ЖАЛҒЫЗ ӨСКЕН ШЫНАРДАЙ, ӨКІНІШІН ШЫҒАРМАЙ…

575
0
Бөлісу:

«Ол қандай адам?» десе, «Жақсы адам» дері сөзсіз. Поэзия пырағына мініп алып, өлең
дейтін асау толқынға қарсы жүзе білген ақынның соңында өшпес ізі, өлмес сөзі қалды.
«Алтын сырғамен» әдебиеттің есігін ашып, «Таң алдындағы ән», «Тербеледі қайыңдар», «Жанымның жарығы» атты өлеңдер жинағымен шығармашылық ортада ойып тұрып орын алды.
Атақ қуып ұмтылған жоқ. Мансапқа да қызыққан жоқ. Басты арманы – өлең дейтін өлкеде аласармағаны.

«Отырғам жоқ қарап мен жер ошаққа,
Үміт үзбей қараймын болашаққа.
Мен биікте тұруға тиістімін,
Ей, өлеңім,
сен мені аласартпа!».
Биыл Ибрагим Исаның туғанына – 70 жыл.

 

Ақынның бәрі – жеке тұлға

Белгілі ақын Исраил Сапарбай егіз қозыдай бірге жүрген ақын досы, інісі жайлы былай деп сыр шертеді: «Әдеби ортада бұрыннан таныс-біліс болып жүрген ақы­ным ғой. Шымкенттен Алматыға келген ақын орта іздейтіні белгілі. Ол кезде Кеңшілік, Жұматай, Иранбекпен жақын араласып, бірге жүретінбіз. Бұл әрі жасқа байланысты болса керек. Ибра­гим бізден үш-төрт жас кіші. Өзі кісіге үйірсек, мінезі жайлы еді. Адам өзіне сүйеу болатын жанды іздейді ғой. Әр ақынның өз әлемі бола­тын. Өйткені ақынның бәрі жеке тұлға. Мағжанның: «Ақын­да адамзатта дос болмайды» де­ген өлеңі бар. Шын мәнінде, жан алысып, жан берісетін досы бо­луы мүмкін емес. Бірақ сыйласа­тын, сырын айтатын, кей өмірлік көзқарастары үйлесетін адамдары болады. Солай болған шығар, кейінгі жылдары Ибрагим екеуміз жақын араластық. Үнемі үйде отырып, ала таңнан қара кешке дейін өлең жаза бермейсің. Бос уақытта шығармашылық орта із­дей­сің. Сонда Ибрагим екеу­міз­дің көбірек баратын жеріміз – бильярд. Тастаяқты түріп тастауға құмармыз. Ол бильярдты шебер ойнады. Мен – Қаскелеңдемін, ­
ол – Алматыда. Екеуміз бір-бірі­мізге хабарласып, кездесетін жер­ге бір­ге барамыз. «Исраил аға» деп жиі қоңырау шалып тұрады. Қолында үнемі қол сөмкесі жү­реді. Оңашада «Мына бір өлең жазып едім. Тыңдаңызшы», – деп, өлең оқи кететіні бар еді. Әлі компьютерге терілмеген, су жаңа өлеңдері болатын. Сонда өлеңі жақсы болса, жақсы екенін ай­тып, кемшілігі болса, сын айтып, бір-бірімізге қолдау-қолпаштау біл­діріп отыратын едік. Ол менің сы­ныма ренжімейтін. Кейде шартпа-шұрт айтысып, кетісіп қалатын да кездеріміз бо­латын. Сондай сәттері апталап, кейде айлап көріспей кететін едік. Артынша уақыт өткен соң, қайта іздейтінбіз. Ақында мінез болуы тиіс. Сол мінезіміз болса керек, бізді екіге айырып, қайта табыс­ты­ратын. Мұның бәрі кем­шілік емес. Бұл ақынға ғана тән, еркелік болса керек-ті. Екеумізді көрген жұрт «егіз қозы келе жа­тыр» деуші еді. Ойымыз да, бо­йымыз да бір­дей болғасын, солай айтатын шы­ғар. Бұған біз де үйренісіп кет­кен­біз. Кейде бірге одаққа барамыз, кейде бірге биль­ярд ойнаймыз. Ибрагим кет­кеннен кейін де, біртүрлі қо­ңыл­тақсып, жалғыз­сырап қалғандай күй кештім. Тіпті «Ибрагимді ешкім алмастыра алмайды екен. Қазір мені ешкім қалаға да, еш­қайда да шақыр­майды. Ибра­гимсіз жетімсіреп қалдым» деп, іштей қамығып қалатын сәттерім болады. Қазір Алматыға одақтың жиындарына барсам, Ибрагимсіз біртүрлі күй кешемін. Шын мә­нінде, оны алмастыратын адам да, ақын да жоқ екен. Әркім өз шаруасымен күйбің тіршілік кешіп жатыр. Ке­зінде Жарасқан, Кеңшілікпен қа­тар жүрдік. Қазір Жарасқан да, Кең­шілік те жоқ. Ибрагим де жоқ…».


