ЖАҢА ӘЛІПБИГЕ КӨШУ – ТІЛТАНЫМДЫҚ РЕФОРМА

894
2
Бөлісу:

2018 жылдың 19 ақпанын­дағы латыннегізді әліпбидің жаңа нұсқасын бекіткен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығы қазақ халқының, қазақ тілінің даму жолына үлкен бетбұрыс жасаған бүгіннің ғана емес, болашақ­тың да бағытын анықтаған маңызы зор тарихи құжат болды. Сөйтіп, осы күннен бастап елімізде тәуелсіздік алғалы тұңғыш рет жалпыха­лық­тық тілтанымдық реформа жүзеге асырылып жатыр.

Бұл мәселеде ең алдымен тіл­танымдық реформа ұғымына жан-жақты түсінік беру керек. Қазақ жа­зуын жаңа әліпбиге көшіру ар­қылы жаңарту идеясының баста­машылары тілтанушылар болды. Ол – ХХ ға­сырдың 90-жылдары Президен­тімізге әліпби ауыстыру туралы ұсынысхат жазған академик Әбдуәли Қайдар. Әліпби ауыс­ты­руды тұңғыш рет реформа дең­гейіндегі ауқымды шара екенін айтқан ғалым профессор Н.Уәли болды. Оның зерттеуімен бұл рефор­ма­ның басты түрткіжайты – тілта­нымдық екені анықталды.
Сонымен тілтанымдық реформа дегеніміз – жазу реформасынан әл­де­қайда кең ауқымды үдерісті қамтитын ұғым. Егер жазу реформасы тек әліпби ауыстырумен шектелсе, тілтанымдық реформа тілді оңтай­ландыру мен «ұлттандыру» бойынша одан ары қарай жүретін өзгеру процестерін қамтиды. Мәселен:
1) терминологиялық жүйеде жаңа әліпбимен таңбаланатын шеттілдік сөздердің ішінен төл лексикалық бірлікпен аударуға келетіндерін аудару ұсынылып, бұл бағытта көптеген шара атқарылып жатыр. Мұнда әсіресе Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың бастамасымен іске қосылған «100 жаңа оқулық» бағдарламасының қызметі зор. Бағ­дарлама бойынша шетелдік рейтінгі жоғары ЖОО-ның оқулықтары мен танымал заманауи авторлардың оқу құралдары тұңғыш рет қазақ тіліне аударылып жатыр. Жаһандық құр­маласу нәтижесінде танымалдығы жоғары лексикалық бірліктер төл тілдің ресурстарымен қазақшаланып жатыр. Яғни, терминологиялық қор­ды латын графикасы негізіндегі әліп­бимен таңбалау алдында бұрынғы орыс тілінен автоматты түрде алына салынған терминдерге «ревизия» жасалып, олардың ұлттық тілдегі баламасына аудару үдерісі қарқын алып отыр. Мәселен, «100 жаңа оқу­лық» жобасының беделді аудар­мышаларының бірі, Ұлттық аударма бюросының бас маманы Назгүл Қожабектің мәлімдеуінен, «ағылшын тілінде -al және -ive формасында жасалған rational, objective, negative және т.б. сын есімдерді қазақ тілінде қолдану мәселесі өзекті болып отыр. Осы күнге дейін мұндай формадағы сөздер қазақ тіліне орыс тілі арқылы аударылып кіргізілді. Мысалы: объек­тивНЫЙ – объективТІ, ра­циональНЫЙ – рационалДЫ. Бұл сөздердің түбірі түпнұсқа тілінде онсыз да сын есім формасында, яғни «қандай» деген сұраққа жауап береді. Оған орыс тілінің суффиксі жалға­нып, кейін қазақ тіліне түпнұсқа сөз­дің өзі емес, орыс тіліндегі туынды сын есім аударылып жүр. Морфологиялық құрылымы бойынша талдасақ, ағыл­шын тілінің сын есімдеріне қазақ тілінің жұрнағы жалғанбауы немесе жалғанса да, сол сын есім жасалған есім сөз түбіріне жалғануы керек.
