АТҚАРҒАН – ӘСЕТ, АЛҒЫС АЛҒАН – БАҚЫТ

741
0
Бөлісу:

Сәрсенбінің сәтінде Астана қаласының әкімі 2018 жылдың қорытындысын шығарды. Қала басшысы болып тағайындалғанына 4 ай толған Бақыт Сұлтанов баяндамасының көркін Әсет Исекешов атқарған шаралар кіргізді. Қалай десек те, Б.Сұлтанов – өзіне дейінгі әкімнің жұмысын жоққа шығармаған санаулы басшының бірі. Ол алдыңғы әкімнің жұмысын сәтті аяқтады.

Астана кәсіпкерлер қаласына айналды
…Сонымен былтыр жиырма жылдығы аталып өткен Астананың аумағы астана болғалы үш есе, құрылыс көлемі 19 есе, халық саны 4 есе өсті. Жұмыссыздық деңгейі 12,8-ден 4,5 пайызға азайды.
Бұл – республикадағы ең төменгі көр­сет­кіш. Астана еліміздің эконо­ми­калық әлеуетінде ерекше орын алып үлгерді. Елорда рес­пуб­ли­­кадағы жалпы ішкі өнімнің 11 пайыздан астамын беріп отыр.
– Біз мұнай мен өнеркәсіптік өңірге жатпаймыз, сондықтан да инновацияның дамуы мен бизнес­ке басымдық береміз. Қала эконо­микасында орта және шағын кәсіп­керлік үлесі арта түсті. Бүгін­дері ол көрсеткіш қала эконо­микасында 58,5 пайызды құраса, ел көлемінде рекордтық көрсет­кішке жетті. Қаламызда 100 мың­нан астам кәсіпкерлік субъек­тісі жұмыс істейді. Әрбір үшінші астаналық кәсіпкерлік салада. Қала бюджетінің жартысынан астамы шағын және орта бизнестің салығынан құралып отыр. Осылай­ша, Астана мемлекеттік қызмет­керлер мен ұлттық компания­лар қаласынан кәсіпкерлер қаласына айналды. Былтыр қалаға 1 трлн теңгеден астам қаржы тартылды. Бұрынырақта қалаға тартылған инвестицияның жартысынан астамы республикалық бюджеттен құйылатын, бүгінгі таңда бюджетті инвестиция айтарлықтай қыс­қар­ды. Сөйтіп, қала инвестициясының 90 пайызын құраған шағын бизнес қаланың бас инвесторына айнал­ды», – деді әкім баяндамасында.
Білім беру саласында соңғы екі жылда балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамтуда оң үрдіс байқалып келеді. 2016 жылы мектепке дейінгі білім берумен қамту 70 пайызды құраса, бүгін бұл көрсеткіш 90 пайыға өсті. Бұған жекеменшік секторды тарту оң әсерін тигізді. Биылғы оқу жылы­нан бастап 80 мектеп жан басы­на шаққандағы қаржы­лан­дыру меха­низ­міне көшті. Жалпы, жеке­мен­шік мектептерде мемлекеттік тап­с­ырысты орналастыру білім беру ұйымдарындағы орын тапшы­лы­ғын азайтуға ықпал еткен.
Астана қаласы – бастауыш сынып оқушыларын тегін ыстық тамақ­пен қамтамасыз ететін үш өңір­дің бірі. Бұл мақсатта жергі­лік­ті бюджеттен 4 млрд теңге бөлі­не­ді.
Денсаулық сақтау жүйесінде дәрігерге жүктемені азайту үшін амбулаторлық-емхана желісі ұйымдастырылып жатыр. 105 жал­пы тәжірибе дәрігері учаскесі ашылды. Бұл бағытта Эконо­ми­калық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерінің көрсеткішіне қол жетіп отыр.
Бұған қоса тұрғын үй кешен­дерінің бірінші қабаттарында «Үй жанындағы дәрігер» отбасылық дәрігерлік амбулатория ашу жобасы жүзеге аса бастады. 2018 жылы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту шеңберінде осындай 7 амбулатория ашылды. Бұл жобаны жүзеге асыруда қала­ның шеткі аймақтарына ерекше назар аударылады. Атап айтқанда, жеке инвестиция есебінен «Приго­родный» мен «Өндіріс» тұрғын алаптарында дәрігерлік амбу­ла­то­рия бой көтерді.

