Желідегі еркіндіктің екі ұшы

202
0
Бөлісу:

Саны күн санап артқан желі қолданушыларымен бірге мемлекеттің де интернетті реттеуге деген құлшынысы қатар өсіп келеді. «Айқынның» бүгінгі алаңында қазақстандық интернеттің еркіндігін сарапшылармен бірге бағамдап, бұғаттау шарасы мен сөз бостандығы арасындағы байланысты зерттеп көрдік.

Желідегі мемлекет
«Құқықтық медиа орталық» қоғам­дық қорының заңгері Гүл­ми­ра Біржанова қазақ­стан­дық интернетті реттеудегі белсенді қимыл­дар 2009 жылы бастал­ға­нын айтып, дәл сол жылы қабыл­­данған шешімді былай еске алады:
– 2009 жылы мемлекет ин­тер­­нет ресурстарды бұқара­лық ақпарат құралдарына теңестірді. Бұл норма заңнамада әлі де кездеседі. Медиа сарапшы­ның көбі аталған нормаға қарсы. Өйткені интернет пен БАҚ – екі бөлек ұғым. Интернеттегі БАҚ ретінде есепке тұрған, өзін медиа саласының ойыншысы деп таныстыратын сайттарды (ақ­параттық портал, жаңалық­тар сайты – ред.) ғана ақпарат құралына жатқызуға болады.
Сарапшы жыл сайын жетіл­ді­ріліп, жаңа өзгерістермен толық­қан заңдарда қазір «пост, репост немесе комментарий үшін жауапкершілік бекітіл­ге­нін» айтады.
– 2017 жылы «БАҚ туралы» және «Ақпараттандыру туралы» заңға енген өзгерістерге сәйкес, енді Қазақстанның интернет ресурстарында пікір қалдыр­ғы­сы келген азамат идентифи­ка­ция­дан өтуі керек. Біздің ойы­мыз­ша, бұл сөз бостандығын бұзады. Ойын жазу үшін енді азамат жеке тұлғасын растауы керек болады. Қазір көп ақпа­рат­тық платформа­ның коммен­­тарий қызметін өшіріп таста­ғанын көріп отырмыз. Мәсе­лен, Sputnik Қазақстан, Zakon.kz сайттарында пікір қалды­ру бөлімі жабық. Өйткені бұл көп уақыт пен қаржыны талап етеді. Бізде комментарий, репост пен пост үшін де жауап­кер­шілік бар. Әйтеуір, like үшін жауапқа тартпайтыны қуантады. Кей мемлекеттерде заңсыз посттарға like қойғандарға жаза қолданған жағдайлар кездескен.
«Қазақстан интернет қауым­дас­тығы» заңды тұлғалар бірлес­ті­гінің президенті Шавкат Саби­­ров соңғы жылдары интер­нетті реттеуде бүкіл әлемде бай­қа­латын екі тенденцияны түсін­дірді. «Оның бірі – интернетті реттей­тін ұлттық заңнама қа­лып­­­тастыруға талпыныс болса, екін­шісі – қадағалаудың қатаң­дауы» деген сарапшы Қазақ­стан­ның бүкіләлемдік құбы­лыстан тыс қалмайтыны белгілі жайт екенін, интернетті бақы­лауға мемлекеттік ұмты­лыс көп елде байқалатынын айтады.
– Әлем мемлекеттерінің ортақ интернетті ұлттық заңна­ма тұрғысынан өзінше реттеуге талпы­нысынан ғаламдық тор­дың «сплинтернет» деген жаңа атауы пайда болды. Интернетті реттеуді қатаңдату байқала бастады. Еуропа өткен жылы GDPR туралы заң қабылдады. Франция президенті Эммануэль Макронның Халықаралық интер­нет-форумда жариялаған «Париж сын қатері» құжатында интернетті бақылаудың негізгі 8 принципі белгіленді, – дейді ол.
Желідегі бостандық Freedom House халықаралық құқық қорғау ұйымы «Желідегі бос­тандық – 2018» атты зерттеу жария­лады. 2017 жылдың маусы­мы 2018 жылдың мамыры аралы­ғындағы оқиғалар назарға алынған зерттеу 65 мемлекетті қамтиды. Ұйым сарапшылары елдегі интернет еркіндігіне әлеу­меттік желілер мен қоғам­дық, саяси және діни контентті бұғаттау, интернетті бақылауды күшейтетін заңдар қабылдау, желі­дегі жазбалар үшін азамат­тар­ды жауапқа тарту фактілері бойынша баға берген.
Кибершабуылды талдау және тексеру орталығының пре­зи­ден­ті Олжас Сатиев Қазақ­­стан көр­сеткішінің себе­бін мемле­кет­тің «бұғаттау» шара­ларынан іздейді.
Сондай-ақ әр­түр­лі веб-ресурстар мен блог-плат­формалардың бұғатталуы да әр жылдары кездесетін құбы­лыс. Бір кездері атақты Live­Jour­nal істемей тұрды. Кейде саяси саламен байланысы жоқ жүйе­лік администратор мен про­граммистердің өзі бірқатар IT өнімдерге қол жеткізе алмай­ды.
Медиа заңгер Гүлмира Бір­жа­нова «интернет кеңістігінде жүр­гізілетін бұғаттау шаралары адам құқығын бұзады» деп есептейді.
– Мұндай шаралар азамат­тар­дың ақпаратқа қол жеткізу, ойын еркін білдіру құқығын шектейді. Бұл саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактінің сөз бостандығы туралы 19-ба­бы­на қайшы келеді. Бүкіл­әлем­дік заңнамалық құжаттарды бы­лай қойғанда, Қазақстан Кон­­с­титуциясының өзі әр аза­мат­тың ақпаратты еркін алуына және таратуына кепілдік береді, – дейді ол.

