Үй алудың қиыны-ай!..

280
0
Бөлісу:

Елбасының «Бес әлеуметтік бастамасы» аясында іске қосылған «7–20–25» бағдарламасын жүзеге асыру аясында 2019 жылғы 10 қаңтардағы жағдай бойынша жалпы көлемі 77,7 миллиард теңге тұратын баспана үшін қарыз алуға 6 667 адамның өтініші қабылданды. Бұл туралы Ұлттық банк мәлімдеді.

Осы сома ішінде әзірше 48,5 миллиард теңге сомаға жеңілдетілген 7 пайыздық ипо­тека беруге 4 055 адамның өтініші мақұл­данды.
Атап өту керек, тұрғын үй несиесі бағы­­­­тында Мемлекет басшысының тап­сыр­­­­малары мен бастамаларына сәйкес, Қазақ­стан­ның қаржылық реттеушісі бір­қа­тар әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруда.
Атап айтқанда, «Ипотекалық қарыз­дар­ды қайта қаржыландыру бағдарла­масы» қолға алынған. Бұл бағдарлама екі бөліктен тұрады. Оның бірінші бөлігі 2004 жылдан бастап, 2009 жыл аралығындағы кезеңде банк­­терден ипотекалық қарыз алған қазақ­­­стан­дықтарға қолдау көрсетуге бағыт­­­талған.
Аталған жылдары азаматтар жоғары став­калармен алып қойған қымбат қарыз­дарын қайта қаржыландырып, оларға түсер ауыртпалықты жеңілдетуге мемлекет Ұлттық банк арқылы 130 миллиард теңге бөлді.
2019 жылғы 10 қаңтардағы жағдай бойынша бағдарлама шеңберінде банктер жалпы көлемі 159,7 миллиард теңге сома­дағы 25 807 қарызды мақұлда­ған. Соның ішінде 139,7 миллиард теңге көле­мін­дегі 23 950 қарыз қайта қаржы­лан­ды­ры­лып болды.
Бұл бағытта қазақстандықтардан бар­лығы 237,6 миллиард теңге сомаға 31 781 өтінім келіп түскен екен.
Өңірлер мен банктер бойынша қайта қаржыландырылған ипотекалық қарыздар туралы ақпаратпен «Банктер­дің ақшаны игеруі туралы ақпарат» бөлімінен танысуға болады.
Бағдарламаның екінші бағыты осы­дан төрт жыл бұрынғы ұлттық валюта бағамы­ның күрт құнсыздануы салдары­нан доллар­мен алған тұрғын үй кредит­те­рінің құны шарықтап шыға келген азаматтарды қорғауға арналған.
Оның аясында Ұлттық банктің 2015 жылғы 18 тамыздағы бағамы бойынша 2016 жылғы 1 қаңтарға дейін алынған жеке тұлға­­лардың валюталық ипоте­ка­лық қарыз­­дарын теңгеге көшіріп, қайта қаржы­ландыру көзделеді.
Оның нәтижесіне тоқталсақ, бүгінде банктер валюталық қарыздарды қайта қаржыландыру үшін 48,5 миллиард теңге сомаға 5 908 валюталық несиені қайта қаржыландыруға шешім қабылда­ған. Соның ішінен қазіргі кезде 35,1 миллиард теңге көлеміндегі 4 540 қарыз қайта қаржы­ландырылып болды.
Жалпы алғанда, доллармен ипотека алған ел азаматтарынан 101,7 миллиард теңге сомаға 8 078 өтінім қабылданыпты.
Осы орайда Ұлттық банк басқар­ма­сының былтырғы жылғы 25 желтоқ­сандағы №310 қаулысымен банктердің валюталық ипотекалық қарыздарды қайта қаржы­ландыру мерзімі 2019 жылғы 15 шілдеге дейін ғана ұзартылып отыр. Бұл ретте доллармен ипотека алғандар және оларға «қоса қарыз алушы» (созаемщик) болған­дардың қарызды қайта қаржылан­дыруға өтініш беру мерзімі 2019 жылғы 1 шілдені қоса алғанға дейін белгіленді. Қарыздың осы бағдарлама талаптарына сәйкес келетін-келмейтінін анықтау үшін қазақ­стан­дықтар кредит берген өз банкіне өтініш беруі қажет.

 Айхан ШӘРІП

Бөлісу:

Пікір жазу


*