Мұғалім: жаңа мәртебе, зор марапат

764
0
Бөлісу:

Ертеңінің еңселі болғанын қалайтын кез келген мемлекет мұғалімдердің жағдайына мән беруі шарт. Өйткені ұстаз – болашақтың тәрбиешісі, жалынды жасты биікке жетелейтін жолбасшы, келешектегі кадрлық қордың іргетасын қалаушы. Мұғаліміне қарап, қоғамның болашағын болжауға болады.

Ал сол педагог сыныпта өзін нашар ұстайтын, оқытуға кедер­гі келтіретін телі-тентектің жа­ман қылықтарына, барлық теріс әдетіне, қатігез қарекет­тері­не қалайша қарсы тұра алады? Білікті ұстаздар талай жыл сынақ­қа салып, тәрбиенің тезі­нен өткізген тәсілдерін қолда­нып, тәртіпке келтіруге тыры­сады. Аңғал, жастары болса, жүйкесі шыдамай, шағым айту­ға директорға не басқа басшыға жүгіреді, болмаса, ата-анасын­сыз қайтпауға бұйырып, бұзық­ты сабақтан қуады.
Бірақ енді бәрі өзгеретінге ұқсайды: Қазақстанда мұғалімге тіл тигізуге қатысты жаңа қыл­мыс пен жаза түрі пайда болмақ.
Білім және ғылым министр­лігі «Кейбір заңнамалық акті­лерге педагог мәртебесі, мұғалім мен оқушыға жүктемені төмен­дету мәселелері бойынша өзге­ріс­тер мен толықтырулар енгізу туралы» жаңа заң жобасын әзірлеп, қоғамдық талқылауға шы­ғарды. Құжаттың 1-бабы­на сәйкес, «педагогтің ар-намысы мен абыройын қорла­ған» оқушыға, ата-анаға немесе басқаларға 5 айлық есептік көрсет­кіш мөлшерінде айыппұл салу ұсынылып отыр. Бұл – 2019 жылы 12 625 теңгеге тең.
Жергілікті билік, әкім-қаралар мұғалімдерді олардың оқытушылық міндеттерінен тыс, олармен жасалған келісім­шартта көрсетілмеген түрлі қара жұмыс­тарға, сенбіліктерге, сана­луан рейдтерге, сайлау кезін­дегі шараларға және басқа­ларына мәжбүрлеп жұмсайтыны мәлім. Бұдан былай бұл да – қылмыс болмақ. Нақтырақ тоқтал­сақ, заң жобасында «Пе­да­гогті өзінің кәсіптік мін­дет­­терін орындаумен байла­ны­сы жоқ жұмыс түріне тарту – лауа­зым­ды тұлғаларға он айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салуға әкеп соғады» делінген. Осы сома биыл 25 250 теңгені құрайды.
Ұстаздар қауымы бұрыннан айтып келе жатқан тағы бір түйткілдің де түйіні тарқатыл­мақ: «Педагогтен Қазақстан заңнамасында көзделмеген есептілік формасын не қандай да бір ақпаратты ұсынуды талап ету – лауазымды тұлғаларға ескерту жасауға немесе үш айлық көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады».
Тың бір жаңалық: ұстаз мәртебесін көтеру мақсатында Қазақстанда жаңа марапат түрі енгізілетін болады. Осы мақсат­та аталған заң жобасымен қол­да­ныстағы «Мемлекеттiк награ­далар туралы» заңына өзге­ріс қарастырылған. Ол қабылданса, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» наградасы өмірге жол­да­­ма алады.
«Информатика» оқулығы­ның авторы, профессор, ғалым Нұрмұхамбет Ермеков педа­гог­терді ынталандырудың әр алуан тетіктерін іске қосқан жөн деп санайды.
–Қазіргі кезде мұғалімнің жала­қысының аздығын айтпа­ған­­ның өзінде, олардың мансап бойынша өсер өрісі де шектеулі. Ары кеткенде, ол мектеп дирек­торына дейін жоғарылауы ықти­мал. Бірақ бұл лауазым бойынша бос орын көп кездес­пейді. Демек, мұғалімдер бе­де­лін жан-жақты көтеру мәсе­лесі пісіп-жетілді. Бұл іске тек Білім және ғылым ми­нистрлігі ғана емес, сондай-ақ Мәдениет ми­нис­трлігі де бел­сене арала­сып, әртүрлі фильм­­­дер түсіруі, кітап­тар басуы және басқа да құрал­дар­ды пай­да­лануы қажет, – дейді профес­сор.
Сарапшылар педагогтердің «еңбек сіңірген» мәртебесін растайтын марапат болғаны абзал дейді. Әйтпесе, «Еңбек сіңірген қайраткер» атағы сахна ша­ңын қаққан артист-әнші­лер­ге, шоу-бизнес өкілдеріне тара­ты­­лады. Мұғалім олардан кем бе?!
–Жаңа заң жобасындағы жақ­­сы жаңашылдықтардың бірі – үздік педагогтерге құрмет-қош­е­мет көрсетуге қатысты болып келеді. Яғни, біз «Қазақ­станның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік наградасын тағайы­н­­­дауды ұсынып отырмыз. Бұған қоса, жергілікті атқарушы орган­дар құзырында педагог­тер­дің еңбегін ынталандырудың қосымша шараларын тағайын­дау, соның ішінде мерекелік даталар кезінде марапаттау құқы­ғы қалады, – дейді БҒМ Мектепке дейінгі және орта білім департаменті дирек­торы­ның орынбасары Сәуле Қабимолдаева.
Бүгінде мұғалімдерге кәсіби мерекесі қарсаңында құрмет, сый-сияпат көрсетіледі. Білім және ғылым министрлігі еліміз­дің әр өңіріндегі үлгілі ұстаз­дар мен тәлімді тәрбие­ші­лер­ді «Үздік педагог» байқауы аясын­да марапаттап, олардың әрқай­сы­сына 1000 АЕК (2 миллион 525 мың теңге) көлемінде сый тапсырады.
Бұған қоса, БҒМ-да «Ыбы­рай Алтынсарин атындағы» төсбел­гі, «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» және «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгілері секілді ведомстволық наградалары бар.
Ал «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атты жаңа, мемлекеттік дәрежедегі марапат жаңа заң жобасы бойынша «жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеу ісінде республикаға сіңірген зор еңбегі үшін білім беру ұйым­дары­ның педагогіне беріледі».
Тағы бір назар аударарлық жайт, бұған дейін мұғалімдердің өзге де бюджеттік сала маман­дары және шенеуніктер сияқты «қызметші» деген сипаттағы мәртебесі болған. Құжат бұл жағына да түзету енгізеді: қолда­ныстағы заңнамадағы барлық «педагог қызметкер», «педаго­ги­калық қызметкерлер», «педа­гог кадрлар» сияқты сөздердің барлығы бірыңғай «педагог» болып өзгертілмек.
Заң жобасында айтыл­ғандай, «Мемлекет педагогтің қоғам­дағы ерекше мәртебе­сін тани­ды және кәсіби қы­з­ме­тін атқаруға жағдай жасай­ды». Осының бір белгі­сіндей, ми­нис­тр­лік ұстаз қызме­тін үздік­сіз атқарған педа­гогтерге 48 жас­тан зейнет­керлікке шығу­ға мүмкін­дік беруді ұсынып отыр.

Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*