«Жусан» операциясы – ізгілік пен елдіктің нышаны

627
0
Бөлісу:

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа қайырылып, Қазақстан азаматтарын Сириядан эвакуациялау жөніндегі гуманитарлық шараның аяқталуына байланысты мәлімдеме жасады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүргізілген «Жусан» операциясы нәтижесінде, халықаралық терроршылар қан төгіп жатқан Сирияда бір топ қазақстандық құтқарылып, елге әкелінді.  

– Биылғы 6 қаңтарда тікелей тапсырмам бойынша біздің құқық қорғау органдары мен Сыртқы істер министрлігі жүргізген үлкен гуманитар­лық операция нәтижесін берді: Сирия­дан Қазақстанға 47 азаматымыз, соның ішінде әйелдер мен 30 бала елімізге қайтарылды. Олардың барлығы дағдарыс жайлаған елге алданып барып, террорис­тердің тұтқынында болды. Біраз адам соғыс даласында қаза тапты. Ал мына кісілерді өзімізбен достық қарым-қаты­нас­тағы мемлекеттің көмегімен, Қазақ­станның ұшағымен алып келдік, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы Қазақстанға келген соң, әйел­дер мен балаларға мемлекет тарапы­нан барлық көмек көрсетілгеніне тоқтал­ды.
–Олар енді бір ай бойы бейімдеу орталығында болып, қажетті медицина­лық көмек алады. Тағдыр тауқыметін тартқан балалар мен әйелдердің қуаны­шын­да шек жоқ, көздері жасқа толғанын көрдік. Бұл басқа жұртқа біраз жайттан хабар береді әрі мұндай келеңсіз жағдай­лардың алдын алуға септігін тигізеді. Келген адамдар көрген қиын­шы­­лықтары мен зардабын кейіндері өздері айта жатар, – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен бірге, Қазақстан Президенті бұл операцияның халықаралық қоғам­дастық пен халқымыз үшін көрнекті қадам болғанына назар аудартты:
–Қазақстан өз азаматтарына, қай жерде жүрсе де, әрдайым қолдау көрсе­тетінін осылай паш етіп отырмыз. Негізгі міндетіміз – еліміздің қауіпсіз­ді­гін, халқымыздың береке-бірлігі мен тұтас­ты­ғын қамтамасыз ету. Қақтығыс аймағында еріксіз жүрген азаматтары­мызды, әсіресе, балаларды қайтару жөнін­­дегі жұмыстарды жалғастыра береміз – деп нықтады Н.Назарбаев.
Құзырлы органдардың мәліметінше, 5-6 қаңтар аралығында іске асырылған «Жусан» операциясы арқасында 47 қазақстандық, соның ішінде 11 әйел, 30 бала Отанға кері оралды. Балалардың көпшілігі – 1-5 жасар.
Сириядан қайтарылған отан­дас­та­рымыз мінген қазақстандық әскери ұшақ 6 қаңтар күні 02:10-да Ақтау халықаралық әуежайына келіп қонды. Осыдан кейін олар карантин орталығына орналасты­ры­лыпты.
Лаңкестер тұтқынынан құт­қа­ры­л­ған әйелдердің бірі Қазақ­стан­ға өмір бойы борыштар еке­нін айтады. Ол елге қайта оралу мүмкіндігі берілетінін есті­генде, қуаныштан естен тана жаз­дағанын мойындады.
«Не күлерімді, не жыларымды білмедім. Бір жағынан қатты қуандым. Екінші жағынан, өзіме қамқорлық көрсеткен елімді сатып кеткендей күйде болдым. Елім мені қиындықта жалғыз қалдырмады, оралуыма жағ­дай жасады. Неге оны тәрк етіп кеттік деп өкінем. Қазақ­стан жасаған бұл қадам – біз үшін аса құнды. Әйтпесе, мемле­кет бізді азаматтықтан сырттай айыра салса, еш қайран қыла алмас та едік. Елге келіп, қазақ жеріне аяқ басқан соң, жүрегім орнына түсті. Тек қаншама жыл­ды Сирияда босқа жоғалтып алға­ныма қын­жы­лам», – деді ол психо­лог­тар­мен және әлеумет­та­ну­­шылар­мен әңгіме кезінде.
Сыртқы істер министрлігі отандық және шетелдік ақпарат құралдарының өкілдерін жинап, «Жусан» операция­сының қоры­тын­дыларын баяндады.
Сыртқы істер министрінің орынба­сары Ерлан Ашықбаев Елбасы айтқан­дай, Қазақстан шетелдегі өз азаматтары­на ары қарай да қолдау көрсете беретінін жеткізді.
–Бұл гуманитарлық операция ең алдымен, ел Президентінің халықаралық аренадағы жоғары беде­лінің арқасында мүмкін болды. Әлем елімізді бейбітшілік бастамалары арқасында біледі. Қазақ­стан мәселен, Сириядағы жанжал­ды тоқтатуға, ол елде бейбітшілікті орнату процесіне атсалысып келеді. Астана қаласында Сирия мәселесі бойынша екі жыл бойы келіссөздердің өткізілуі осыған дәлел. «Астана процесі» нәтижесінде, Сирия­ның көптеген аймағында бейбітшілік орнады. Халық­аралық терроризммен күресті Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі шеңберінде де абыроймен ілгерілетті, – деді Е.Ашықбаев.

