Жұмыссыз жүрем деп жынды бола жаздадым

277
0
Бөлісу:

Зауыттардың заманы жүріп тұрған XX ғасырда АҚШ-тың Янгстаун қаласы мықты мекендердің бірі болатын. Ондағы металлур­гиялық комбинаттардың қарқыны қатты еді. Жақсы өмірдің жарқын үлгісін көрсететін қала саналатын. Орташа табыс көлемі мен басында баспанасы барлар­дың саны бүкіл штаттарға шаққанда жоғары көрсет­кішке ие-етін. Бірақ мұндай әдемі ғұ­мырдың да тоқырай­тын кезі болады. Янгстаун халқы үшін ондай уақыт Екінші дүниежүзілік соғысқа тап келді. Майданнан кейінгі жылдары өндірістің бәрі шетелге ауыстырылады. Осылайша, жергілікті зауыттар бос қалады. 1997 жылдың қыркүйегінде қаладағы Youngstown Sheet and Tube (негізгі зауыт) жабылады.
Бес жылда қала 50000 жұмыс орны мен жалақыға шаққанда 1,3 миллиард доллар қаражат жоғалтады.

Жалпы алғанда жұмыс­сыз­дықтың жайлағаны экономикалық тұрғыдан зардап әкелетіні мәлім. Дегенмен бұл – мәселенің бір жа­ғы ғана. Қаланың «күйзеліске» ұшы­рауына экономикалық тоқы­раудан бөлек, психологиялық және мәдени құлдырау да себеп бол­ды. Біз көбіне мән бере бер­мейтін тұсы да – осы. Янгстаунға қайта оралсақ, жұмыссыздықтың салдарынан тұрғындар арасында күйзеліс, отбасындағы ойран мен суицид көбейген. Он жылда жер­гілікті психикалық денсаулық ор­та­лығындағы науқастар саны үш есе көбейген. 90-жылдардың орта­сына қарай қалада жаңадан 4 түрме салынған. Әдетте дәл осы индус­трияда өсім мұндай қарқынмен өс­пейтіні белгілі. Демек, тама­ғы тоқтықпен қатар, жұмысы жоқ­тық та адам баласын расымен аздырады.
Янгстаун мемлекеттік уни­верситетінің профессоры Джон Руссоның мынадай сөзі бар: «Янгстаун оқиғасы – Американың оқиғасы. Өйткені осы арқылы жұмыссыздық жайлаған қоғамда мәдени тұтастық ажырайтынын көрдік. Бұл тіпті экономикалық құлдыраудан да маңызды».
Естеріңізде болса, газетіміздің былтырғы қарашадағы нөмірінде «Digital-диета: ортасын ұстан­саңыз, опынбайсыз» тақырыбымен мақаламыз жарық көрген еді. Ол жерде технологияларға қарсы луддиттер тобының әрекеттерін айта келе, жаңашыл дүниелерді қолдануға қатысты жазғанбыз. Футуристер мен фантастика жан­рында қалам тербеп жүрген жазу­шылар машиналардың адам орнын басатын кезін тағатсыздана күтті. Олардың болжамы бойынша, солай болған жағдайда халық ауыр жұмыстан ада күн кешіп, қалаған дүниесімен айналысуға мол уақыт пайда болуы тиіс болатын. Сол арқылы жеке тұлға ретінде дамуға да мүмкіндік молаяр еді. Сол күн туды. Көптеген жерде автомат басқарылатын істер көп. Роботтар бізді жұмыссыз қалдырмас па екен деп қорқатындар да аз емес. Бұл тақырыпты 2018 жылдың қаза­нында «Робот та – сенің бір балаң» мақаласында қаузадық. Болашаққа қатысты қандай қауіп бар, робот­тар әлемді жаулағанда жаһанда нендей өзгеріс боларын маман­дардың талқысына салған едік. Әлбетте, компьютерлердің мүм­кіндігі бұдан бетер өсіп, жаңа технологиялардың құны азая берер болса, тұтынуға қажет бірінші кезектегі де, қымбат дүниелер де қолжетімді бола түсері сөзсіз.
Технологиялардың дамығаны келешектің кемелденуіне үлес қосатын фактор дейміз. Дегенмен мынаған назар салыңыз: ғасырлар бойы адамдар жылқының мей­лінше өнімді әрі бағалы түлік бо­луы үшін түрлі технология ойлап тап­ты. Айталық, ауыл шаруа­шы­лығына арнап соқа соқты, ат үстін­дегі шайқас үшін қылыш жасалды. Қосымша дүниелердің үнемі да­мытылып отырғанына қарап, жылқы егін шаруашы­лы­ғына һәм соғыс үшін қажет бірден-бір құ­ралға айналуы тиіс еді. Бірақ тех­нология дами келе, аттың өзін алыс­қа ысырып тастады. Орнына трак­тор мен танк келді. Статистика үшін келтірсек, тракторлар ша­руашылыққа қолданыла баста­ғаннан-ақ америкалық фермаларда жылқы саны азайған. 1930 жыл­дары 50 пайызға, 50-жылдары тіпті 90 пайызға қысқарған.
