Үлкенге құрмет, кішіге ізет қайда?

231
0
Бөлісу:

Атам қазақ «Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» деп келген. Дейді де қазір. Бірақ болашақта олай бола қояры неғайбыл. Өйткені өзінен жасы әлдеқайда үлкен адамдарға автобуста орын бермек түгілі, «Кетші-ей, сен!» деп бетіне бадырая қарайтындар өсіп келеді.

«Ата-анаңа қарсы келме!», «Үлкеннен бұрын сөйлеме!», «Әдепсіз сөз, өтірік айтпа!», «Жаман әдетті үйренбе!», «Мақтаншақ, тәкаппар бол­ма!» сияқты сөздерді естіп, көкей­ге түйіп өскен бізге өзің­нен әлдеқайда кіші бала­ның «сен» деп сөйлейтіні ауыр тие­ті­ні рас.
Осы құрметтеу дегеннің өзі ізеттен пайда болатынын білмейтіндер баршылық. Біреулер «сіз» деп сөйлесем, кішірейіп қалам» деп ойласа, енді бірінің үйінде алған тәрбиесі сондай. Орыстандыру саясаты жүргізілген Кеңес дәуірінде балалар мектеп табалдырығында жүріп-ақ осы идеологияның ащы зардабын тартты. Өйткені орыс пен қазақ сыныбында дәрістенген­дер­дің айырмасы жер мен көк­тей болатын. Орыс мектебінде тәлім алғандар үлкен-кішіге қарамай, бетке айтумен дара­лан­са, қазақша оқығандар бір-біріне аға-іні, апа-сіңілі болып араласатын. Үлкенге, бөтен адамға «сіз» деп тұратын. Кейін сол орыс сыныбын бітір­ген оқушылар ержетіп, балалы-шағалы болған күннің өзінде, қарашаңырақ табалды­ры­ғынан жұқтырған «жеке қасиет­­тері» ұрпақтарына «сый» болуда. Әрине, көпке топы­­рақ шашпаймыз. Деген­мен кейінгі кезде тәрбиесіз­дік­тен болған қылмыстар көптеп тіркелуде.
Үлкенге құрметтің жоғын көрсеткен тағы да бір оқиға жақында тіркелді. Астаналық полицейлер 82 жастағы кейуа­на­ны тонады деген күдікпен 33 жастағы ер адам және 19 жас­тағы бойжеткенді қамауға алды. Қаскөйлер қылмысты күндізгі уақытта елордалық банк филиалының бірінің қасын­да жасаған. Олар зей­нет­­ақы алатын күні зейнет­керлерді аңдыған. Бойжеткен банк ғимаратына кіріп, шоты­нан ақша алып, қалта­сына салып жатқан егде жастағы әйелді байқаған. Ол жәбір­лену­ші­нің соңынан жүріп, бір үйдің ауласында сыбайласы­мен бірге әжейдің 170 мың теңгесін ашық түрде тартып алған.
Сіз бұрын ұлы не қызы шешесін ұрды, әкесіне қол жұмсады дегенді естіп пе едіңіз? Білмеймін. Ал қазір екінің бірінің ауызында – сол әңгіме. Етіміз үйренген, таң қалмай­мыз. Әлеуметтік желіге кірсе­ңіз, сондайлардан көз тұнады. «Алматы облысының 42 жастағы тұрғыны анасын қатыгездікпен ұрып тастаған. Егде жастағы әйел түрлі жара­қат алып, миы шайқалған. Оқиға Райымбек ауданының Кеген ауылында орын алған. Зардап шеккен әйел 18 желтоқ­сан күні дәрігерлердің көмегіне жүгініпті. Бастапқыда әжей жарақаттануының себебін жасырмақ болған. Алайда тәртіп сақшылары егде жаста­ғы әйелді өз ұлы ұрып-соққанын анықтады. Ер адам тұтқын­далып, аудандық поли­ция бөлімшесіне жеткізілді»…
Жасы үлкенді құрметтеп, анамызды аялап, әкемізді ардақтап өскен қазақ едік. Қайда барамыз?

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*