NURINTECH: ИННОВАЦИЯНЫҢ ҚАЙНАР БҰЛАҒЫ

621
0
Бөлісу:

Елбасының тікелей тапсырмасымен «Нұр Отан» партиясы жас өнертапқыш­тарды қолдау мақсатында республикалық NURINTECH инновациялық жобалар байқауын өткізуді дәстүрге айналдырды. Биыл қатары­нан үшінші рет ұйымдасты­рыл­ған іс-шараның жеңім­паздары белгілі болды. Соған орай Astana Hub халықаралық ІТ-стартаптар технопаркінде байқау жеңімпаздары салтанатты түрде марапат­талды. Оған партия Төраға­сының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, Парламент депутаттары және инновация саласындағы мамандар қатысты.

Биыл байқауға қатысуға елі­міздің барлық өңірінен 1000-нан астам өтінім келіп түскен. Комиссия мүшелері финалға өткен 30 жұмыстың ішінен экология, робот техникасы, жасанды интел­лект, балама қуат көздері, жасыл энерге­тика, өнеркәсіп, IT, меди­цина, химия, биология, фармацев­тика, жол қозғалысының қауіпсіз­дігі салаларындағы ең үздік жо­баларды таңдап, үздік деп таныды.
Жас ғалымдарды жеңістерімен құттықтаған партия Төрағасының Бірінші орынбасары олардың ғы­лыми жұмыстары лайықты жал­ғасын тауып, ел дамуына өз үлесін қосатынына сенім білдірді. Сон­дай-ақ Мәулен Әшімбаев Төртін­ші өнеркәсіптік революция жағда­йында цифр­ландырудың, инно­вацияның және жаңа техноло­гияның маңызы зор екенін, Елбасы осы салаға ерекше көңіл бөліп, оның жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасап келе жатқанын тілге тиек етті.
– Байқау – Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырма­сымен қолға алынған жоба. Оның басты мақса­ты – талантты, болашағынан үміт күттіретін, ғылым мен инно­вацияда тың идеяларды қолға алып, жұмыс істеп жүрген жастарымызды қолдау және олардың өз баста­маларын табысты жүзеге асы­руына жағдай туғызу, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ ол марапаттау сал­танатының Astana Hub ІТ-стартаптар технопаркінде өтуі де тегін емес еке­нін айтты. Оның айтуынша, Ел­басы ашқан бұл орталық еліміздегі инновация саласының мамандарын бір арнаға тоғыстырып, оларға жү­йелі түрде қолдау көрсететін және стартаптарын жүзеге асыруға жол ашып беретін алаң. Ашылғанына көп уақыт өтпесе де Astana Hub өзінің тиім­ділігін дә­лел­деп үлгерген. Бүгінде мұнда 150-ге жуық стартап жүзеге асырылуда.
– NURINTECH байқауының жеңімпаздарын марапаттауды осы жерде өткізу арқылы жас новатор­ларға Astana Hub алаңын көрсетіп, оның мүмкіндігімен таныстыруды мақсат тұттық. Сондықтан алдағы уақытта жастарымыз өз жобаларын осы алаңда ары қарай дамытып, кеңейтіп, кешенді түрде іске асы­рады деп сенеміз, – деген Мәулен Әшімбаев жыл сайын байқауға қатысушылардың қатары өсіп келе жатқанын да жеткізді.
Одан бөлек, «Нұр Отан» партиясы Төраға­сының Бірінші орынбасары байқауға қатысқан жұмыстардың барлығы еліміз үшін маңызы зор жобалар екенін де атап өтті. Сондықтан ол келешекте атал­ған жобалардың тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің өзге елдерінде де танымал болатын ғылыми жаңа­лықтар мен инновациялық жетіс­тіктерге айналуына тілектестігін білдірді.
Сонымен қатар Мәулен Әшім­баев мұндай бастамалардың еліміз үшін берері мол екенін айтып өтті.
– Бүгінде елімізде Елбасы­мыз­дың бастама­сымен Қазақстанның Үшінші жаңғыруы жүзеге асырылып жатыр. Бұл кешенді бағдарламаның негізінде еліміздің технологиялық, инновация­лық және үдемелі дамуы көзделген. Техноло­гиялық дамудың негізгі кілті ғылыми жаңалықтар мен инновация. Сондықтан қазіргі таңда осы бағыттағы бастамаларды, стартаптарды, ғылыми және ІТ жо­баларды кеңінен қолдауымыз керек. Осы тұрғыдан келгенде, партия­мыздың NURINTECH байқауының маңызы зор, – деді партия Төр­аға­сының Бірінші орынбасары.
