ЖҰРТ МЕНІ ДИКТОР ЕМЕС, МОТИВАТОР РЕТІНДЕ ТАНИДЫ

354
0
Бөлісу:

Талғат Қалжан – журналист, продюсер.  Love radio-ның ресми дауысы. Тіпті жұрт оны мотиватор ретінде таниды. Жаңа жылда журналистпен әңгімелесіп, жұмысының қыр-сырымен танысуға тырыстық.  

 

Көлік ұсынған тыңдарман…

 – Талғат, сізді  жұрт Love radio жүргізушісі ретінде жақсы біледі. Әсіресе, қашанда адамдарға мотивация беріп жатасыз. Сол сөздеріңізден елге қандай да бір пайдасы тиіп жатыр ма?

Шыны керек,  көпшілік мені диктор емес, мотиватор ретінде жақсы білетін сияқты.  Малайзиядан арнайы шақыртумен елге оралып, Gakku радиосында  «Тәтті таң» шоуын жүргіздім. Тікелей эфирде қанатты сөздерді көптеп айтуға тырыстым. Уақыт өте форматы басқа бағыттағы Love radio-ға ауыссам да, кеңесім үзілмеді. Айта кететін жайт, екі радио да бір медиахолдингке қарайды. Айырмашылығы – Gakku төрт қаланы қамтыса, Love radio республикаға тарайды. Небәрі жарты жылда қызметтік мансабым өсті деген сөз. Басшылықтың мұндай шешім қабылдауына, тыңдарманның толыссыз хаты себепші болған. Олар дәл осы мотивация айту арқылы, өзге жүргізушілерден ерекшеленетінімді жиі жазатын. Мәселен, Шымкенттен бір қарындасымыз хабарласты. Оның анасы көз жанарынан айырылған екен. «Анам жиі радио тыңдайды, сізді көрмесе де, эфирдегі сөзіңізден шабыттанып, мотивация алады. Сізді әлуметтік желіден іздеп табуымды, келбетіңіздің қандай екенін суреттеп беруімді өтінген» деді. Маған жазған хаттарын instagram парақшам арқылы оқырманмен бөліскенмін. Мақтану үшін емес, мотивацияның нәтижесін көрсету үшін. Алдағы уақытта Шымкентке жол түссе, дәл сол тыңдарманмен кездесіп, батасын алуды жоспарлап отырмын.

– Тіпті радио тыңдаушының бірі сізге көлік сыйлағысы келген дегенді естіп қалдық. Ол қаншалықты рас?

Love radio-ға ауысатынымды естіген тыңдармандардан «Неге кетесіз, сіздің мотивациялық сөздеріңіз жақсы» деген хаттар қарша жауды. Сондай хаттың бірінде үлкен бір ағамыз байланысқа шығуымды өтінген. Хабарласып едім, ағамыз Шымкенттің тумасы, Ақтауда  бизнеспен айналысатынын айтты. Денсаулығы сыр беріп, үйінде емделіп жатқан баласы бар екен. Эфирімді үзбей тыңдап, әкесіне  «өмір сүргім келеді, болашақта шет елге барып, ел аралаймын» деп армандайды екен. Сөз арқылы ұлына сыйлаған үмітіне разылығын білдіріп, көлік сыйлағысы келді. Ұзақ тілдестік, қазір де хат алмасып отырамыз. Бірақ «алмақтың салмағы бар» дегендей, сыйлығын қабылдай алмадым. Бірауыз сөзінің өзі жүрекке орны толмас жылылық сыйлады.

Болашақта оратор ретінде еліміздің барлық қаласын араласам деген арманым бар. Жастармен жүздесіп, олардың арманы мен талантын тұншықтырмай, алға қарай талпынуына себепші болғым келеді. Мысалы,  Малай еліне «арман алдамайды» ұранымен белді бекем буып, ұшып кеттім. Жақындарым жыраққа жібергісі келмегендіктен, қолдаудың да аз болғаны белгілі. Малайзияда жүргенде ішкі жан дүниемді дамытып, адам болмысын тану үшін журналистикамен қатар психологияны зерттедім. Әлі де іздену үстіндемін.

 

Үздік халықаралық журналист

– Шет елге кетуіңізге не себеп болды?

Негізі журналистика саласында жүргеніме биыл 11 жыл. 2008 жылдан бастап музыкалық Hit tv арнасында журналист, артынан бағдарламалар бөлімінің продюсер болдым. Ол жерде 8 жылдай жұмыс істедім. Соңғы уақытта шығармашылық күйзеліске түсіп, жұмыс істегім келмеді. Содан  шет елге шығып, білімімді шыңдау үшін Малазияға баруға бел будым. 2016 жылғы талпынысым сәтсіз болды. Оқуға түсуге көмек беретін ортадағы делдал орталықтың салғыртығынан белгіленген күні ұша алмай, елде қалдым. Бұл маған ауыр тиді. Сол сәтте «келесі жылы қалай да шет елге кетемін» деп ниеттендім. Арманым орындалды. Тура он екі айдан соң Малайзияның астанысы Куала – Лумпурға бардым. Тілімді жаттықтырып қана қоймай, халықаралық журналист ретінде жұмыс істедім. Арасында жарнамалық суреттерге түсіп, қосымша қаржы тапқаным тағы бар.

– «Оқып жүріп жұмыс істедім» деп қалдыңыз. Журналист ретінде шыңдалуыңызға тоқтала кетсеңіз.

Малайзия – мені жылы қарсы алып қана қоймай, маған еркіндік пен рухани тыныштық сыйлады. Тәжірибелі журналист екенімді естіген шет елдік әріптестер, Қазақстанға репортаж жолдап, қосымша жұмыс жасауға да жағдай жасады. Ең алғаш Малайзиядағы Наурыз мерекесі жайлы сюжетім «НТК» арнасынан шыққан. Одан кейін өзге де арналарға көптеген репортаж жолданды. Бір қызығы, жұмыс ақысын Қазақстан емес Малайзия төлеп отырды. Жыл сайын Куала-Лумпур қаласында 160 елдің қатысуымен өттетін Malaysia’s international cultural festival жобасында халықаралық тілші ретінде төбе көрсеттім. KL fashion week сән апталығына да шақырту алдым. Бір жыл ішінде атқарылған еңбекті байқаған малайлық әріптестер, аталмыш жылдың  қазанында Miss Prestige Malaysia 2018 байқауында маған «Үздік халықаралық журналист» атағын ұсынатынын айтқан. Бірақ визамның аяқталуынан және Қазақстандағы арнайы шақыртумен жасалған келісімшарт марапатты иеленуге мүмкіндік бермеді…

 

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Назгүл ЕРЖАНҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*