Шарананы құтқаруда неге шарасызбыз?

373
0
Бөлісу:

Атырауда өткен жы­лы 176 ша­ра­на бір жас­қа да тол­май шетінеп кетті.
Бұл жағдай осыншама шаңырақта бесік жыры айтылмай қалғанын білдіреді . Желтоқсан айының өзінде 23 сәби көз жұмды. Ата-аналар дәрігерлерді біліксіз десе, дәрігерлер отбасын жоспарлауды білмейтін ата-анаға кінә артып отыр.

Атырау аймағы республика бойынша бала туу көрсеткіші жағынан алда келе жатқан аймақ еді. Соңғы жылдары осы жағым­ды көрсеткішті бала өлімінің көбеюі басып озып, дабыл қағарлық жағдайға жеткізді.
Атырауда шаранасынан айырыл­ған аналардың сәбилері­нің өліміне дәрігерлерді кінәлап, тез арада облыстық перинаталды орталықты тексеруді талап еткен жанайқайдан соң, бала өлімі бойынша деректер айтылды. Аймақтағы журналистермен баспасөз мәслихатын өткізген Денсаулық сақтау басқармасына қарасты перинаталды орталық басшысы мен педиатрлар бала өлімі анасының денсаулығына байла­нысты және алдымен меди­циналық мекемелерде алдын алу жұмыстарын күшейту керек деген пікірде.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәсли­­хатында облыстық пери­на­тал­ды орталықтың бас дәрі­гері Қуаныш Нысанбаев жаңа туған сәбилер арасындағы өлім­нің басты себебі ата-аналарының денсаулығы екенін мәлімдеді.
– Бала өлімінің басым бөлігі уақытынан бұрын босанғандарға тиесілі. Бұл жоспарланбаған жүктілік деп те айтуға болады. Жүктілікті жоспарлау керек, кем дегенде 1,5 жыл аралықты сақтау қажет. Бұл жерде алдын алу шара­ларының маңызын да айта кету керек. Біздің орталықта ме­ди­циналық қызметтердің сапасы бақылауда. Босанған әйелдермен жұмыс жүргізіледі.Уақытынан бұрын босану және бала салма­ғы­ның аз болуы өлімге әкеледі. 2018 жылы облыстық пери­натал­ды орталықта жаңа туған сәби­лер арасында 108 өлім тір­келді, – дейді Қуаныш Нысан­баев.
Мерзімінен бұрын туып, дәрігерлердің бақылауынан соң ширығып өмір сүріп кеткен ша­қа­­л­ақтар бар. Әйтсе де, көбін сақ­тап қалу мүмкін болмай тұр­ғаны дәрігерлердің өздері жария еткен көрсеткіштерден көрініп тұр.
Облыстық перинаталды орта­лық­­тың неонатология бөлімі мең­герушісі Гүлмира Әбекеева: – Біздің орталықта уақытынан бұрын босанатындар саны артып отыр, соның ішінде салмағы тым аз сәбилер де бар. 2018 жылы сал­мағы аз 300 нәресте түсті, олар­дың иммундық жүйелері төмен деңгейде болады. Анала­ры­нан жыныстан тыс дерттер анық­талды. Бір қарағанда жай нәрсе болып көрінуі мүмкін, бірақ осының бәрі баланың иммундық жүйесіне әсер етеді. Бүгінде шала туған, салмағы 1,5 келіден төмен сәбилер саны көбейді. Шағым­да­нып отырған аналардың бірі Альбина Ермекованың егіздері­нің қайтыс болуына инфекция, өкпесінде ақаулары болуы себеп болды. Ал Г.Серікбаева бір жыл­дың ішінде екі рет жатырдан тыс жүкті болды. Шарана анасы­нан инфекция жұқтырған әрі жүрек ақауы болды. Ана мен баланың қан айналымдары күрделі болды. 1келі 100 грамм салмақтағы сәби­ді аман сақтап қалу мүмкін болмады, – деп мән-жайды айтты.
Облыстық перинаталды орта­лық­тың бас дәрігері бұл жағдайды әйелдердің жүктілікті алдын ала жос­парламауынан, дәрігерге кеш тіркелуінен, құрсақ ішіндегі инфекциялар секілді бірнеше себептермен байланыстырады.
– Барлық емхана мен аудан­дық ауруханада отбасын жоспарлау және репродукция бөлім­дері ашылды. Барлық жер­де патронажды мейірбике бар, олар жас аналармен жұмыс істеп, бәрін түсіндіреді. «Аналар мекте­бі» бар.
Алдын алу шараларына қажет жағдайлар жасалған, тек соларға барып, айтқан нұсқауының бәрін толық орындау керек. Бірақ көп жағдайда бұл айтыл­ған­дар орын­дал­майды, – деп атап өтті Қуаныш Нысанбаев.
Облыстық денсаулық сақтау бас­қармасының штаттан тыс пед­иатры Райса Баймұқанова соң­ғы екі жылдағы балалар өлімі санын айтты.
2017 жылы 146 сәби, 2018 жылы облыс бойынша 1 жасқа дейін­гі сәбилердің өлімі 176-ға жеткен.
– Әрине, жақсы көрсеткіш емес, бірақ бұл дәрігерлердің білігі төмен екенін көрсетпейді. Әр өлім тіркеледі, ештеңе жабық қалмайды. Әр жағдай бойынша жан-жақты талдаулар жүргізіледі. Бұл мәселемен сарапшы дәрігер­лер, аудитор дәрігерлер айна­лы­сып, жекелеген жағдайлар бойын­­ша толық сараптама жаса­лады. Әйелдердің денсаулықтары көңіл көншітпейді, бұл мәселеде де құр қарап отырғанымыз жоқ. Алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр, – деп мәлімдеді Райса Баймұқанова.

