Таланттар тасада қалмасын!

418
0
Бөлісу:

Бүгінде жазушылар үшін, оның ішінде жас ақын-жазушылардың танылуына арқау болатын бәйге, мүшәйраларды тек республика көлемінде ғана емес, облыстар мен аудандарда да өткізу жақсы үрдіске айналып келеді. Ауыз толтырып айтарлық қаржы да құйылуда. Бұл қазақ әдебиетінің дамуына өз үлесін қоса түсері анық.

Көптің бірі болу да, оның ішінде ірі болу да бар. Бәйгеде озып келгендердің артынан сөз ермес болар. Өйткені оның жазғанының жан-жағы жұп-жұмыр, тап-тұйнақтай таза болуы тиіс. Осыны әмсе есте ұстаған абзал. Әйтпесе, бәйгеге түсіп бас болуды ғана ойлайтын, дегеніне жетпей қоймайтындар­дың кесірі нағыз дарынға оқ болып тиері хақ. Оны байқау өткен соң айтылатын сыни көзқарастардағы ойлардан білуге болады. Сынды қабылда­май жататынымыз тағы бар. Себебі, бізде бір стереотип қалып­тасқан. Егер қатысушы жүлдеге ие бола алмай қалса, не бәйге алғандарды сынға алады немесе әділқазыларды сайысқа оң қөзқарас танытпады деп айыптай бастайды. «Мынау Мырқымбай алған бәйгесі құры­сын!» деп талай дарын екін­ші рет шығармасын қоспай, тасада қалатыны тағы бар.

