Жұтылып кетпеудің негізгі жолы

768
0
Бөлісу:

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы – тарихи, ұлттық санамызды жаңғыртып, тәуелсіздігімізді одан ары күшейтуге бағытталған ауқымды еңбек. Ондағы басымдықтарды жүзеге асыруға мән берген «Нұр Отан» партиясы «Ұлы дала» шығармашылық байқауын жариялады. Рухани жаңғыру идеялары мен құндылықтарды дәріптеп, әдебиетті дамытып, оған қолдау көрсететін байқауға 18 бен 40 жас аралығындағы қаламгерлер қатыса алады. Еліміздің рухани жаңғыруы мен дамуын суреттейтін, талантты жас әдебиетшілерді анықтап, олардың еңбегіне лайық баға беретін додаға қатысу уақыты аяқталуға таяу.

Соңғы жылдары әдебиетке қамқорлық байқала бастады. Бұл сеңнің қозғалуына Мемлекет басшысының «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» мақаласы түрткі болғаны анық. Себебі, осы стратегиялық маңызы зор мақала жарық көргелі бері нақты істер орындалып, рухани салаға шын көңіл бөліне бастады. Сонымен бірге, ақын-жазушыларға қолдау білдіретін бірқатар жоба қолға алынып, жүзеге асырылды. Бұл байқау да осындай игі шаралар­дың жалғасы іспетті. Шыны керек, Елбасы партиясының әдебиетке көңіл бөлгені ақын-жазушылар қауымын ерекше қуантып отыр. «Әдебиеттің да­муына, жастардың көрінуіне мүмкіндік жасаған партияға алғысым зор. Енді осы байқауға қатысатын шығармалар нау­қаншылыққа бой алдырмай, терең зерттеліп барып жазылса деймін» дейді жазушы Әлібек Асқаров. Өйткені Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» ма­қаласы – үлкен бір кезеңдік құ­жат. Сондықтан оны жүзеге асыруға бағытталған бастамалар есеп үшін емес, елге нақты пай­дасы тиетін игі іс ретінде жүр­гізілуі керек. Шынайы, ашық болғаны жөн. Яғни, тарихты өзімізге лайықтап, бұрмаламай, нақты түрде насихаттауымыз тиіс. Міне, байқауға қатысу­шылар осыны ескеруі қажет.
Тарихи шығармалар жазып, кітап оқуды дәріптеу – Елбасы­ның «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақала­сын­да айтылған идеялар мен құн­ды­лықтарды дәріптеуге бағытталған қоғамдық іс-шаралардың қата­рындағы ең маңыздысы болып отыр. «Ұлы даланың ұлы есім­дері» бөлімінде Елбасы «Мақ­сатты мемлекеттік тапсырыс ұйым­дастыру арқылы қазіргі әдебиеттегі, музыка мен театр са­ласындағы және бейнелеу өне­ріндегі ұлы ойшылдар, ақындар және ел билеген тұлғалар бей­несінің маңызды галереясын жасауды қолға алу қажет», – деп атап өтті. Міне, осыдан кейін тек ары қарай тек жұмыс істеу керек. Пікір алуандығы ескерілуі тиіс. Президент әдебиетшілерге «мы­наны жаз» деп анықтап айтып бермегенімен, нақты бағытты көрсетіп берді. Әдебиетімізде тарихи шығармалар баршылық. Алайда кеңестік кезең цензура­сына сәйкес көптеген тарихи деректерді өзгертіп беруге тура келген жағдайлар да бар. Осы тұста көркем әдебиет пен пуб­лицистиканың да аражігін жете түсінуіміз керек. Мәселен, осын­дай бағдарламаларды дәріптеп жазғанда көркем шығармада бәрі образды түрде берілуі мүмкін. Белгілі жазушы Төлен Әбдік бұл туралы: «Тіпті шығармада бағ­дарламаның атын мүлдем ата­мауға да болады. Ал публицис­тикада бәрін ашық айтады. Осы жағын да назардан тыс қалдыруға болмайды» дейді. Сол сияқты жаңа заманның көзқарасындағы тарихи тұлғаның әдеби бейнесін барынша шынайы етіп ұсыну – жазушыларға артылған жүк десе, артық айтқанымыз емес. Кітапты да жаңа заманға сай ұсына білу керек.
Тағы бір ескере кетер жайт, байқауға қатысатын шығармалар оқырман талабына сай болуы керек. Жаңа заманның кейіпкер­лері сомдалуы қажет. Бұл шығар­маларда бәсекеге қабілетті қазақ­тың жаңа бейнесі көрініс табуы тиіс. Міне, осы шығармалар ар­қылы қоғамымыздың прототип­терін көрсетеміз.
Ал енді қазіргі қоғамның ке­йіпкері дегеніңіз кім? Ол қандай адам? Ол енді бұрынғы көркем әдебиеттегі жақсы, жаман образ­дар емес. Ондағы біржақты көз­қарас емес. Ол – кәдімгі өзіміз­бен қатар өмір сүріп жатқан, позитив ойлайтын жаңа образ­дар, кейіпкерлер. Міне, бізге осы керек. Қуаныштысы сол, Ел­басының мақаласында өмірі өнеге болатын ұлы тұлғалар туралы, Отанымыз, еліміз бен жеріміз туралы фильмдер түсі­руге көңіл бөлініп отыр. Менің ойымша осының бәрінің негізі бастау бұлағы, қайнар көзі – әдебиетте жатыр. Оның барлығы әдебиеттің нысаны арқылы қаланып қана фильмге, басқа да жанрдағы көркем шығармаға айналады. Оның сыртында әрбір жеке адамның рухани кемелдікке жетуі, жоғары мәдениеттің иесі болуы үшін көркем әдебиеттен үлкен азық жоқ дер едік. Өзіміз өмір сүріп отырған жаһандану­дың жақсы жақтары өте көп. Бірақ оны өзімізге лайықтап пай­далана алмасақ, оған сауа­тымыз жетпесе, жұтылып кетуі­міз де мүмкін. Ал бұл жұтылып кет­пеудің негізгі жолы осы – ұлт­ты, халықты рухани ашықтырмау.

Гүлжан РАХМАН

Бөлісу:

Пікір жазу


*