Ибрагимнің артында мол мұрасы қалды

Жазушы-драматург Сұлтанәлі Балғабаев – ақынның көзін көр­ген, жастық шағын бірге өткізген аяулы достарының бірі. «Студент кезімізде бізді Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетіне практикалық тәжіри­беден өтуге жіберді. Ибрагим Иса сол газетте жұмыс істейді екен. Алғаш сол газетте таныстым. Бір күні редактор Ибрагим екеумізді Сарысу өзенінің бойында өтетін малшылар слетіне жіберді. Са­рысу өзені – орталықтан 150 ша­қы­рым жер. Ибрагим екеуміздің алғаш ұзақ сапарға шыққан ке­зіміз. Ұлан-асыр той болып жа­тыр екен. Сол жолы Ибрагим сах­наға шығып, алғаш өлең оқы­ды. Оның мықты журналист қана емес, мықты ақын екеніне көзім жетті. Онда тіптен жап-жас кезі. Ибрагим бірден жұрттың көңілін жаулап алды. Сол сапардан бас­тап, Ибрагим екеуміздің досты­ғымыз жалғасты.
Ибрагиммен әдебиетке бірге келдік. Бүкіл балалық шағынан бастап, Алматыға келгені, жастық шағы – бәрі-бәрі көз алдымда. Бір ауылда туып-өсіп, бір-бірі­мізбен жиі араласып, біраз жыл көрші де тұрдық. Ибрагимнің жасы ұлғайған сайын үздіксіз жазып, шығармашылық шабыты арта түскендей болды. Әсіресе, сазгерлермен тығыз байланыста жұмыс істеп, үлкен жетістікке қол жеткізді. Ибрагим соңына мол жазба мұрасын қалдырумен бірге, өнегелі де тәрбиелі ұлдары мен немерелерін өсірді. Қазақтың қара өлеңі мен әндері тұрғанда Ибрагим мәңгі жасайтын бо­лады», – дейді жазушы.