Кеше…
Сайып келгенде, жазам дегенге қолдау бар. 2015 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Тұң­ғыш Президент – ұлт Көшбас­шысы қоры жыл сайын ұлттық әдебиетте жаңа есімдерді қалып­тастыру және жас қалам­гер­лердің өмірлік философия­сын көрсететін қазіргі заманғы әдебиетке қоғамның қызығу­шы­лығын арттыру мақсатында ұйымдастыратын «Алтын Тобылғы» байқауы арқылы Бейбіт Сарыбай, Серікбол Хасан, Айзат Рақыш, Қайсар Қауымбек, Айбол Исламғалиев, Тұрсынбек Башаров, Алина Гатина, Марғұлан Ақан, Шерхан Талап сынды жас талапкерлер танылса, соның алдындағы жыл­дары еліміздің барлық өңір­інен Өскеменнен Арай Ертарғынова, Алматыдан Татья­на Кретова, Алматы облы­сынан Мақпал Мыса, Астанадан Әлмаш Айсұлу, Еркеғали Бейсе­нов, Талдықорғаннан Есболат Айдабосын, Семейден Мерей Қарт, Шахтинскіден Алексей Варзаевтар жас ақын-жазушы­лар қатарына қосылған болатын. Лауреаттардың шығармалары арнайы басылыммен кітап та болып шықты. Айта кетерлігі, «Алтын Тобылғы» сыйлығы «Үздік проза», «Үздік поэзия», «Үздік драматургия», «Үздік балаларға арналған шығарма» сияқ­ты төрт номинация бойын­ша тағайындалған. Әрбір номина­цияның жеңімпазына 1 миллион теңге сыйақы бері­ле­ді. Былтырғы жылы «Астананың 20 жылды­ғына арналған үздік шы­­ғар­ма» атты арнайы тақы­рып­­тық номинация бойынша сыйақы 1,5 миллион теңге болған.
2018 жылдың сонында «Қазақ пен қала» прозалық байқауы аяқталып, жүлдегерлер марапатталған еді. Бұл байқауды Алматы қаласы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының қаржы­лай қолдауымен республикалық «Жас Алаш» газеті мен «Алтын Қалам» қоры және Қазақстан Жазушылар одағы бірлесіп ұйымдастырды. «Қала өмірі – қазақ әдебиетінде көп жазылма­ған тақырыптардың бірі. Азат­тық алғалы бері ауыл қазақтары қалаға шоғырланып жатыр. Олардың қалаға қоныстануы, дүниетанымдағы өзгерістері осы прозалық байқауда жазылса деп ойлаған едік. Жүзден аса автордың шығармалары келіп түсті. Бұл байқауды алдағы жыл­дары «Жас Алаштың» дәстүрлі бәйгесі ретінде өткізсек деген жоспарымыз бар», – деді «Жас Алаш» газетінің бас редакторы, идея авторы Руслан Ербота. Ал қазылар алқасының шешімі былай болды. Бірінші орын – 1 миллион теңге «Лифт» әңгімесі үшін жас прозашы Темірлан Қылышбекке берілді. Екінші орын «Бейуақта ашылған құпия» хикаятының авторы Жадыра Шамұратоваға бұйырды (Жүлде қоры – 500 мың теңге). Жүлделі үшінші орын иегері – «Көмбіс» әңгімесін жазған Ырысбек Дәбей (Жүлде қоры – 300 мың теңге).
«Жүлдені қызғанғанымыз емес, тек «Лифт» әңгімесі бірін­ші орынға лайықты болмады» деген әңгіме әлеуметтік желіде ашық айтылды. Ол дегенің – оқырманның ойы. Толық піспей, «әйтеуір, осыны бәйгеге жіберсем болды» деген оймен шығарманы жұлмалауға тастай салғанға ұқсайды…
Бүгін…
Тағы да бір бәйге – «Ауыл» партия­сы мен «Қазконтент» АҚ «Әдебиет порталының» ұйым­дас­тыруы­мен өтетін ауыл тақы­рыбына арналған қаламгерлер арасындағы «Ауылым – алтын тұғырым» атты әдеби онлайн конкурсы. Қаламгерлер арасын­да ауылдың рухани өмірін, тыныс-тіршілігін, ауылда жүріп жатқан әлеуметтік-экономи­ка­лық үде­ріс­­терді суреттеу, ауыл құнды­лығын насихаттау мақсатында ұйымдастырылып келеді.
Биыл да өтетін бұл байқауға қатысу үшін 17 мен 45 жас аралығындағы қаламгерлер шығармаларын ұсына алады. «Ауыл тақырыбына арналған үздік драматургия» аталымына шығарма ұсынатын қаламгер­лер­дің жас мөлшеріне шектеу қойылмайды екен. Конкурсқа қатысу үшін шығармалар он­лайн түрде «Әдебиет порта­лы­на» 2019 жылғы 15 ақпанға дейін жіберілуі тиіс, қапы қалманыз!
Бір ойланатын нәрсе, драма­тур­гия саласына жас мөлшерге шектеу қойылмай отырғаны, жастар арасында қалам сілтер­лердің азайып кеткенінен де болар. Олай болса, жас буынға осы салаға да көңіл бөлуіне тура келеді.
Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан соң, жас қаламгерлерге арналған «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы да жарияланды.
«Проза», «Поэзия» «Драма­тур­­гия, көркем фильм мен телесериал сценарийі», «Публи­цис­тика», «Балаларға арналған шығарма» номинациялары бойын­ша жарияланған бәйге қоры қомақты. Бірінші орын (1 жүлде) – 1 500 000 теңге; Екін­­ші орын (1 жүлде) – 750 000 тең­ге; Үшінші орын (1 жүлде) – 500 000 теңге. Шығармалар 2019 жыл­ғы 15 қаңтарға дейін қабылданады. Конкурстық комиссия бірлескен шешім арқылы конкурс жеңімпаздарын анықтайды. Міне, жас ақын-жазушыларға танылып қалуға тағы да бір мүмкіндік!
Сен – жас жалындаған жазушысың. «Ешқандай бәйгесіз де өзімді танытамын!» деп өрекпитін уақытың. Жас буынның бойында буырқанған бұла күш бар. Саған «Сырдың суы тілерсектен келеді». Сонда да ойлан! Жас кезіңде сыналып, бәйгеге түссең, ертеңгі күні сені қазақ елі ғана емес, әлем тануы бек мүмкін. Олай болса, болашаққа қадамыңды қалам алып жасаймын десең, өзіңді биіктен көруге тырыс!

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*