СЫРТҚЫ ҚАРЫЗ: АЗ БА, КӨП ПЕ?

795
0
Бөлісу:

Ел арасында «Үкімет пен халық келешек үшін емес, берешек үшін жұмыс істейді» дегенді естіп қаламыз. Қарыз атаулының ішінде қауіптісі – көзге көрінбейтін қарыз. Мемлекет кепілдік бермеген, жеме-жемге келгенде мемлекет төлеуге мәжбүр болатын қарыздар болады.

Жалпы, Қазақстанның сыртқы қарызы аз ба, көп пе? Біздегі дерек бойынша, қарыздың үштен екісі Нидерланды, Ұлыбритания, АҚШ, Қытай және Францияға тиесілі. Сол қарыздың жартысы­нан астамы мұнай саласына негіз­дел­ген. Сыртқы қарыз тарихына үңілсек, жыл сайын көбеймесе, азаймаған. Мәселен, 2007 жылы Қазақстан­ның сыртқы қарызы – 74 миллиард доллар болса, 2017 жылы 168 миллиард долларға жет­кен. Он жыл ішінде үш есе өскен. Ұлттық экономика минист­рі Тимур Сүлейменов Қазақ­станның мемлекеттік қарыз деңгейі ерекше бақылауда екенін айтады. Экономист Сапарбай Жұбаев та мемлекеттік қарызға қатысты үрей туғызудың қажеті жоқ дейді. Оның сөзінше, алын­ған ақшаның 3/1 бөлігі ғана сырт­қы қарыз, қалғаны – бюджет тапшылығын жабу үшін алынған ішкі қарыз. Ал Pro Gente эконо­микалық зерттеу орталығының жетекшісі Мақсат Халық мемле­кет­тік қарыздың еселенуі ұлттық экономика үшін тиімді емесін алға тартады.
Есеп комитетінің дерегінше, Қазақстанның сыртқы қарызы өткен жылдың қазан айында 8,6 пайызға азайып, 161,5 млрд дол­ларға төмендеген. Өткен жылдың 3 тоқсанында экономиканың барлық секторы есебінен сыртқы берешек 3 млрд долларға қысқар­ды. Ал мемлекеттік сыртқы борыш негізінде Ұлттық банктің қыс­қамерзімді ноталарын өтеу және оларға шетел инвесторлары сұранысының азаюы есебінен шамамен 453 млн АҚШ долларын құрады. Ал фирмааралық берешек мұнай-газ секторындағы ірі ком­па­ниялардың шетелдік ұйым­дар­дың еншілес кәсіпорын­дары­нан несиені өтеу нәтижесінде 823,7 млн АҚШ долларына төмендеді.
Ұлттық банк мәліметі бойын­ша, сыртқы қарыз құрылымында фирмааралық қарыз үлкен бөлікті алып отыр – 63,7%, 25,7% –кре­ди­­торлар алдындағы басқа сек­тор­лардың қарызы. Сондай-ақ 7,1% мемлекеттік қарыз (Үкімет пен Ұлттық банк), 3,5% – банк секто­рының сыртқы міндетте­ме­лері болып отыр.
Бұдан бөлек, қарыздың төмен­деуіне «банк» секторының сырт­қы міндеттемелерді өтеуі де үлес қосты. Бірінші кезекте Қытайдың экс­порт-импорт банкі берген кре­дит­терді жоспарлы өтеу есебінен қарыз 452,9 млн доллар­ға қықсарған.
«Басқа секторлардың» сыртқы қарызы «Борыштық бағалы қағаз­­дар» бабының қысқаруы есе­бі­нен азайған. Нақтырақ айт­сақ, «ҚазМұнайГаз» ұлттық ком­па­­ниясы 1,6 млрд доллары көле­мін­де 10 жылдық еурооблигация­сын, сондай-ақ «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі 420,4 млн еуро сомасындағы 5 жылдық еурооблигациясын мерзімінен бұрын ішінара өтеген. Сонымен қатар мемлекет бақылайтын ұйым­дардың сыртқы борышы 2,5 млрд долларға азайған. Ал Қазақ­стан­ның таза сыртқы қарызы 2018 жылдың ІІІ тоқсанында 1,4 млрд долларға ұлғайып, 48 млрд АҚШ долларды құраған.

Атамұрат Шәменов,
экономика ғылымдарының докторы, профессор:
– Сыртқы қарыз – таза мемле­кет­тің қарызы емес. Оның басым бөлігін біріккен кәсіпорындар құрайды. Солардың алған қарызы да елдің сыртқы қарызы болып есептеледі. Бір жаман тұсы – осы. Сон­дықтан еліміздің жалпы сырт­қы қарызы көп деуге келмей­ді. Мемлекеттің сыртқы қарызы, менің есебімше, 25 пайыздан аспайды. Біз үшін, халқымыз үшін, әрине, мемлекет қарызы­ның азайғаны жақсы. Өткен жыл оңай болған жоқ. Халықаралық экономикалық жағдайға, көрші­ле­ріміздің саяси-эконо­мика­лық жағдайына байланысты Қазақ­стан экономикасына жеңіл жыл деуге болмайды. 2019 жыл да оңай тимейді. Сондықтан сырт­қы қарызды есебін тауып азайтып отырған жөн. Ол үшін, бірінші кезекте, қарыз алатын кәсіп­орын­дар жұмысын мемлекеттік реттеу арқылы қадағалап отыру керек. Әйтпесе, қарыздың көбейе берері сөзсіз.

Сапарбай Жұбаев,
экономика ғылымдарының кандидаты:
– Қазақстанның сыртқы қары­зын екі түрлі жағдайда қарас­тыруға болады. Бірі – мем­ле­­кеттік қарыз. Екіншісі – Қазақ­станның жалпы қарызы. Негізгі бюд­жеттен төленетіні – мемле­кет­тік қарыз. Оның үлесі көп емес. Бар болғаны – 13 млрд дол­лар. Біздің қорда 86 млрд доллар тұрған кезде қарызымыз көп деп есептелмейді. Қазақстан­ның жалпы қарызы – 150 млрд доллар. Бұл да қорқынышты емес. Оның ішінде 96 млрд дол­лары, яғни 64 пайызы шетел­дік компания­лар­дың осы жердегі өкілдеріне бер­ген қарызы. Ол жауапкерші­лік­ті біздің мемлекет алмайды. Жалпы, мемлекеттік қарыз эконо­мика­мыз­дың инвистиция­сын дамыту үшін алынғаны айтпа­са да түсі­нік­ті. Бұл инновациялық, индус­триа­л­ды жобаларға салынады. Тағы бір түрі бар – халықаралық қаржы орталықтарын жалдаған. Олар негізінен біздің инфра­құры­лым­ды дамытуға, жолдарды, көпір­лерді, түрлі бағдарлама­лар­ды, мемлекеттік құрылымды өзгер­туге, базалық құрылымдарды салуға жұмсалады. Бұл – Азия даму банкі, Еуропа даму банкі, Халықаралық валюта қоры, Герма­ния сияқты мемлекеттердің қорынан алынатын, халықаралық қаржы қорларынан алынатын қарыздарымыз. Бұл ұзақ мерзімге беріледі және пайызы өте төмен. Бұл қарыздар біз үшін тиімді. Сондықтан Қазақстанның қазіргі жағдайы қалыпты деуге болады. Оған халықтың алаңдайтын жөні жоқ.

Абылайхан ЖҰМАШ

Бөлісу:

Пікір жазу


*