Енді адамдардың жұмыстан қысқарғаны қаншалық қауіпті? Жұмыссыздық тек табыстың азаюы­мен ғана өлшенбейді. Қыз­метінен қысқарған адам қалтасы жұқарғанымен қоймай, психи­калық ауытқуларға ұшырайды. Тіпті өмірден безінуі де мүмкін. Өйткені адам жаратылысынан қимылға жақын. Жалқаулықтың жылдар бойы созылғаны жөн емес. Калифорния университетінің профессоры Ральф Каталано былай депті: «Статусынан айы­рылу, мазасыз күй кешу физикалық не болмаса психологиялық дең­гейде әсер береді. Адам кейде екі күйді қатар кешуі де мүмкін. Зерттеулер нәтижесінде ұзақ уақыт жұмыссыздықтан зардап шегудің салдары жақыныңды жоғалт­қан­нан да ауыр. Тіпті ауыр жарақаттан жазылу бұдан оңай соғуы мүмкін. Өйткені күйбең тіршілік, күн­делікті шаруа көп ойлануға мұрша бермейді. Эмоциялық күйзелістен шығу үшін көбінің жұмысқа «баспен» кіріп кететіні де сондық­тан. Жұмыссыздарда ондай жағдай жоқ». Расында адамды ойдың құрты жегідей жейді. Әр нәрсені ойлау, уайымға салыну үшін де адамға бос уақыт қажет боп жа­тады. Жұмысы жоқтың «жүнжіп» кетуінің бір себебі осы болса керек. Жылқыны біржолата ысырғандай жағдай адам басына келмеуі тиіс. Болашақты елестеткенде, тұты­нушы қоғамнан гөрі шығарма­шылықтың шарықтаған шағы елестейді. Адам атқаратын көп істі «темірлер» тындырады. Біз болсақ, жеке бастың дамуымен жүреміз. Былайша айтқанда, технологиялар индивидтерге басымдық береді.
Қазақстанның халі қалай? Ең­бек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрі Мадина Әбіл­қа­сы­мова 2018 жылдың соңына қарай жұмыссыздық деңгейі туралы атап өткен еді. Оның айтуынша, ел бойынша көрсеткіш – 4,9 пайыз. «Соңғы сегіз жылда жұмыспен қамтылғандар саны 8 миллион 100 мыңнан 8 миллион 600 мыңға көбейді. Жұмыспен қамту құры­лы­мында көптеген өзгерістер бол­ды. Бейресми жұмыс орындарын қысқартып жатырмыз. Қызмет көр­сету және өнеркәсіп салала­ры­ның үлесі 72 пайыздан 80-ге өсті. Бұл еліміздегі ахуалдың тұрақ­танып келе жатқанын көрсетеді» деді сала министрі.
Жаһандағы жағдай қалай? Әлем бойынша жұмыссыздық деңгейі орташа деп бағаланады. Кей сарапшылар тұрақты деген тұжырымды да айтады. Дегенмен экономикалық дамудың басты көрсеткіші ретінде жұмыссыздық деңгейін ала алмаймыз. Өйткені деңгейі төмен болғанына қарап, бәрі бай әрі жұмысбасты екен деу – қате. Мысалы, дамыған елдерде жұмыссыздық деңгейі жоғары. Ол жақтарда халыққа жағдай жақсы жасалған. Сол себепті жалақының да соған сай болғаны сұралады. Жұмыс беру­шінің бәрі бірдей айлықты «ас­пандата» алмайтыны тағы белгілі. Осыдан барып заңсыз еңбек миграциясы, салықтан жалтару, әлеуметтік шиеленіс пен қылмыс көбейеді. Дегенмен дамыған елдерде бір жақсысы азаматтар қалауына қарай жұмысты тез таба алады. Бұл бір ізге салынған. Тиімді әлеуметтік қорғау жүйесі бар. Енді дамуы кенже елдерде ахуал басқаша. Мұндай жерлерде аз жалақыға болсын жұмыс істеуге даяр. Алдыңғылар секілді шертіп таңдау мүмкіндігі жоқ. Табылған бірінші жұмысқа орналасады. Әлеуметтік пакеті қарасты­рыл­маған тұрақсыз жұмысқа тұрудан тайынбайды. Өйткені бастысы, табыс табуды ғана көздейді.
Жұмыссыздықтың жасырын аспектілері жетерлік. Бұл жерде мекеннің маңызы зор. Мәселен, қалада жұмыс орны көп. Сонымен бірге, ресми тіркелуін де есепке алу керек. Ал енді ауылдық жерлердегі ахуал қандай? Біреудің қойын бір күн бағып, 2 мың теңге алғаны – өзі үшін табыс. Бірақ ресми түрде ол адам – жұмыссыз. Демек, ел ішіндегі нақты деңгейді анықтау осы тұрғыда қиындық тудырады. Сонымен бірге, таяқтың келесі ұшын қараңыз: жұмысы бар деп құжат жүзінде ғана тіркелгендер тағы бар. Жұмыспен қамтылу ста­тистикасына кері әсері болма­ға­нымен, елдегі шынайы әлеуметтік-экономикалық жағдайға әсер ететіні анық.
Демек қай жағынан алсақ та, халықтың жұмыс істегені кімге болсын тиімді. Бірінші кезекте жеке басын асыраудың алғышарты десек, мемлекеттің дамуы үшін ма­­ңызды екені тағы бар. Ұзақ уа­қыт жұмыссыз жүрген таны­сым­ның әбден тынышы кеткен. Басын әр жарға соғып жүріп, жұмысқа ор­наласқанда айтқан сөзі: «Жұ­мыс­сыз жүрем деп жынды бола жаз­дадым». Расында тіршіліктің ты­нысы «тырбаңдаумен» ашылады.

Жадыра АҚҚАЙЫР

Бөлісу:

Пікір жазу


*