Жаны нәзік, қыздай жігіт еді

«Ибрагим ақынмен мектепте дос болдық. Екеуміздің мектебіміз бөлек. Талай алғашқы өлеңдерінің де куәсі едік. Аудандық, облыстық газеттерде бірге жұмыс істедік. Алғаш рет бірге сурет түсірдік. Қыз Әнияны жездесі Әлібек Сү­гірбаевтың үйінен бірге алып қаш­тық. Онда Әлібек аға МАИ-дың бастығы. Айдалада шабыр­дың арасында жалғыз қыстауда, жа­рығы жоқ, музыкасы жоқ ауыл­да өзіміз ән салып, би билеп, жастар тойын өткіздік. Ибрагим Мәс­кеуге үш айлық курсқа кет­кенінде, Әниясын менің үйіме тастап кетті. Қонақүйде жатқан Тұманбай ақынға екеуміз бірге барып едік. Содан Тұманбай аға Ибрагимді Алматыға жұмысқа шақырып, бірге алып кетті. Оның «Алтын сырға» атты тұңғыш кіта­бында маған арнаған өлеңі де бар.
Ибрагим тірі жетім болды. Әкесі Иса кішкентайында Ибра­гимді тастап кеткен. Жетікөл, Тартоғай ауылдарында шешесі екеуі ағайындарын сығалап, кісі есігінде жүрді. Жас Ибрагим сол ауылдардағы мектепте оқыды. Көбіне тұрмысқа шыққан апа­сының қолында болды. Жезде­сінің жақсылығын көп көргенін үнемі айтып отыратын. Қызыл­орда қаласындағы №8 Гагарин мектебін бітірді. Сол мектепте ақын Иран-Ғайыптан бір класс төмен оқыды. Ақындығына себеп болған – жетімдігі мен жанының жұмсақтығы. Жаны нәзік, қыздай жігіт еді.
«Мені анам қаңтарда босанды, бірақ қаңтардың нешесі екені есін­де қалмапты. Қаңтардың бар­лық күнін туған күнім деп са­най­мын» дейтін өлеңі бар. Тірі бол­са, биыл жетпіс жасын тойлар едік», – дейді досы, фототілші Болат Омарәлиев.

