Бірдей сұлулық байқауының қажеті қанша?

329
0
Бөлісу:

Жыл соңында өтетін, аты да, заты да ұқсас үлкен бір сайыс бар. Ол – сұлулық байқауы. Мәселен, 2018 жылдың 8 жел­тоқ­санында – әлемнің, 17 жел­тоқ­санда жаһанның ең сұлу қызы анықталды. Бір қарағанда, сымбаты келіскен аруларды іріктеп, дефиле жасайтын жарыс сыңайлы. Дегенмен бұл екі байқаудың айырмашылығы жер мен көктей екен.

Бұл байқау – бизнес көзі
Бір қызығы, қос сайыс қатар басталыпты. «Әлем аруы» тұңғыш рет 1951 жылы Ұлыбританияда басталса, «Жаһан аруы» 1952 жылы АҚШ-та өткізілген. Британ конкурсын бастаған – Эрик Морли. Жарнама агенттігінің жобасы әу баста Лондондағы түнгі клубтар желісіне адам тарту мақсатында қолға алынған деседі. Бірақ Морли оны әлемдік байқауға ұластырады. Осылайша, агенттік қыруар табыс әкелетін кәсіпорынға айналып шыға келеді. Бүгінде бұл жерде 15 мыңға жуық адам қызмет етеді. Эрик дүниеден өткен соң, билікті жұбайы Джулия қолға алады. Яғни «Әлем аруы» отбасылық бизнестің үлгісі десек, қателеспейміз. «Жаһан аруы» болса, бастапқыда шомылуға арналған киімдердің жарнамасы үшін ұйымдастырылыпты. Яғни байқау өтетін бір ай мерзімде қатысушы қыздар жағажайға арналған сән үлгілерін көрсетеді. 90 жылдардың ортасынан 2015 жылға дейін конкурс қазіргі АҚШ президенті Дональд Трамптың иелігінде болды. Кейін Трамп президент сайлауына қатысып, сол жерде латынамерикалық мигранттар туралы қатты айтып қалады. Соның салдарынан Мексика мен Панама қатысудан, байқау трансляциясын жасаудан бас тартады. Бүгінде бұл жарыс продюсерлік агенттіктің қолында.

 

Бірінің бірінен бәсі артық па?
Бұл екі байқаудың айырмашылықтары мен ұқсас тұстарын тізіп шығалық. Біріншіден, қатысушылардың бойына қатысты. «Әлем аруына» 172 см-ден биік қыздар ғана қатыса алса, «Жаһан аруы» модельдік байқау болмағандықтан, бойға қатысты нақты талап жоқ. Мәселен, ең тұңғыш жеңімпаз Арми Кууселаның бойы 165 см болған екен. Дегенмен қатысушылардың бойы көбіне 170 см-ден кем емес. Қатысушыларға қойылатын қатаң талап – некеде тұрмауы және конкурс кезінде балалы болмауы. Жеңімпаздарға келісімшартта көрсетілген мерзім аяқталғанша рұқсат жоқ. Сонымен бірге, бұрын-соңды істі болмауы да талаптардың ішінде бар. «Әлем аруына» 17 жастан бастап, «Жаһан аруына»18 жас­тан бастап қатысуға болады. Максимал жас – 27. Британ конкурсына тек ұлттық сұлулық байқауларының жеңімпаздары қатысады. «Жаһан аруына» келбеті келіскен кез келген қыз кандидат бола алады. «Әлем аруына» үміткер ана тілінен басқа кемі бір тілді еркін меңгеруі тиіс. Өйткені байқау барысында сыртқы көріністен бөлек, жоғары интеллект, мәдениет, талант бағаланады. Соның ішінде гуманитарлық не қайырымдылық саласында белсенді үміткердің жеңу мүмкіндігі жоғары.
Байқау қалай өтеді?
«Әлем аруында» спорт сайыстары, таланттар шоуы, ұлттық киімдерін паш ету, «Үздік топ-модель», «Үздің мультимедиялық жоба», «Үздік қайырымдылық жобасы» сынды аталымдар бойынша өткізіледі. Екі байқау да басында кешкі көйлектер мен шомылу киімдерін көрсететін дефиле арқылы белгілі еді. Бірақ 2015 жыл­­дан бері қарай америкалық сайыстан бұл бөлім алып тасталды.
Ұйымдастырушылардың сөзіне сенсек, қатысушылар тән сұлулығынан гөрі жан сұлулығын жоғары қоюды жөн көрген. Есесіне, ұлттық киімдерін көрсететін дефиле қызық өтеді. Елінің символын барынша көркем етуге тырысып бағады. Дегенмен сынға ұшыраған жағдайлар да жиі кездеседі. Айталық, байқауға биыл Қазақстанның атынан барған Сабина Әзімбаеваның алтын адам образы мен «Рухани жаңғыру» элементтері қосылған киіміне көпшіліктің көңілі толмады. «Әлем аруында» бас жүлдеден бөлек, әр континенттің үздіктерін де таңдайды. Азия, Африка, Еуропа, қос Америка, Кариб теңізі және Океания арулары анықталады. «Әлем аруына» 2018 жылы Қазақстанның атынан Екатерина Дворецкая қатысқан еді. Бірақ үздік отыздыққа да іліне алмады.