Осы себептерді ескере отырып, қазірдің өзінде оқулық мәтіндерінде «-ал, -ив» деп аяқталатын ағылшын сөздерін қазақ тілінде қосымшасыз қолдануды бастадық. Мысалы, вир­туал-ды емес, виртуал, радикал-ды емес, радикал. Сол сияқты әлеу­меттану саласында ағылшын тілінде қолданылатын бес терминге қазақша балама ұсындық, ғалымдар қабыл­да­ды. Олар: nothing – мәнсіздік, nonplaces – беймән-орын, nonthings – беймән-заттар, nonpeople – бей­мән-қызметкер, nonservices – бей­мән-қызметтер деп көрсетілген және бұдан да басқа көптеген қазақша терминдер жасалып жатқаны анық.
2) ономастикалық кеңістіктегі ұлттық тілдің жай-күйі де «ревизия» үдерісімен ерекшеленеді. Ономаст ғалымдар бүгінгі күні Қазақстанның жер-су атауларын латын әліпбиімен транслитерациялау мәселелерін шешумен қатар бүгінге дейін кеңес­тік-тоталитарлық жүйенің күштеп енгізуімен қалып қойған ономас­тикалық атауларға төл ұлттық атау­ларын қайтаруды қарқынды түрде негіздеумен айналысып келеді. Кісі есімдеріне қатысты да өзгерістер байқалып отыр. Мысалы, Қазақ­стан­ның МСМ Тіл комитетінің мәлі­ме­тінше, Павлодар облысының Качир­ский және Лебяжий аудандарының аттары Тереңкөл және Аққулы болып өзгер­тілді, Оңтүстік Қазақстан Түркістан облысы атанды, Батыс Қазақстан облысындағы Чингирлау деп ресми бекітілген аудан аты ұлттық тіл заң­дылығына сәйкес Шыңғырлау болып ауысты, Орал қаласының идеоло­гиялық ескірген мазмұндағы 87 көшесінің аты қазақ­шаланды, Ақтөбе қаласы мен облы­сындағы 60 көше мен Алматы қа­ласының 164 көше­сінің аты ұлттық тілге өзгертілді. Жалпы алғанда, 2018 жылы Ономастикалық комиссия 7 рет отырыс өткізіп, 800-ге жуық ономас­тикалық атауды қайта қарады, оның ішінде мектеп, балабақша сияқты білім беру орындарының, көше, саябақ, қала, облыс, аудан, елдіме­кен және т.б. көптеген нысан аттары бар.
Латынграфикалы әліпбиге кезең-кезеңімен көшудің жалпыұлттық жоспарына сәйкес 2024 жылы жүзеге асқалы отырған Қазақстан қазақ азаматтарының төл­құжаттарын жаппай қайта шығару науқаны қарсаңында қоғамда ұлттық есім беру үлгісін насихаттайтын шаралар көбейді. Бұл кісі есімдерін жазу мен есім берудің ұлттық жүйе­сіне қайта оралу үдерісінің қарқынды түрде іске қосылғанын байқатады;
3) тілтанушы ғалымдар әзірлеген жаңа емле жобасындағы жаңалықтар емленің ұлттық жазу жүйесіне негіз­деліп жасалып жатқанын көрсетті. Егер бұған дейін әліпби ауыстырған түркітілдес елдердің тәжірибесі орыс сөздерін таңбалайтын әріптерді жаппай бір үлгімен автоматты ­тран­с­литерациялау принципін ұс­танғанын көрсетсе, қазақ ғалым­дары қоғамның сұранысына қарай бұдан тереңдеп, кирилдегі әріптерді таң­балауда сөздердің игерілу меха­низ­міне, яғни фонетикалық және тұпнұсқалық принципті үйлестіре отырып таңбалауға арқа сүйегені анық байқалады.
Бұл мәселені зерттеген отандық ғалымдардың қорытуынша, латын графикасына негізделген қарақалпақ, өзбек, түркімен емлесінің кирилде­гіден айтарлықтай айырмасы жоқ. Бұларда шеттілдік сөздер транс­литерацияға негізделеді. Әдетте тілдегі сөздердің бір тобы транс­ли­терацияға, екіншісі ұлттық жазу дәс­түріне негізделетін емлелер сипаты жағынан аралас әрі қолайлылығы жағынан орташа деңгейдегі емлеге жатады.
