Қызылшадан қалай құтыламыз?

161
0
Бөлісу:

Еліміз бойынша қызылша ауруы өршіп тұр. Әдетте қараша мен наурыз айларының аралығында көбейетін бұл аурудың «дәмін татқандар» соңғы жылы күрт көбейіп кетті. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, қызылшаның бұлай өршуіне Еуропа өңірінде, оның ішінде елімізбен шекаралас елдердегі қоздырғыш циркуляциясының өсуі себеп екен. Солардан жеткен инфекция дәл қазір бізге қауіп тудырып тұр.

Соңғы үш айда еліміз бойынша бұл аурумен 723 адам ауырған. 90-жылдары вакцинациялауды өткізіп алып, егілмеген адам­дар­дың, оның ішінде болашақ ана­лардың да болуы – қызылшаның көбеюіне әсер етіп отыр. Былтыр Еуропалық аймақ елдерінде қы­зылшамен ауырудың 70 мыңнан астам фактісі тіркелген. Оның ішін­де Украинада 38 мыңнан астам, Сербияда 5 мыңға жуық, Фран­цияда – 2771, Италияда – 2599, Ре­сейде – 2327, Грузияда 1471 адам осы аурумен тіркелсе, Қырғыз елінде 448 адам қызыл­шамен ауырған. Өкініштісі сол,68 өлім жағдайы тіркеліп отыр. Дүние­жүзілік денсаулық сақтау ұйымы болса мұның бірінші ­себе­бін қызылшаға қарсы вакци­на­ция­ның аз қамтылуымен бай­ланыстырады.
Біздегі осы аурумен ауыр­ған тіркелушілердің арасында 14 жас­қа дейінгі балалар өте көп. Яғни 14 жас­қа дейінгі 606 бала осы қызылшамен ауырды. Олардың арасында 508 бала осы ауруға байланысты екпе алмаған болса, оның жартысынан астамы егу жасына жетпеген екен.
Бүгінде қызылшаның жоғары тіркелуі Астана қаласында орын алып отыр. Осыған дейін бұл өңірде 571 жағдай тіркелген.
Айта кетейік, қызылша – дене қызуының жоғарылауы, жөтел, мұрын бітуі, тамақтың ауыруы және бөртпемен сипатталатын вирустық жұқпалы ауру.
Ауру басталмас бұрын адамды әлсіздік билеп, дене қызуы кө­те­ріле бастайды. Басы ауырып, мұ­рыны бітеді. Қызылша пневмония (өкпенің қабынуы), бронхит, энцефалит (ми қабығының қабы­нуы) сияқты асқынулармен қа­уіп­ті. Олар медициналық көмекке кеш жүгінгенде және ауыр қо­сым­ша аурулар болған жағдайда өлімге әкелуі мүмкін. Дәрігерлер, қы­зыл­шаны емдеудің тиімді және ерекше әдісі жоқ екенін айтады. Бұл аурудан адамды қорғаудың жалғыз жолы – вакцинация. «Қазақстанда қызылшаға қарсы егу екі рет жүргізіледі: біріншісі 1 жаста және екіншісі 6 жаста. Ол үшін қызамық және паротитті компоненттермен біріктірілген қауіпсіз және тиімді вакцина қолданылады. Елімізде оның жеткілікті көлемі бар. Ауырған балалардың ішінде қызылшаға қарсы вакцина сал­дырмаған балалар да бар. Ол дұрыс емес. Әрбір ата-ана баласының жайына алаңдап, бұған мән беруі керек» дейді Астана қалалық №7 емхананың терпевт-дәрігері Ырым­гүл Хасенқызы.

Г.ОРАЛБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*