Мәулен Әшімбаев жастарға өз күштеріне сеніп, ойлары мен идея­ларын жүзеге асыру жолында табан­дылық танытып, арманына жету үшін аянбай еңбек ету керек екенін де айтты.
– Біз қазір Google, Amazon, Apple, Microsoft, Tesla, AliBaba сияқ­ты ірі инновациялық компа­ния­лардың өнімдерін қолданамыз. Олар да арман мен мақсаттың және табанды еңбек пен қажыр-қайраттың жемісі. Олардың негізін қалаушылар ең басында қолында мүмкіндік болмаса да өз жоба­ларының жеміс беретініне сеніп, еңбектене білді. Сондықтан бү­гінгідей табысқа жетіп отыр. Сол себепті, сіздер де өз мүмкіндік­теріңізге сеніп, еңбек етулеріңіз керек. Сіздерге Елбасы да үлкен сенім артып, Astana Hub сияқты стартаптар алаңын ашып берді. Мемлекет басшысының тапсыр­масымен NURINTECH сияқты байқаулар да көптеп ұйымдасты­рылып жатыр. Енді қазақстандық жастар Елбасының осы сенімін ақтап, инновация жолында аянбай жұмыс істеулері керек, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен бірге, жас өнертап­қыштарды Мәжіліс депутаттары Альберт Рау мен Геннадий Ши­пов­ских, Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаев, Astana Hub ха­лықаралық ІТ-стартаптар техно­паркінің дирек­торы Әділет Нұр­ғожин, Ұлттық биотехнологиялық орталықтың бас директоры Ерлан Раманқұлов және тағы басқа азаматтар құттықтап, игі тілектерін жеткізді.
«Жас Отан» Жастар қанатының ұйытқы болуымен өткізілген бай­қаудың нәтижесінде, үш аталым бойынша жеңімпаздар мен жүлде­герлер анықталды. Атап айтқанда, «Әлеуметтік маңызды иннова­ция­лар» аталымы бойынша қызылор­далық Нұрсұлтан Пірімбетов же­ңімпаз деп танылды. Ол байқауға қаладағы кептелісті азайту үшін көлікті жалға алуға арналған мо­бильді қосымшасын ұсынған. Бұл аталымда мүгедектер арбасын авто­маттандыру қондырғысын ойлап тапқан астаналық Дулат Әміржан 2-орын алса, үздік үштікті көзі нашар көретіндер үшін роботтан­дырылған арнайы таяқ жасап шыққан павлодарлық Әлихан Рахметов түйіндеді.
Ал Д.Серікбаев атындағы Шы­ғыс Қазақстан мемлекеттік техни­калық университетінің жас ғалым­дары танталдан жасалған отандық медициналық импланттардың үлгісін ойлап тауып, «Үздік жас ғалым» аталымында жеңіске жетті. Олардың сөзіне қарағанда, қазір үлгі клиникаға дейінгі сынақтан өтуде. Егер сынақ нәтижелері сәтті болса, бұл құрылғылар Қазақстан ғана емес Ресейдің де нарығында сұранысқа ие болмақ.
Бұл аталымда өздігінен реттеліп, жылынатын кабель дайындап шыққан алматылық Нұрқадыр Мансұров 2-орын алды. Ал тозған және тұздалған жерлерді қалпына келтіруге арналған биоме­лио­рант ойлап тапқан Жамбыл облысының тумасы Дәулет Егембердиев 3-орынға табан тіреді.
Былтырғы байқауда жеңіске жетіп, робот техникасынан халық­аралық жарыстардың жеңімпазы атанған мектеп оқушысы, алма­тылық Любовь Дудченконың ту­ризмді дамытуға бағытталған joARney мобильді қосымшасы «Жас­тардың инновациялық жобасы» номинациясы бойынша топ жарды. Аталған қосымша арқылы Алматы қаласындағы таулы аймақтың моделін толыққанды шынайылық (augmented reality) форматында көруге болады.
Көлік жақындағанда құлақ­қаптың дыбыс деңгейін өзі төмен­дететін қосымша жасап шыққан алматылық Жәңгір Сиранов аталған номинация бойынша 2-орын алса, жарықтың көмегі арқылы дерек­терді беру жобасымен байқауға қатысқан атыраулық Арсений Кан үшінші орыннан көрінді.
Барлық жеңімпаздар мен жүл­дегерлерге қаржылай сыйлықтар табыс етілді. Нақты ­айт­­қанда, 1-орын алған жас ғалымдарға 1 мил­ли­он теңге сыйақы тағайындалса, 2-орын иегер­леріне – 500 мың, ал 3-орын алған өнер­тап­қыштарға 250 мың теңгеден берілді. Бай­қау­дың жалпы жүлде қоры 5 миллион тең­гені құ­рады. Одан бөлек, қоста­най­лық 11-сынып оқу­шысы Петр Ши­лов байқаудың арнайы жүлдесі – Халық­аралық ақпараттық техноло­гиялар универси­тетінің грантын ұтып алғанын да атап өткен жөн.