 

Ол сондай-ақ гуманитарлық мақсаттағы аталған операцияны ұйымдастыруға және оның сәтті өткізілуіне Қазақстанның мемле­кет­тік органдарының өкілдері белсенді атсалысқанына екпін түсірді.
«Сыртқы істер министрлігі осы үшін әріптестерімізге риза­шы­лық білдіреді. Сонымен қатар шет мемлекеттерге, халықаралық ұйымдарға алғыс айтамыз. Кеше Елбасы айтып өткендей, қазақ­стан­дықтарды, әсіресе жас бала­ларды елге қайтару жұмыс­тары жалғасатын болады. Біз ха­лық­аралық ұйымдар, азаматтық қоғам өкілдерімен тығыз бай­ла­ныс­та жұмыс істемекпіз», – деді отандық сыртқы саясат ведо­м­ст­во­­сы басшысының орынбасары.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің департамент басшысы Бақытбек Рақымбердиевтің дерегінше, Қазақ­стан азаматтарын Сириядан эвакуа­циялау жөніндегі гумани­тар­лық шараға дайындық бірнеше ай бойы жүргізілген.
– Өте көп қиыншылықтар бой көтерді. Қайтару мәселесінің әртүрлі қырлары толыққанды тексерілді, талқыланды. Халық­ты: «лаңкестермен бірге қимыл­да­ған­­дар­дан елге оралған соң, қандай да бір қауіп болмай ма?» деген сұрақ алаңдататынын біле­міз. Мәселенің бұл жағы да мұқият тексе­рілгенін қадап айт­қым келе­ді. Қазіргі кезде қайта­рыл­ған азаматтар арасындағы 6 ер адам мен 1 әйелдің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Олардың және басқа да азаматтардың террористік әреке­ттерге, адам өлтіруге қатысы толығымен зерделенеді. Егер ондай жағдай дәлелденсе, әрине, қылмыстық жауапкершіліке тартылады, – деді Б.Рахым­бердиев.
Ол дәл осылай үлкен көлемде болмағанымен, бұған дейін де бірнеше жыл ішінде бірқатар қазақстандықтар Сирия, Ирак, Ауғанстан жерінен қайтарыл­ғанын еске салды. Олардың тек 40 пайызы ғана қылмыстық жауапкершілікке тартылған екен. Қалғандарына алдын алу, оңалту шаралары жүргізілген.
«Бұл туралы көпшілік көп біле бермеуі мүмкін. Бірақ, біздің ойымызша, қайтарылған азамат­тар­дан әзірше ешқандай лаңкес­тік қауіп жоқ. Бұл ретте ең басты мәселе – кішкентай балаларды қай­тару болды. Өйткені қайта­рыл­­ғандардың басым көпшілігі – 1-5 жас аралығындағы балалар», – дейді ҰКҚ департамент басшысы.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің дерегінше, Сирияда, Ирак пен Ауғанстанда лаңкестік топтар ара­сында әлі де болса 370-380-ге тарта қазақстандық ересек аза­мат­тар жүр.
«Олардың басым көпшілігі әйелдер көрінеді. Олармен бірге 400-500 шамасында кішкентай балалар өмір сүруде. Ол азамат­тардың кейбірі Қазақстан аза­маттығынан айырылуы мүмкін. Бұл норма заңнамалық тұрғыда бекітілген. Сот шешімі бойынша жүзеге асырылады. Бірақ мына азаматтардың көбіне қатысты жағдай басқаша екенін де айта кету керек. Себебі, олар өз бетін­ше елге оралуға ниет білдірген. Кінәлі деп танылғандар Қазақ­станда жазаға тартылады. Кінә­сіздеріне ешқандай жаза қолда­ныл­майды», – деп түйді Б.Рахым­бердиев.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*