Баспана бағасы 10 пайызға қымбаттай ма?

396
0
Бөлісу:

«Хабар 24» арнасының хабарлауынша, Қазақстанда баспана бағасы алдағы 2 жылда қымбаттауы мүмкін. 

Қымбатшылыққа әкелетін негізгі себебі – АҚШ долларының өсуі. Жерасты көлік тұрағы сынды барлық жайлылығы қарастырылған тұрғын үй кешендерінің құрылысы алдағы уақытта азаймақ. Өйткені бүгінде қарапайым халық арасында бағасы қолжетімді баспанаға сұраныс артып отыр. «Бұдан былай «7-20-25» бағдарламасы арқылы салынатын эконом-класс пәтерлерді сату әлдеқайда жеңіл болмақ», – дейді мамандар. Болашақта қолжетімді баспананың өзі көпшілік үшін қолжетімсіз болуы мүмкін.
«Барлық құрылыс материалдары Ресейден, көрші мемлекеттерден әкелінсе де, баға өсе бермек. Өйткені бүгінде барлық құрылыс материалдары АҚШ доллары бағамына тәуелді. Арматура, кірпіш, бетон мен травертин сияқты материалдарды көбіне сырттан жеткіземіз. Сондықтан қажет заттардың қымбат болуы – нарық заңдылығы», – дейді «Қазақстан құрылысшылар одағы» РЗТБ атқарушы директоры Азамат Қарлығашев.
Маманның айтуынша, баспана бағасы 2020 жылға дейін 10% қымбаттауы мүмкін. Бірақ жылдың бірінші тоқсанында жылжымайтын мүлік нарығы уақытша тұралауы ықтимал. Мұны сарапшылар мерекелерден кейінгі сұраныстың сәл бәсеңдеуімен байланыстырып отыр. Қымбат шаршы метр тізімінің көш басында бұрынғысынша елорда келеді. Статистика комитетінің дерегінше, өткен жылы орташа өсім деңгейі 5% асқан. Ал екінші деңгейлі нарықтағы көрсеткіш 7,5% жетті.

«Астана қаласынан 7 милллион теңгеге бір бөлмелі пәтер ала алмайсыз. 10 миллионға алуға болады. Сол жағалауда болса, бірінші әрлеу болады. Оң жағалауда 30-33 шаршы метр болатын 1 бөлмелі пәтерлерді 9-10 миллионға да алуға болады. Шаршы метрінің бағасы 200 мың теңге, ал орташа баға 300-330 мың теңге», – дейді сарапшы Ерлан Шыңғожынов. Сарапшы Айнұр Молдахметованың айтуынша, Астана қаласының Алматы ауданында шаршы метр құны шамамен – 300 мың теңге. Сарыарқада – 280 мың, Есіл ауданында – 330 мың теңге. Сол жағалауда бір бөлмелі пәтер бұрын 12 миллион теңге болса, бүгінде шағын баспана қосымша 1,5 миллион теңгеге қымбаттаған. Тұрғындардың баспана сатып алу үшін 13-14 миллион теңгесі болуы керек.

«Айқын» ақпарат

Бөлісу:

Пікір жазу


*