 

Желідегі бұғаттау
Заңға сәйкес, интернет кеңіс­­тікте терроризм мен экс­тре­мизм, ұлттық, әлеуметтік неме­се діни араздық тудыратын және өзге де заңға қайшы кон­тент жариялаған, рұқсат етіл­­мей­тін жарнамалар орналастыр­ған сайт, платформа мен па­­рақ­­­шалардың жұмысы то­қ­таты­лады. Гүлмира Біржанова «бұрын белгілі бір сайтты жабу үшін сот шешімін алу міндетті болса, қазір бұл процесс әділет инс­титутына жүгінбей-ақ жүзе­ге асады» деп, бұғаттау про­цесіне ашықтық жетіспей­тінін алға тартты.
– Бізде бұғаттау процесі мүл­де ашық емес. «Байланыс туралы» заңда бұғаттаудың меха­низмдері көрсетілген. Оған сәйкес, бірінші құқық бұзатын контенті бары анықталған интер­нет ресурс иелеріне қате­лік­тері анық көрсетілген, олар­ды түзетпеген жағдайда қандай шара қолданылатыны ескертіл­ген хабарлама келуі керек. Іс жүзінде ескерту шарасы тиісті дәрежеде қолданылмайтынын көріп отырмыз. Мысалы, Ресей­де бұғатталған сайттар­дың ашық және жабық реестрі бар. Бұл ел аумағында қандай сайт­тар­­ға тыйым салынғанын біліп отыру үшін провай­дерлерге де қажет. Өткен жылы «Қазақ­те­ле­ком», «Кар-Тел», Kcell сияқты провайдерлермен кездес­ке­ні­міз­­де, олар өздеріне қандай сайт­тарға тыйым салынғаны туралы реестр керек екенін айт­ты. Ресейде жұмысы тоқ­та­ған сайтта Қазақстандағы «404» жазуының орнына Роском­над­зор немесе сот ше­шімі­мен веб-ресурс қызметі заңға қайшы деп табылғанын көрсететін түсін­дір­ме тұрады. Қазір Ақпарат министрлігінің сайтында белгілі бір ресурстың бұғатталғаны тура­лы деректі тексеруге бола­ды. Бірақ бұл қызметтің өзі жақ­сы жұмыс істемейді.
Олжас Сатиев заңда көрсе­тіл­ген қоғамға қауіпті ақпарат түрлерін таратқан сайттардың қызметіне нүкте қоюға қарсы еме­сін, бірақ кейде бұл талап­тар­ды бұзбайтын бүкіләлемдік қол­даныстағы платформалар­дың қызметі де шектелетінін айтады.
– Террористік ұйымдармен байланысты, заңда белгіленген талаптарды бұзатын контент бұғатталса, бұл – жақсы. Ұлттық қауіпсіздік саласындағы мұндай тәжірибе Америка, Еуропа мен Ресейде де кездеседі. Бірақ біз­де, өкінішке қарай, бүкіл әлем пайдаланатын ресурстар­дың да жұмысы шектеледі. Мыса­лы, Қазақстанда медиа­кон­тентке арналған Soundclоud жұмыс істемейді.
