Газ қостыру – қиямет

339
0
Бөлісу:

Газбен қамтамасыз ету мәселесінің маңызы зор. Осыны ескерген Алматы облыстық мәслихатының шағын және орта бизнес, туризм, сумен және жылумен қамтамасыз ету желілері, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымдарын жаңғырту, индустриалды-инновациялық дамыту мәселелері жөніндегі тұрақты комиссиясы мен уәкілетті органдар бірлескен отырыс өткізді. Жиын барысында аймақтағы тағы бірқатар мәселелер сөз болды. 

Отырысқа «ЖетісуОблГаз» ЖШС, облыс аумағында авто­мат­­тандырылған газ реттеу стан­саларын, газ тарату желі­лері мен жүйелері құрылысын жүргізуші мердігерлік ұйымдар өкілдері де қатысты. Халық қалау­лылары жауапты тұлға­ларға нақты бірқатар мәселе­лер­ді көлденең тартты. Атап айтқанда, облыс тұрғындары­ның табиғи газға қосылу ынта­сы неге төмен және тариф қалып­тастырудағы келеңсіздік­тер­дің себебі неде? Республика бойынша абоненттерді табиғи газбен қамту тарифі Алматы облысында басқа өңірлерге қара­ғанда анағұрлым қымбат. Орташа есеппен 350 мың теңге шамасында. Кейбір жерлерде араны ашылған мердігерлер қосы­лу құнын бұдан да қымбат­та­тып жіберген. Бұл баға неден құралғанын ешкім түсіндіріп бере алмайды. Әйтеуір жауабы жоқ сауалдар жетіп артылады. Газдандыру­дағы ұсынушы мен тұтынушы арасындағы түсін­бес­­тіктің кесірінен Елбасының Жетісу өңірін табиғи көгілдір отынмен қамтамасыз етуге қатыс­ты тапсырмасы орта жол­да тоқырап қалыпты.
Әрине, жобаны орындауға қатысушы инвесторлардың өз ұстанымдары бар. Оларға бірін­ші кезекте автоматтан­ды­рыл­ған газ реттеуші стансалар, газ тара­ту желілері мен жүйелері құры­лы­сына кеткен қаржыны қай­та­ру керек. Бұған нақты бір ай­мақ­та бір ғана компанияның жұмыс істейтіні, бәсекелестіктің мүлде жоқтығы да кесірін ти­гі­зіп отырғаны анық. Қалай бол­­ғанда да кеткен шығын ха­лық­­тың есебінен өтелмеуі тиісті.
– Мемлекет басшысы мен облыс әкімінің елдімекендерді таби­ғи газбен қамтуға қатысты тапсыр­маларын орындау бары­сында қыруар жұмыс атқарыл­ған. Ел арасында түсіндіру де белсенді түрде жүргізіліп, со­ның арқасында газға қосылу бойын­ша келісімшарт жасауға дайын абоненттердің ірі тобы да қалыптасыпты. Алайда «Қаз­Транс­Аймақ» АҚ сол жүзе­ге асырыған жұмыстарды қабыл­дау­ды жөнсіз кешіктіріп, або­нент­тер арасында сенімсіздік пен түсінбестіктер пайда болып жатыр, – деген облыстық мәс­ли­­­хаттағы тұрақты комиссия­ның мүшесі, «Қазақстан газ ұйым­­дары» қауымдастығының прези­денті Жуасбек Сейіт­жап­па­ров сөз соңында үйінің жа­ны­на дейін жеткізілген кө­гіл­дір отынды қостыра алмай отыр­­ғандардың нақты мекен­жай­­ларын да келтіре кетті. «Қаз­Транс­Аймақ» АҚ тарапынан орын алып отырған бәсе­ке­лес­тікке қарсы бағытталған әре­кет­тер кесірінен газдандыру саласында қызмет көрсететін жекеменшік компаниялар саны да қысқарып кеткенін ескертті.
«ҚазТрансАймақ» АҚ «Жеті­су» өндірістік филиа­лы­ның өкі­­лі аталған мәселеге байла­ныс­ты қайтарған жауабында қазіргі кезде облыста газдан­ды­ру саласындағы нысандарда 42 ком­панияның жұмыс істейті­нін, бүгінге дейін сол компания­лар тарапынан ешқандай арыз-шағым түспегенін мәлімдеді Соны­мен бірге, тиісті құжат­тар­ды комиссияның алдына жайып салды.
«ҚазТрансАймақ» АҚ «Жеті­су» өндірістік филиалының дирек­торы Жайық Әлішевтің айтуынша, газ қосу саласындағы бәсе­келестіктің күштілігі сон­дай, жобалық және құрылыс-құрас­тыру ұйымдары тұтыну­шы­ға «талас» барысында ашық­тан-ашық тәуекелге барып, қосылу бағасын тым төмендетіп жібе­реді. Бұл өз кезегінде құры­лыс­қа мелекеттік стандарттарға сәйкес келмейтін неме­се бұрын қолда­ныс­та бол­ған материал­дар­ды пай­да­ла­нуға әкеп соқ­ты­ра­ды. Мұндай бейберекеттіктің соңы қауіпсіздік талаптарының бұзы­луы­на жол ашары және адамдар өміріне қауіп төндірері анық.
Газ шаруашылығы нысан­да­рын тексеру кезінде осындай көп­теген кемшіліктің беті ашыл­­­ды. Заңсыз газ құбырына қосы­­луды қоса алғандағы осын­­­дай жауапсыздықтардың зарда­бын тұтынушылар тартып, сені­мнен айырылып отыр. Сонымен бірге, газ жабдық­та­рын қосу бары­сын­да оларда судың, топырақтың, тас пен құмның кездесуі де өзіндік проб­­лемаларды көлденең тар­тып отырған көрінеді. Өткен жылы жабдықтардағы судың кесірінен 1576 өшіру тіркеліпті. Осы­лардың барлығы тұрғын­дар­дың табиғи газға қосылуға деген ниетіне кері әсер етіп, оның артық­шылығына қатысты күдік­ті тіптен еселеп жіберген. Соңында барлық зардапты тұтынушы тартады. Басқаны айтпағанда, тиісті қаржыны төлеп тастағандарына қарамай, әлі күнге үйін қатты отынмен жылы­тып, екі рет шығынданып отыр­ғандардың газдандыру сала­­сын бақылауды босаңсыт­қан атқарушы билік пен «тиын» қуған мердігерлерге өкпесі қара қазандай.
Осылайша, соңғы айларда облысты газдандырудың қар­қы­ны баяулап кеткені білініп отыр. Әсіресе, мемлекет тарапы­нан барлық қолдау жаса­лып жатқан Талды­қор­ған­да­ғы бұл көрсеткіш тым нашар. Облыс орталығы тұрғындары­ның тірлік сапасын жақсартып, экологиясын сауықтыруға арнал­ған ауқымды жобаның жақ­сы­лығын жұрт әлі толықтай көре алмай отыр.
Барлық тараптың бірін-бірі кінәлауы мен өзін ақтауға келтірген дәлелдерін мұқият тыңдаған тұрақты комиссия төрағасы Ызғарбек Бек­тұр­сы­нов жағдайды оңалтуға мүдделі тараптарды қатыстыра отырып, облыстық мәслихат депуттар арасынан жұмысшы топ құруды тапсырды.

Болат Абаған, Алматы облысы.

Бөлісу:

Пікір жазу


*