Әділет НҰРҒОЖИН,
Astana Hub халықаралық
ІТ-стартаптар технопаркінің директоры:


– NURINTECH – жас новаторларды қолдауға арналған бірегей жоба. Сондықтан осындай игі бастаманы қолға алған «Нұр Отан» партиясына сала маманы ретінде өз ризашылығымды білдіремін. Ал байқауға қатысқан барлық жас ғалымға Astana Hub алаңының есігі әрдайым ашық дегім келеді. Себебі, Елбасымыз осы алаңды іске қосқан сәтте талантты жандарға қолдау көрсетіп, түрлі инновациялық жобаларды жүзеге асыруға жағдай жасауды көздегені белгілі. Сондықтан Елбасының сол мақсатын бірлесіп іске асыру үшін барша қазақстандық жас өнертапқыштарды Astana Hub ІТ-стартаптар алаңында бірге жұмыс істеуге шақырамын. Өз басым, бүгінгі жеңімпаздардың арасынан ертең елімізді әлемге танытатын мықты ғалымдар мен ірі компаниялардың жетекшілері шығатынына кәміл сенемін.

Ерлан РАМАНҚҰЛОВ,
Ұлттық биотехнологиялық орталықтың бас директоры:


– Дәл қазір Қазақстан үшін осындай байқаулар ауадай қажет. Себебі, бұл бір жағынан, жас ғалымдарға шабыт берсе, екіншіден, олардың креатив, бәсекеге қабілетті жобаларды дайындауына жол ашады. Себебі, байқау болғаннан кейін әр адам жеңіске ұмтылатыны анық. Ал жеңіске ұмтылған жанның көптеген тың идеяларды жүзеге асыруға қауқарлы болатыны сөзсіз. Мені қуантқан тағы бір жайт ретінде жобаға қатысушылардың көптігін айтқым келеді. Комиссия отырысы кезінде де өте қызықты әрі қоғамға қажетті жобаларды көрдік. Осы ретте жастарға мұндай байқаулардағы жеңістер мен алған жүлделерге тоқмейілсімей, одан ары белсенді жұмыс істеу керектігін жеткізгім келеді. Жүлделер мен сыйлықтардың коллекционері болудан қашу керек. Қолға алған жобалар жүлде үшін емес, көздеген мақсат­тарға жету үшін жүзеге асырылса, қазақ ғалымдарының биіктен көрінетіні анық. Сол жолда барша новаторларға табыс тілеймін.

Нұрсұлтан ПІРІМБЕТОВ,
NURINTECH инновациялық жобалар байқауының жеңімпазы:


– Мәскеу гуманитарлық-техникалық университетінде оқып жүргенімде әлемге танымал ірі инновациялық компания­ларда программист болып жұмыс істедім. Сол кезде Елбасымен кездесудің де сәті түскен еді. Мемлекет басшысы алған білім мен жинаған тәжірибені туған еліміздің дамуына жұмсау керегін айтты. Нәтиже­сінде, Қазақстанға келіп, ірі компанияның қызметкері атандым. Мен үшін елімізде ІТ саласының өте жедел дамып келе жатқаны, бұл бағыттағы жобаларға тұрақты қолдау көрсетілетіні қуанышты жайт. Соны ескеріп, көліктерді минуттап жалға алуға арналған жобаны дайындап шықтым. Жалпы статистикаға сүйенсек, кез келген қала тұрғыны барлық уақытының 4 пайызын ғана жеке көлігімен жүруге арнайды екен. Демек, қалған уақытта көліктері қаңтарылып тұрады деген сөз.

Дәулет ЕГЕМБЕРДИЕВ,
NURINTECH инновациялық жобалар байқауының жүлдегері:


– Қазақтың ең басты байлықтарының бірі – атадан мирас болған осынау ұлан-байтақ жеріміз. Біз осы кең жерді тиімді пайдаланып, оның құнарлығын артты­руды басты мақсатымыз деп тануымыз керек. Осы істе суармалы жерлердің ма­ңы­зы зор. Елбасымыз да өзінің 2017 жыл­ғы Жолдауында суармалы жерлердің аумағын 2 миллион гектарға дейін жеткізу керектігін айтқан болатын. Сондықтан осы іске ден қойып, ғылыми жоба дайындадым. Оны жүзеге асыру арзан әрі тиімді. Сол жұмысымды бағалап, ынталандырып, марапатқа лайық деп тапқаны үшін NURINTECH байқауын ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Шын мәнінде, осындай байқаулар арқылы жаңа биіктерге ұмтылып, тың істерді қолға аламыз. Алдағы уақытта жобамды жетілдіріп, елдің игілігіне жарату жолында жұмыс істеймін.

Еламан ҚОҢЫР

Бөлісу:

Пікір жазу


*