Тәлімін тыңдап ұстаздың

419
0
Бөлісу:

«Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық филиалы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының ұйымдастыруымен «Ұстаз – ұлағатты есім» тақырыбында облыс орталығындағы Абай атындағы орталықтандырылған кітапханасында білім беру саласында қызмет атқаратын жас мамандармен және білім беру саласының үздігі, жастарға үлгі болып жүрген ардагер ұстаз Айша Ниязбековамен кездесу өтті. 

Қазіргі қоғамдағы ұстаздар мәртебесі туралы сөз қозғар алдында, қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлының: «Ұстаздық – ұлы құрмет. Себе­бі, ұрпақты ұстаз тәрбие­лейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кен­ші­сін де ұстаз өсіреді. Өмірге ұр­пақ берген аналарды қалай ардақтасақ, сол ұрпақты тәр­биелейтін ұстаздарды да солай ардақтауға міндеттіміз», – деген сөзі еске түседі. Сондай-ақ ұстаз қадірі, мұғалім мәр­те­бесі туралы Мағжан Жұма­баевтың: «Алты алаштың басы қосылса, төрдегі орын – мұға­лімдікі» – деуі де тегін болмаса керек. Оның үстіне бүгінгі таң­да білім беру саласында көп­теген өзгерістер жүргізіліп жатыр. Соның
бірі – Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаев өткен жыл­ғы Жолдауында айтылған «Педагогтар мәртебесі» туралы заңының қабылдануы. Мем­лекет басшысы Жолдауында: «Бұл заң мұғалімдер мен мек­теп­ке дейінгі ұйымдардың қыз­мет­керлері үшін барлық ынта­ландыруды, жұмыс жүктемесін қысқарту және күтпеген тек­серулер мен негізсіз функция­лардан қорғауды қарастыруы тиіс», – деп атап өткен болатын. Сондықтан жоғарыдағы кез­десуде «Педагогтардың мәр­те­бесі деген не?», «Қазіргі за­манғы мұғалімдердің заманауи келбеті қандай болуы керек?» деген сауалдар алға тартылды. Сұрақтарға тәжірибелі ұстаз пікірін ашық, анық жеткізді. Шараға қатысқан Тараз қала­сындағы орта мектептерде қызмет атқарып жүрген жас мамандар да өздерін толған­дырып жүрген сұрақтарға тұщымды жауаптар ала алды. Келелі кездесуді «Нұр Отан» партиясы Тараз қалалық фи­лиалы жанындағы «Жас Отан» Жастар қанатының бөлімше басшысы Құтжан Бақытжан жүргізіп отырды.

Ерман Әбдиев, Жамбыл облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*