Елмен мазмұнды әңгімелесуге шақырды

178
0
Бөлісу:

Парламент Сенаты Бюросының отырысы болды. Палата төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев шараға қатысушыларға арнаған сөзінде Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы аясында әлеуметтік саладағы, сондай-ақ Жастар жылын өткізуге байланысты маңызды міндеттер бойынша депутаттық корпус алдындағы жұмыстардың негізгі бағыттарын белгіледі.

«Сенаттың көптеген депутат­тары Парламентте аймақтардың мүддесіне өкілдік етеді. Депутат­тар корпусы мен атқарушы билік органдары ең алдымен ел өңір­леріндегі әлеуметтік мәселе­лер мен тұрғындардың мұң-мұқта­жына баса назар аударуы тиіс. Қоғамның тұрақтылығына қауіп төндіретін жағдайларға жол бермеу үшін алдын алу шаралары жедел түрде әрі уақытында қабылдануы керек», – деді Сенат төрағасы. Ол депутаттарды, орталық және жергілікті билік органдарын қоғам өміріндегі әртүрлі жағдайларды нақты әрі дәлме-дәл жеткізу үшін әлеумет­тік желілерді сауатты, жауап­кершілікпен әрі білікті түрде пайдалануға шақырды.
Қ.Тоқаевтың пікірінше, әлем әлеуметтік-экономикалық және саяси дүрбелең кезеңіне тап болды. Қазақстан – өзінің күмәнсіз жетістіктерімен қоса, өкінішке қарай, нашар тұстары да бар күллі жаһандық қоғамдас­тық­тың бөлінбес бөлшегі. Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл жағдайда ел Пре­зиденті Страте­гия­сының мақ­саттары мен мін­дет­терін жұрт­шылыққа жеткізу жөніндегі жұмыстардың үстірт, таптаурын сипаттан арылу кере­гі­не депутат­тар­дың назарын аудар­ды. Мемле­кетіміз­дің бүгіні мен келешегі туралы мазмұнды әрі қызықты пікір алмаса білуге тиіспіз», – деді ол.
Жоғарғы палата басшысы Жастар жылына байланысты бірқатар ұсыныстар айтты. Оның байламынша, еліміздегі белсенді әрі білікті жастардың өкілдерін мемлекет мүддесін ілгерілету ісіне тарту мақсатында сенатор­лар белсенді жұмыс істеуі қажет. Қ.Тоқаев Сенатта өтетін іс-шараларға, оның ішінде жалпы отырыстар мен комитеттердің отырыстарына астаналық және аймақтық жоғары оқу орындары­ның студенттерін, кәсіпорын­дардың жас жұмысшылары мен компаниялар қызметкерлерінің қатысуын ұйымдастыруды ұсынды. Ол қоғамдық ұйымдар­дың, оның ішінде «Жас Отан» өкіл­дерінің қатысуымен мемле­кет­тің жастар саясаты мәселелері бойынша арнайы шаралар өткізуді жөн санайды.
Сенат төрағасының сөзінде айтылған өзекті мәселелер бойын­ша Бюро мүшелері мүдде­лі­лік тұрғысында пікір алмасты.
Бюро отырысында палатаның 17 қаң­тарда өтетін кезекті жалпы оты­рысының күн тәртібі бекітіл­ді.
Жиында депутаттардың қара­уына Қазақстан мен Тәжік­стан арасындағы көші-қон және азаматтардың орын ауысты­руы мәселелерін реттейтін үш келісім­ді ратификациялау туралы заң жобалары шығарылмақ. Атап айтқанда, Сенат көші-қон саласындағы ынтымақтастық, адамдардың реадмиссиясы, Қазақстан азаматтарының Тәжікстан аумағында және Тәжікстан азаматтарының Қазақстан аумағында болу тәртібі туралы үкіметаралық келісімдерді талқы­лайды. Бұған қоса, сена­тор­лар Еуразиялық эконо­мика­лық одақ туралы шартқа Қырғыз Республикасының қосылуы тура­лы шартқа өзгеріс енгізу тура­лы хаттаманы ратифи­ка­циялау туралы заң жобасын қарай­ды деп күтіліп жатыр.
Бюрода Мәжілістен келіп түскен заң жобалары бас коми­теттерге бөліп берілді. Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы Қазақстан-Қырғыз мемлекеттік шекарасының режи­мі туралы келісімді және ТМД-ға қатысушы мемлекет­тердің терроризмге қарсы күресті жүзеге асыратын құзыретті органдарды материал­дық-техникалық қамта­масыз етудегі ынтымақ­тас­тығы туралы келісім­ді ратифи­ка­циялау туралы заң жобалары бойынша Халы­қ­аралық қатынас­тар, Қорғаныс және қауіпсіздік комитеті бас комитет болып белгіленді.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*