«Сақалды» құрылыстар мәселесі сап тыйылады
БҰҰ болжамы бойынша, 2050 жылға қарай адамзаттың 70 пайы­зы қалаларда тұрады, бүгінгі күні бұл көрсеткіш 54 пайызға жет­кен. Астана – миллион тұрғы­ны бар қала. 2050 жылы халық саны 3 миллионға жетеді деп күтіліп отыр. Осы ретте Астананы 2050 жылға дейін дамыту стратегиясы жасалып жатыр екен. Одан бөлек былтыр 2019-2023 жылдарға арналған Астананы жинақы салу жөнінде кешенді жоспар жасалған. Осы жоспар бойынша 2023 жылға қарай елордада 121 шақырым жол, 2 көліктік жол айрығы, 3 көпір,
1 жол өтпесі, 1 тоннель және жеңіл рельсті көлік жолын салу жоспар­ланған.
– Астананы газдандырудың алғашқы кезеңінде 2020 жылға қарай жылу-электр орталық­тары­ның су ысытатын қазандықтарын, шағын жекеменшік қазандықтар мен тұр­ғын үй массивтерін газға ауыс­ты­ру жоспарланып отыр, бұл ауаға шыға­ры­л­атын зиянды қалдықтарды 30 пайызға азайтады. 2019-2020 жыл­дар­ға арналған кешенді жоспар үшін 1,5 трлн теңге қарастырылған, – деді қала басшысы. Оның айтуын­ша, қала­дағы «сақалды құрылыстар» мәсе­лесі әлі де өзекті күйінде қалып отыр. Бүгінгі таңда осындай 29 нысан бар. Осы нысандардағы үлескерлер мәселесін шешу үшін 2022 жылдың соңына дейін проб­ле­малық нысан­дар құрылысын аяқтаудың жол картасы жасалған.
2019 жылды Елбасы Жастар жылы деп жариялаған соң, елордада «Астана жастары – 2019» өңірлік Жол картасы әзірленген. Құжат 11 өзекті бағытты қамтитын 90 жобаны құрайды. Бұл – жастар инфрақұрылымын дамыту, білім беру, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау, қолжетімді баспана, бизнесті дамыту және қаржылық сауаттылық, талантты жастарды қолдау сияқты маңызды салалар.
– Қазіргі уақытта біз Астанада алғашқылардың бірі болып «2019» қысқа нөмерімен call-center жұмысын іске қостық. Ол жастарға жұмысқа орналасу, кәсіпкерлікпен айналысу, тұрғын үй алу және білім беру мәселелелері бойынша жан-жақты құқықтық кеңес береді. 2018 жылдың басында елордада 16 аула клубы болса, қазір оның саны 32-ге жетті. Осы жылы аула клуб­тарының санын кем дегенде 50-ге дейін өсіру жоспарланып отыр. Жастар жылында «Жастар» сара­йын Қоғамдық даму істері басқар­масының балансына беріп, оның базасында Жастар ресурстық орталығын ашуды ұсынамын.

P.S.
Қала активінің алдында қаймықпай есеп берген Бақыт Тұрлыханұлының БАҚ өкілдерімен һәм блогерлермен емен-жарқын кездесуге құлықсыз әкім екенін айтпасқа болмайды. Өйткені өткен жылдың соңында журналистермен әне кездеседі, міне кездеседі деп жүргенде жыл аяқталып қалған. Әйтпесе, Астананың жиырма жылдағы жетістігі туралы мақалалар бір ай бұрын жарық көрер еді.

Халима ТӘЖІҚҰЛ

Бөлісу:

Пікір жазу


*