«Байлық пенен мансапқа» қызыққан жоқ

«Ақынның жары болу оңай емес» дейді ақынның жары Әния апай. «Шынымен ақын жанын қа­лайсың ба? Шыдайсың ба, шы­нымен талай сынға? Ақын деген бірде қарт, бірде сәби, Қартты сыйлап, сәбиге қарайсың ба?» деп Мұқағали текке жырламаса керек. Ибрагим туралы айтқанда, кейбіреулер күйеуін мақтап отыр дейтін шығар. Шын мәнінде, оның жанының нәзіктігі, сезім­талдығы бөлек еді. Қамығып жү­ріп, сағынып жүріп, төрт жылдың қалай өте шыққанын білмей де қалыппыз. Ибрагиммен 45 жыл бірге тұрдық. 45 жыл – бір адам­ның өмірі. Ақынның жаны таби­ғи. Ақындық – адамға Алладан келетін құдірет. Өлеңнің техни­касын үйреніп алып, ақын болып жүргендер бар шығар, кім білсін?! Дегенмен Ибрагимнің ақындығы Алладан берілген құдірет дер едім. Ол екеуміз өмірдің қиындығын да, қызығын да бірге көрдік. Ал­ғаш Алматыға келгенде, пәтерден пәтер жағалап жүрген кезіміз де көп болды. 1977 жылы Жазушылар одағы берген үйден екі бөлмелі пәтерге қол жеткіздік. Жазу­шының барлық қаймағы жиылған үйден пәтер алу – үлкен бақыт. Қаламгерлердің арасындағы ең кішісі Ибрагим болатын. Аға-апаларының бәрін сыйлайтын еді. Өзі де табиғатынан болмысы бөлек, мінезі жұмсақ кісі болды. Үш баламыздың да атын жазушы­лар қойды. Тұңғышымыз Дидар өмірге келгенде, жазушы Мағзұм Сүндетовтің «Күтем сені, Дидар» романының алғаш шыққан кезі. Ол кезде Қызылордада тұратын кезіміз. Тұманбай Молдағалиев пен Мағзұм Сүндетов іссапармен келген екен. Шілдехана жасаймыз деп, сол кісілерді үйге шақырдық. Қонақтың бәрі өздері жазған есімдерін қағазға жазып, ортаға қойды. Соның арасынан Дидар деген есім қатты ұнады. Тұманбай ағамыздың Ибрагимнің Алматыға келуіне әсері көп болды. Ұлымыз Дәуреннің есімін сол кісі қойса, Дастанның есімін Асқар аға Сүлейменов қойды. Ибрагимнің бір қасиеті – кітап жинау. Буки­нистен кітап іздеп жүретін. Асқар аға да кітапқа құмар. Екеуі бір-бірімен кітап алмасып, жақсы шығармаларды бөлісіп жүретін еді. Ибрагимнің қандай ақын бол­ғанын қаламгер қауым өзі ай­та жатар. Бағасын да беретін – оқырман. Жалпы, ақын-жазушы еңбегінің бағаланғанын қа­лайды ғой. Ибрагимге де «Алаш» сыйлығы берілді. Атақ-даңққа қатты құмартқан жоқ. «Ел-жұрт өзі бағалайды» дейтін. Көзі ті­рісінде кітабының барлығын шығара алды. Қайтыс болғаннан кейін бір кітабын өз қаржы­мыз­бен дайындасақ, бір кітабын «Қаз­ақпарат» баспасы шығарып берді. Биыл мерейтойына арнап, үш томдығын дайындап қой­ғанбыз.
Өлең – көңіл күйдің ауаны­мен жазылатын дүние. Ол көзі тірісінде «шабытты мойында­майтын ақын» деп те жазылды. Ибрагим онша күй талғамайтын. «Жас кезінде уақытты бос өткізіп алдым» деп қамығып жүретін. Тұманбай ағасы: «Ибрагим, ән мәтініне көп құмар болма», – деп айтушы еді. Ақының да, батырың да кедей болса, пендешілікке барады. Материалдық жағ­дайға байланысты ән-текстерін жазуға барды. Бірақ сол арқылы байып кетті деп, тағы айта ал­маймын. Өтініш айтқан адам­дар­дың көңілін қалдырмауға тыры­сатын. Қазірдің өзінде концерт­терде әндері орындалып жатса, автор ретінде аты аталмай қалып жатады. Қуат Шілдаев, Арман Бексұлтан сияқты компози­тор­лармен көп жұмыс істеді. Ән мәтінін жазуды шығарма­шы­лы­ғым деп санаған жоқ. Ибрагимнің қолы ашық болатын. Бильярдты жақсы көрді. Түрлі мүшәйраларда талай жүлделерді жеңіп алды. Бірақ сол жүлделерін достарына, сыйласқан адамдарына бере салатын.
Кенже ұлымыз Дәурен кіш­кентай кезінде бір дәптер өлең жазғаны бар еді. Бірде үйге Ибра­гимнің қаламгер достары қонаққа келгенде: «Дәурен, неге өлең жазбай кеттің?» деп сұрамай ма? Сөйтсе, баламыз: «Мамам «бір үйге бір жынды жетеді» деп айтты ғой» депті. Бәрі күліп жатыр. Оны әзіл үшін айта салғам. Соны бала шын көріп, әкесінің дос­тарына айтып отыр. Ерлі-зайып­тылық өмірде ол кісіден көп нәрсені үйрендім. Әрі ақынды бір қалыпқа сыйғыза алмайсың. Ибрагимнің тағы бір қыры – фотограф болатын. Суретке түсіргенді жақсы көрді. Үйімізде ақын-жазушының барлығының дерлік суреттері бар. Мұның бәрі архив болып сақталып тұр. Бұ­рын-соңды еш жерде жариялан­баған суреттерді де Ибрагимнің архивінен табуға болады. Қадыр Мырза Әлі, Тұманбай Молда­ға­лиев, Асқар Сүлейменов, Оспан­хан Әубәкіровтің суреттері бар. Асқар ағаның газеттерге жиі ба­сы­лып жүрген суретін Ибрагим тү­сірген. Жазушылардың Ақ үйі мен Сары үйінде тұратын бір қа­уым ел едік. Бала-шағамызбен түс­кен суреттер де жетерлік. ­Қо­лында үнемі цифрлы фото­ап­па­раты болатын. Қайда барса да тастамайтын еді. Кейін соны жоғалтып алды да, ескі фо­тоаппаратына көшті. Су­ретке түсіре алмай, біраз қиналып қал­ған кезі бар. Кейін ұялы теле­фон­ шыққасын, соның каме­расымен суретке түсіруді әдетке айнал­дырды. Әкесінің бұл хоббиі ба­лаларына да көшті. Ибрагимнің жақсы қасиеті – көпшіл. Кейде ашуланып қалса, қайтымы жыл­дам еді. Ерекше балажан болды. Көшеде бала көрсе де, қолындағы бар дәмдісін беруге дайын тұ­ратын. Дәурен ҚазҰУ-дың Жур­налистика фа­культетін бітірген. Әкесінің жур­налистикадағы жолын қуған – осы бала.
Ендігі арманымыз – Ибра­гим­нің жинаған суреттерінен фото­альбом жасап шығару. Одан бө­лек, арнау өлеңдері де бар­шылық. Осының бәрін жинақ­тап, тани­тын адамдарым болса, суреттің сыртына жазып қойып жатыр­мын. Ертең немерелеріміз таны­май, білмей қалмасын деген ой. Тірісінде бала құсап, түсірген су­реттерін шығарып алып, үлес­тіріп жүретін еді. Бұл қылығына ренжіп, «Мұның не керегі бар? Олар саған сурет беріп жатқан жоқ қой» дейтін едім. Сөйтсем, ол: «бұл суретті ал­ған кезде қуа­нып қалады» деу­ші еді. Үлкенге де, кішіге де қуа­ныш сыйлағысы келіп тұратын еді. Өлеңінің бәрінде елге, ауылға сағынышын жет­кіз­ді. Өмірі үнемі сағыныштан тұ­ра­тын се­кілді көрінеді. Кісіге тит­тей де қиянат жасамаған, ба­ладай аң­ғал, кішіпейіл, қам­қор, жақсы адам еді…», – дейді.

