелері арқылы шетелден Қазақстанға 328,5 млрд теңге (1,4 млн транзакция) қаражат аударылған.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*