Сыйдың соңы – жауапкершілік
«Жаһан аруының» жеңімпазы бір жыл бойы Нью-Йорктегі ең мықты апартаменттерде тұруға мүмкіндік алады. Оған жалақы төленіп, дәрігерлік қызмет көрсетіледі. Сонымен бірге, косметолог, стилист, жаттықтырушы мамандардан кеңес алып тұрады. Байқау демеушілерінің сыйлықтарына «көмілетіні» белгілі.
«Әлем аруы» байқаудан кейінгі бір жыл Лондонды тұрақтайды. Сыйақысы нақты айтылмағанымен, 2013 жылғы жеңімпазы Меган Янг бір жылда өте көп қаражат табуға болатынын бір сұхбатында айтып өткен екен. Қос байқаудың жеңімпаздары да жыл бойы босамайды. Әр минуты жазылып, кестеге салынады. Түрлі келісімшарттар жасалып, брендтерді жарнамалаумен айналысады. Сонымен бірге, телешоу, мәдени іс-шаралар, қайырымдылық шараларына белсене қатысады. Егер осы шарттар орындалмаса, титулынан айырады. Мұндай жағдай 2002 жылғы жеңімпаз, «Жаһан аруы» Оксана Федорованың басынан өткен. Шартты сақтамағаны үшін тәж екінші орын алған қызға табысталады. Байқаудың арқасында бүкіл әлемге танылуға мүмкіндік мол. Модель болмаса актриса ретінде карьера жасауға жол ашылады. Айталық, «Әлем аруы» болған белгілі актрисалардың ішінде Айшвария Рай (1994 ж.), Приянка Чопра (2000 ж.) бар.

Қызық деректер
• Байқауда түрлі өзгерістер болып тұруы керек. Мысалы, феминистердің әсерінен 2018 жылғы «Жаһан аруында» қазылық етуші топ тек әйелдерден тұрды. Сондай-ақ есте қалатын жағдай – тұңғыш рет трансгендер-қыз қатысты.
• «Әлем аруы – 2000» кезінде Үндістанның атынан шық­қан Приянка Чопраға «Көзі тірі әйелдердің ішінде кімді табысты деп санайсыз?» деген сауал түседі. Ол Те­реза ана деп жауап қатады. Бірақ ол кезде Тереза ана­ның дүниеден өткеніне үш жыл болған еді. Соған қа­рамастан, Приянка бас жүлде алады.
• 2015 жылы «Жаһан аруында» колумбиялық Ариад­на Гутьерреске тәж тағылады. Көп ұзамай жүргізуші қателескенін айтып, тәжді филиппиндік Пиа Вуртцбах иеленетінін айтады. Бұл алдын-ала жасалған амал болды ма, жоқ па белгісіз.
• «Әлем аруына» қатысқан 7 қыз Джеймс Бонд туралы фильмге түскен екен. Соның ішінде Хэлли Бер­ри көпшілікке танымал. Байқауда ол бар болғаны алтыншы орын иеленген еді.
• Америкалық қыздар «Жаһан аруында» сегіз рет жеңіс­ке жеткен екен. Одан кейінгі орында – 7 рет жеңім­паз болған венесуэлалық арулар. «Әлем аруын­да» Үндістан мен Венесуэланың қыздары алты-ал­ты­дан жеңіске жеткен.
• «Жаһан аруы» 67 рет өткізілген. Соңғысы Таи­ланд­та болды. 94 қатысушының ішінде Филиппиннен келген Катриона Грей басып озды. Жасы 24-те. Елінде танымал тележүргізуші, модель, актриса, қайырымды­лықпен айналысады.
• «Әлем аруы» 68 рет ұйымдастырылды. Қытайдың Са­нья қаласында өтті. Жалпы саны 118 қыз қатысты. 26 жастағы Ванесса Понс тәж иегері атанды. Мек­си­ка­лық ару әзірге ең үлкен қатысушы саналады. Жүлде та­быстау кезінде оған 26 жас 276 күн болған екен.

Айша ЕРСҰЛТАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*