Ал қазақ тілінің бүгінде ұсы­нылған негізгі емле ережелерінің жобасында шеттілдік сөздердің емлесі әлемдік озық жазулар тәжі­рибесіне сәйкес ұлттық жазу жүйе­сіне үйлескен түрде, бір жағынан, фонетикалық принципке, екінші жағынан, дәстүрлі жазу принципімен үйлестіріліп беріліп отыр. Емле жобасының «Кейбір кирилл әріптері мен шеттілдік сөздердің емлесі» атты VIIІ тарауы осы мәселеге арналып отыр. Жобада шеттілдік сөздер қазақ тілінің дыбыстау үлгілеріне әрі тұпнұсқа тілдегі тұрқына ұқсас, яғни фонетикалық және түпнұсқалық принциптердің үйлесімімен берілді. О баста бір-біріне қарама-қайшы бағыттағы бұл екі принципті бір сөз­дің жазылу үлгісінде ұштастырудағы емлешілердің көздегені сөзді ды­быстауға сәйкес таңбалау арқылы әсірефонетикалық жолға түсіп, оның графикалық образының мәтін ішінде мүлде танылмай қалуына жол бермеу (мысалы: ведомость – бедіміс/bedimis, студент – істүуденіт/istú ýdenit), екінші жағына, бүгінгі күнге дейін шеттілдік сөзді орыс тілінің емле­сіндегідей еш өзгеріссіз алудан бір­жо­ла кету. Сөйтіп, шеттелдік сөз­дер, бір жағынан, мәтін ішінде түп­нұс­қа тілдегі тұрқына ұқсасатығы ар­қы­лы көзшалымға тез танылса, яғни түсініп оқуды қиындатпаса, екін­­ші жағынан, ұлттық дыбыстау үлгі­сіне ұқсас­тығымен тіліміздің крео­лануына жол бермейтіндей тұр­пат алды: ережеде ë таңбалы сөздер – manо́vr, brýselо́z, aktór, amóba, dırıjо́r, rejısо́r; ц таңбалы сөздер – sırk, sıfr, sılındr, sırkýl; desımetr, medısına, prop­or­sıonal, abzas, kvars, konstıtýsıa, korpo­ra­sıa, seh; senarı, sıofıt, abses, absısa, ple­bısıt; щ – ýchılıshe, praporshık; э – element, elevator, epopeıa, poetıka, ko­efı­sent; ю – parashút, absalút, glúkoza, debút, prodúser, lúks, salút, valúta, búdjet, búrokratıa, sújet, búleten; fúchers, kompúter, tútor, konúktýra, konúktıvıt; я – akýmýlа́tor, mýláj, zarа́d, kalkýlа́tor; ь таңбасы бар сөздер аnsámbl, dúbl, rúbl, parо́l, asfált, púlt, ált, búldog, batalón, medalón, gаstról, аlkogól, sırkúl, álpınıs, kоbált, festıvál, оftálmolog, búldozer, múltfılm, fólklor түрінде орфограммаланған.
Бұл өз кезегінде тілдің жүйесіне де оң әсерін тигізбей қоймасы анық, шеттілдік сөздердің жазылуы мен айтылуы ұлттық тілдің жүйесіне не­гізделіп, бірқатар сөздер этимология­лық кірме сөздер, яғни төл сөздерге жақын категорияға ойысады. Сонымен бірге, жаңа емле шеттілдік сөздерді жазуда тілдің сыртқы әсерді дыбыстық деңгейде игеруінің ұлттық механизмін қайта іске қосады;
4) қазақ тілі пәнінің ғылыми кур­сының мазмұнына жаңа жазуға бай­ланысты және жаңа жазу тудырған тілдегі өзгерістерге қатысты жаңа­лықтар мен жаңартпалар қосылады, барлық білім беру деңгейлеріндегі қазақ тілі оқу пәнінің дидактикалық материалдары мен ғылыми білімдер жүйесінің мазмұны жаңарады, со­ны­мен бірге, тек жазуға қатысты емес, жалпы тілдің барлық жүйесіне қатыс­ты бұған дейін анықталған, бірақ оқыту үдерісіне енбей келе жатқан ғылыми білімдер жүйесі қосылады;
– әдістеме мен педагогика сала­сында: латын графикасы негізіндегі жаңа әліпбиді меңгертуге қатысты қысқамерзімді біліктілік арттыру курстарына қатысқан мұғалімдердің біліктілігі тек жазу теориясына қа­тысты білімдермен емес, басқа да тіл­танымдық жаңа білімдермен то­лығады; қоғамдық санадағы қазақ тілі туралы білімдер толығады, жаңарады, кемелденеді.

Анар ФАЗЫЛЖАНОВА,
ғалым-лингвист

Бөлісу:

2 пікір жазылған

  1. Мурат 11 Қаңтар, 2019 at 12:13 Жауап

    nothing – мәнсіздік—– Өте жиы қолданатын сөз, сондықтан ынғайлы болғаны дұрыс қой. Әншейінде нотингті-ештене дейміз ғой.

Пікір жазу


*