P.S: Сәбилер өлімімен бірге денсаулығында ауытқуы бар сәбилердің дүниеге келуі де, дәрігерлер мен қатар қоғам үшін бас ауыртатын жағдайға жетті. Айталық 2017 жылы осындай диагнозбен 257, өткен жылы 383 сәби дүниеге келген. Олардың денсаулығын үнемі қадағалауға алу дәрігерлер үшін ғана емес, ата-аналар үшін де жеңіл болмай отыр. Бүгінде облыс орталығында Даун, ДЦП секілді дертпен туған балаларды оңалту мекемелерінің ашылуы осы жайттармен тығыз байланысты. Бұдан басқа облыста егіз балалар саны өсті. Жылына 170-180 егіз дүниеге келіп, жылына екі-үш үшемдер дүние есігін ашады. Қуанатын жайт аборт жасау азайып отыр. Дегенмен дәрігер жетіспеушілігі бар аймақта ана мен бала денсаулығын жаппай бақылауға алу мүмкін еместей болып отыр. Үшем туғандар баспанадан дәмелі болса, денсаулығында ақауы бар балалардың ата-аналары оларды емдету үшін құзырлы органдарды жағалап, қала берді әлеуметтік желіні пайдаланып, халықтан көмек сұрауды жиілетті. Атырауда қайырымдылық шаралар жиі өтеді. Иманды қазақтың бар баласы қолдан келгенше қаржылай көмек береді. Алайда сол иманды жандардың өздері қаржылай көмекке зәру екенін жүктілікті жоспарлай алмай, қарапайым халыққа салмақ салып отырған ата-аналар ескерер күн бола ма? Біздің буынды дүниеге әкелген аналар, жүктіліктен сақтану құралдары болмаса да тоғыз-он баланы екі сәбидің туу мерзімі арасын 1,5-2 жыл етіп дүниеге әкелгенінен бүгінгі көзі ашық аналар неге сабақ алмасқа?
ХХІ ғасыр не нәрсені де мақсатты түрде жоспарлап барып, жүзеге асыру ғасыры екенін әр азамат ескеруі қажет. Олай болмаған жағдайда, баспанасыз, жұмыссыз, денсаулықсыз ұрпақ әкелу қоғам көтере алмайтын жүкті зілдендіре түсіреді. Сайып келгенде, бұл халықтың тұтастай әлеуметтік жағдайын күрделендіре түседі. Сондықтан ана баланы, бала ананы жоқтамасын десек, әр отбасында дені сау сәби дүниеге келгенін қаласақ, отбасын жоспарлауды отау құрған күннен бастаған жөн болады. Сонда ғана дәрігерлер мен халықтың қайсы біліксіз, кім жауапкершіліктен сытылып отырғаны айқын болар еді.

Тұрсын ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ, Атырау облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*