2018 жылдың 25 қазанында күшіне енген Қазақстан Үкіме­ті­нің №679 қаулысына сәйкес, Бас прокуратура, Ұлттық қауіп­сіз­дік комитеті, Ішкі істер ми­нис­трлігі мен Қорғаныс мини­стр­­лігіне әлеуметтік, таби­ғи және техно­ген­ді сипаттағы тө­тен­­ше жағдай­лар­да интернет пен байланыс құралдарын бұ­ғат­­­тау құқығы беріл­ді. Бұл шара үкіметтік және прези­дент­тік бай­ланысқа қатыс­т­ы қолданыл­майды.
Олжас Сатиев мемлекеттің «бұғаттау шарасын» әлеуметтік наразылықпен жұмыс істеудің қиындығынан көреді.
– Соңғы жағдайлар билікке әлеуметтік наразылықпен жұ­мыс істеу қиынға соғатынын көр­сетті. Мемлекеттік орган­дар­­дың жақсы кризис менед­жер­лері болуы керек. Олар төтенше жағдайларда ресми ақпаратты тез жеткізуі керек. Бізде бұл жұмыс жолға қойыл­ма­ғандықтан, халық әлеуметтік желі арқылы тараған ақпаратқа сенеді. Нәтижесінде, мемле­кет­ке бұл процеспен күресу қиынға со­ғады да, билік әлеуметтік же­лі­лерді бұғаттауды жөн көре­ді.
Белгілі блогер Өркен Кенже­бек Қазақстанның әлем­дік процесс бойынша жалған ақпа­рат таратпау, сепаратизм, дін­ара­лық төзбеушілік мәселелері бойынша баптары әлем елдері­мен бірдей екенін айтып, ше­неу­­ніктердің әлеуметтік желі­ге қатысты қалыптасқан көз­қа­ра­сына тоқталды.
– Қазақстанда әлеуметтік желі­нің күшін не әсіре бағалай­ды, не кем бағалайды. Үнемі бір алтын ортасын ұстау қабілеті, соны терең түсіну шенеуніктері­мізг­е әлі жете қойған жоқ. Кем бағалайтыны, белгілі бір шу, дау-дамай әбден ушығып, зар­дабы сүйекке өткен кезде ғана іске кіріскендерінен көрінеді. Асыра бағалайтынына Ақтөбе облысында «чики-чики» деп айтқаны үшін жұмыстан кеткен шенеу­нік пен қоғамдық қабыл­дау кезінде ызаландырған ада­мы­на бір ауыз қатты сөйле­гені үшін қызметінен боса­ған Қап­шағай қаласының әкімі мысал бола алады. Былай қарасаң, «чики-чики» де, басқасы да қол­даныста жоқ сөздер емес. Бірақ «осы әрекеті арқылы шенеу­ніктер абыройсыз қалды» деген желеумен жұмыстан шет­тет­ті. Шенеуніктер әлеу­мет­тік желіден зәресі қалмай қорқады. Соның кесірінен де интернетті шек­теу жағынан тым артықтау кетіп жатқан сияқтымыз.

Динара ТІЛЕУБЕК

Бөлісу:

Пікір жазу


*