Тісі жоқтың – ісі жоқ

565
0
Бөлісу:

Нұрлан Нығматулиннің төрағалығымен өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар мемлекеттік органдар басшыларының атына депутаттық сауал жолдады. Мәселен, «Нұр Отан» фракция­сының мүшесі Д.Мыңбай Денсаулық сақтау министрі Е.Біртановқа жүгініп, балалар арасында тіс ауруы, ауыз қуысы мен жақ-бет аурулары кең таралғанына назар аудартты.

Статистикалық деректерге сәйкес, республикамызда балалар арасында тіс жегісінің (кариес) таралуы 76%-ды құрайды, ал бірқатар ауылдық аумақтарда бұл көрсеткіш 98%-ға жетеді екен. Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2020 жылға қарай тіс жегісімен зақымдалған бала­лардың саны 20%-дан аспауы қажет деген ұсыным береді.
Елімізде 2812 стоматология­лық ұйым бар, алайда соның ішінде тек 12 мемлекеттік мамандандырылған облыстық балалар емханасы ғана бар. 2017-2018 жылдары Таразда, Оралда және Астанада бала­лар­ стоматологиялық емха­­налары жекешелендірілді. Ақтөбе облысы мен Алматы қаласы да жекешелендіруге дайындалып жатыр.
«Балалар стоматоло­гия­сы­нан айырылсақ – кезінде педиатрияны қысқартып таста­ғандай жағдайға душар боламыз. Оның салдарын көресідей көрдік. Балалар стоматологиясының бірқатар ерекшеліктері бар, оған маман­дану қажет, ересектерді емдей­тін кез келген дәрігер бала­лар­ды емдей алмайды», – деген депутат министрге сто­ма­­­толог­тың балалар мен жас­өспі­рім­дерді бақылауының дис­пан­­серлік әдісін қалпына келтіруді, мектептерді, мектеп­алды мекемелерді сто­мато­логиялық қызметпен толық қамтамасыз ету үшін зама­науи жылжымалы стома­то­логиялық кабинеттерді ендіру жөнінде бағдарлама әзірлеуді ұсынды.
Депутаттың айтуынша, балаларының тістерін емдету үшін ата-аналар шалғайдан келеді, соған қарамастан емдеуден гөрі ауырған тістерді жұлып тастау кең етек алған. Салдарынан, 35-44 жастың өзінде екінші қайтара аден­тияға ұшырау (яғни, тістерден кейінгі айырылу) ауыл тұрғын­дарының 40%-дан аста­мы­ның басындағы жағдайға айналған. Бұл – сайып келгенде, халық­тың өмір сүру ұзақты­ғына әсер етеді.
«Нұр Отан» фракциясының мүшесі Қ.Каракен Үкімет басшысы Б.Сағынтаевқа депутаттық сауал жолдап, қауіп­ті әрі улы қалдықтарды кәдеге жарату жайын көтерді. Әсіресе, оның айтуынша, бұл проблема Батыс Қазақстандағы ірі кен орындары айналасында өршіп тұр.
«Осыған орай көмірсутегі шикізатын демеркаптиниза­циялау кезінде қалдықсыз технологиялардың қолданы­луын қарастыруды және мұнай өндіру саласына технологиялар трансфертіне бақылауды күшейтуді сұраймыз», – деді депутат.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*