 

P.S. Ибрагим Исаның әнге жазған өлеңі өте көп. Қазақтың бірқатар композиторларының әндеріне сөз жазды. Ақынын сағынған қауым да «Елге сәлем», «Ауылға барам» әнде­рімен мауқын басатыны анық. Әсіресе, композитор ­Қадыр­ғали Көбентайдың «Елге сәлем» әні естіген жұртты елітпей қоймайды. Бұл әнде ақынның көңілі, мұңы, сағынышы, жүрек түкпіріндегі арман-тілегі жатыр. «Байлық пенен мансапқа қызықпаған», «өз-өзінен байланып, жолға қарап ойланып, Алматыда тұрып жатқан ұлдың» елге жолдаған сәлемі еді бұл өлең.
«Алматыда бір ұлың сәлем деді дегейсің,
Сәтін салса құдайым, келем деді дегейсің.
Көңіл күйін байқатпай, кейде жүрер жол таппай,
Сағыныштың сызығы тереңдеді дегейсің…
Алматыға бұл күнде сыймай-ақ жүр дегейсің,
Туған жерін, достарын қимай-ақ жүр дегейсің.
Қалмағандай тірегі, шытынаған жүрегі,
Амал қанша, әйтеуір, қирамай жүр дегейсің…
Алып ұшқан көңілі басылып жүр дегейсің,
Жүдегенін жанының жасырып жүр дегейсің.
Жылу іздеп іздерден, жапырақтай күз көрген,
Шаршаңқырап бұл күнде шашылып жүр дегейсің.
Сөзге ілініп себепсіз, сүрініп жүр дегейсің,
Шаршағаны түрінен білініп жүр дегейсің.
Жаңа өмірге ере алмай, болашаққа сене алмай,
Өткен күннің отына жылынып жүр дегейсің…
Күтіп жүрген жоқ әзір кәрілікті дегейсің,
Сыйласатын досының бәрі мықты дегейсің.
Жалғыз өскен шынардай, өкінішін шығармай,
Мәуелеген Сыр бойын сағынып жүр дегейсің…».
Өлең өлкесінің сырбаз серісі, байлық пен мансапқа қы­зықпаған Ибрагим Исаның сыршыл жырлары халқымен бірге жасай берері анық.

Гүлзина БЕКТАС

Видеожазба: КТК телеарнасы.

Бөлісу:

Пікір жазу


*