ҚҰЛАҚТАҒЫ BLUETOOTH

277
0
Бөлісу:

Өткен жылдың соңындағы Парламент Сенатының жалпы отырысында Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі мал ұрлығының өршіп тұрғанына қатты алаңдады. Сенатор Сәрсенбай Еңсегеновтің сөзіне қарағанда, 2015-2017 жылдары елімізде 65 мыңнан астам мал ұрланған екен. Ауылдағы халықтың табан ақы, маңдай терімен бағып-өсіріп отырған малы қашанғы көрінгеннің қолсұқпасына айнала береді?!.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Осы орайда Әділет министрлігі мен өзге де мүдделі органдарға мал ұрлы­ғы мәселесіне ерекше назар ауда­руды сұраймын. Бұл пробле­ма­ны міндетті түрде қарастыру керек. Қоғамда осы мәселе бо­йын­ша қызу талқылау болып жатыр. Сондықтан іс-шараларды қатаң түрде қолданбасақ, бұл ах­уал­ды түзету қиынға түседі», – деген болатын.
Осы ретте «кореялық Lives’talk стартапы қазақстандық малшы­лар­ға көмектесетін құрылғы ойлап тапты» деген бір хабарды оқы­­ғаным еске түсті. Кореялық Юн Янгчен деген азамат «Мал­шы­­лардың көп уақыты кең дала мен биік тауда мал іздеуге кетеді. Мына заманда бұл ақылға сый­май­тын нәрсе ғой», – деп сигнал бер­гіш құрылғы, қабылдағыш пен смартфонның көмегімен жоғалған мал­ды санау­лы секунд­та іздеп таба­тын құрылғы жасау­ға кіріскен. Сөйтіп, оның жаса­ған құрылғысы 1865 стартап­шы қа­тыс­­­қан Samsung Tomorrow Solution кон­кур­сын­да жүлделі бо­лып­­ты. Қазақ­стан­дық фермер­лердің тұрмыстық проблемасына Сам­сун­г­тің штаб-пәтерінде назар ау­да­руының
өзі – біз үшін маңызды оқиға.
Сонымен кореялық азаматтың жаңа құрылғысы несімен ерекше­ле­неді? Құрылғы малдың құла­ғы­на бекітіледі. Bluetooth арқылы мал­шының қолындағы ұялы теле­­фонға белгі береді. Құрылғы­да LoRa технологиясы арқылы белгі тарататын микрочипі бар GPS орнатылғандықтан интернет пен ұялы байланысты қажет ет­пей­ді. Нәтижесінде, жоғалған мал­­ды санаулы секундта табуға мүм­­­кіндік бар. 10 бас малдың құла­­ғына тағуға болатын құрыл­ғы­­ның жалпы бағасы – 700 дол­лар. Дүниежүзілік банк пен Азия даму банкі тарапынан субсидия жасалса, құрылғы құны 300 дол­лар­ға дейін төмендейтін болады.
Әзірге бір «әттеген-айы» – құры­л­­­ғының қуаты үш-ақ күнге жете­ді. Бірақ басты артықшылығы – әр 10 секунд сайын ақпарат беріп отырады. Әрекет аумағы 5-6 шақырым. Демек, малшылар әлгі құрылғыдан бір уақытта 1600 сиг­нал қабылдай алады. Жоба авторы Янгчен «Біз құрылғыны сынақтан өткіземіз. Толықтыруды қажет ететін функциялар бар. Мыса­лы, жұмыс уақытын екі-үш аптаға ұзарту керек. Құрылғының соңғы нұсқасын биыл көктемде көрсе­теміз», – депті. Сәтін салса, корея­лық өнертапқыш құрыл­ғы­­­сын оңтүстік өңірдегі Мың­жыл­­­қы мен Қызылорданың 50 фер­масында сынақтан өткізбекші екен.
Осындайда «шіркін, біздің білімді де білікті жастарымыз тап осындай тұрмысқа қажет сала­лар­да неге ізденбейді екен?» де­ген арман мен аңсарға толы ойға қала­­мыз. Есіл уақытты босқа жібер­­генше, осындай ақыл-ой­дың жарысына түссе, малға да жан­ға да тиімді өнер табуға болар еді-ау!

Нұртөре ЖҮСІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*