«НҰР-Медиа» холдингіне жаңа міндеттер жүктелді

750
0
Бөлісу:

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев «НҰР-Медиа» холдингінің басшылық құрамымен және оған қарасты ақпарат құралдарының басшыларымен кеңейтілген жиын өткізді. Онда холдингтің өткен жылда атқарған жұмыстары айтылып, алдағы бағыт-бағдары пысықталды.

Сөз басында Мәулен Әшімбаев өткен жылы партия қызметін жаңғырту аясында айтарлықтай жұмыстар атқарылғанын және осы бағытта «НҰР-Медиа» холдингінде де игі істер жүзеге асырылғанын жеткізді.
– Елбасы берген тапсырмалардың қатарында «НҰР-Медиа» холдингін жаңғырту ісі де бар. Соған орай көптеген іс қолға алынды. Холдингтің басшылығы ауысып, кәсіби мамандар жұмылдырылды. Қазір соның нәтижесін көріп отырмыз. Бұл істі Мемлекет басшысы да ескеріп, жоғары бағасын берді, – деді Мәулен Әшімбаев.
Жаңғырту аясында істелген жұмыстардың қатарында «AIQYN» мен «Литер» газеттерінің бір жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып қайта құрылғаны да бар. Сол арқылы басылымдардың шығындары оңтайландырылды. Сондай-ақ екі газеттің редакциясы Алматыдан Астанаға көшірілді. Жаңа жылдан бастап аталған басылымдардың форматы өзгеріп, ондағы материалдардың мазмұны мен салмағы да арта түсті.
Сонымен бірге «НҰР-Медиаға» қарасты «ASTANA» телеарнасы мен радиолардың да жұмысы жанданып, жаңа бағытта өрбігенін айта кеткен ләзім. Кадрлық саясат мәселесі де ұтымды түрде жүзеге асырылып, жас әрі білікті мамандар көптеп тартыла бастады.

Осындай ауқымды жұмыстарға назар аударған партия Төрағасының Бірінші орынбасары өткен жылды «Нұр-Медиа» холдингі үшін табысты болды деді.
– Енді біздің алдымызда Елбасы айқындап берген жаңа міндеттер мен мақсаттар тұр. Соны сәтті іске асыру үшін холдингтің жұмысын жүйелі түрде үйлестіре білуіміз керек, – деген Мәулен Әшімбаев бірқатар басымдықтарды атап өтті.
Биыл партияның құрылғанына 20 жыл толатынын, осы мерейлі жылды ел дамуына игі әсерін тигізетін іс-шаралармен атап өту керектігін айтқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары холдингке қарасты бұқаралық ақпарат құралдарының аталған іске белсене қатысуы керектігін жеткізді.
Сонымен қатар отырыста 20 жылдықтың аясындағы басты іс-шара болып саналатын партияның кезекті Съезін өткізу ісі сөз болып, оны ақпараттық сүйемелдеу ісінде холдингтің тиісті жұмысты ұтымды ұйымдастыру керектігі айтылды. Сондай-ақ ақпарат құралдарының контентін жаңартып, заман талаптарына сай ақпарат тарату мәселесін айтқан Мәулен Әшімбаев сол арқылы рейтингті көтеруге жұмыс істеуді сөз етті.
– Газеттеріміздің тақырыптық аясын шектемей, өзекті әлеуметтік мәселелерді талдап, сараптап жазуға аса мән беруіміз керек. Елбасы тапсырмаларын орындауда осалдық танытқан мемлекеттік органдардың жұмысына қатысты сыни мақалалар да жазылуы тиіс. Ең бастысы, біздің басылымдарда қоғамдағы ахуал қаз-қалпында көрініп, газеттердің өзіндік үні айқын сезіліп тұруі тиіс, – деді Мәулен Әшімбаев.
Одан бөлек, жиын барысында қаржылық тәуелсіздік және әлеуметтік желілер мен интернетте белсенділікті арттыру мәселесіне де ерекше назар аударылды.


Өз кезегінде «НҰР-Медиа» холдингінің бас директоры Ләззат Танысбай, «Айқын-Литер» ЖШС-ның директоры, «Литер» газетінің бас редакторы Нұрай Оразов, «AIQYN» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, «Túrkistan» газетінің бас редакторы Қуат Әуесбай, «ASTANA» телеарнасы бас директорының орынбасары Илхам Ибрагимов, NS радиосының директоры Әсел Балғаева, «Orda FM» радиосының директоры Лаула Оразақынқызы өздері басқарып отырған ақпарат құралдарының атқарған жұмысы мен алдағы міндеттері жайында кеңінен баяндап берді.

Бөлісу:

Пікір жазу


*