ЖАҢА МІНДЕТТЕР ЖҮКТЕЛДІ

417
0
Бөлісу:

«Нұр Отан» партиясы Төрағасы­ның Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев «Нұр-Медиа» холдингінің басшылық құрамымен және оған қарасты ақпарат құралдарының басшыларымен кеңейтілген жиын өткізді. Онда холдингтің өткен жылда атқарған жұмыстары айтылып, алдағы бағыт-бағдары пысықталды.

Сөз басында Мәулен Әшімбаев өткен жылы партия қызметін жаңғырту аясында айтарлықтай жұмыстар атқарылғанын және осы бағытта «Нұр-Медиа» холдин­гінде де игі істер жүзеге асырылғанын жеткізді.
– Елбасы берген тапсырмалардың қа­тарында «Нұр-Медиа» холдингін жаң­ғыр­ту ісі де бар. Соған орай көптеген іс қолға алынды. Холдингтің басшылығы ауысып, кәсіби мамандар жұмылдырылды. Қазір соның нәтижесін көріп отырмыз. Бұл істі Мемлекет басшысы да ескеріп, жоғары бағасын берді, – деді Мәулен Әшімбаев.
Жаңғырту аясында істелген жұмыс­тардың қатарында AIQYN мен «Литер» газеттерінің бір жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып қайта құрылғаны да бар. Сол арқылы басылымдардың шығындары оңтайландырылды. Сондай-ақ екі газеттің редакциясы Алматыдан Астанаға көшірілді. Жаңа жылдан бастап аталған басылымдардың форматы өзгеріп, ондағы материалдардың мазмұны мен салмағы да арта түсті.
Сонымен бірге, «Нұр-Медиаға» қа­рас­ты ASTANA телеарнасы мен радиолар­дың да жұмысы жанданып, жаңа бағытта өрбігенін айта кеткен ләзім. Кадрлық саясат мәселесі де ұтымды түрде жүзеге асырылып, жас әрі білікті мамандар көп­теп тартыла бастады.
Осындай ауқымды жұмыстарға назар аударған партия Төрағасының Бірінші орынбасары өткен жылды «Нұр-Медиа» холдингі үшін табысты болды деді.
– Енді біздің алдымызда Елбасы ай­қындап берген жаңа міндеттер мен мақсат­тар тұр. Соны сәтті іске асыру үшін хол­динг­тің жұмысын жүйелі түрде үйлестіре білуіміз керек, – деген Мәулен Әшімбаев бірқатар басымдықтарды атап өтті.
Биыл партияның құрылғанына 20 жыл толатынын, осы мерейлі жылды ел дамуы­на игі әсерін тигізетін іс-шаралармен атап өту керегін айтқан «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары хол­дингке қарасты бұқаралық ақпарат құралдарының аталған іске белсене қатысу керегін жеткізді.
Сонымен қатар отырыста 20 жылдық­тың аясындағы басты іс-шара болып са­налатын партияның кезекті съезін өткізу ісі сөз болып, оны ақпараттық сүйемелдеу ісінде холдингтің тиісті жұмысты ұтымды ұйымдастыру керегі айтылды. Сондай-ақ ақпарат құралдарының контентін жаңартып, заман талабына сай ақпарат тарату мәселесін айтқан Мәулен Әшімбаев сол арқылы рейтингті көтеруге жұмыс істеуді сөз етті.
– Газеттеріміздің тақырыптық аясын шектемей, өзекті әлеуметтік мәселелерді талдап, сараптап жазуға аса мән беруіміз керек. Елбасы тапсырмаларын орындауда осалдық танытқан мемлекеттік орган­дар­дың жұмысына қатысты сыни мақалалар да жазылуы тиіс. Ең бастысы, біздің ба­сылымдарда қоғамдағы ахуал қаз-қалпын­да көрініп, газеттердің өзіндік үні айқын се­зіліп тұруы тиіс, – деді Мәулен Әшімбаев.
Одан бөлек, жиын барысында қар­жылық тәуелсіздік және әлеуметтік желі­лер мен интернетте белсенділікті арттыру мәселесіне де ерекше назар аударылды.
Өз кезегінде «Нұр-Медиа» холдингінің бас директоры Ләззат Танысбай, «Айқын-Литер» ЖШС-ның директоры, «Литер» газетінің бас редакторы Нұрай Оразов, AIQYN газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, Túrkistan газетінің бас редакторы Қуат Әуесбай, ASTANA телеарнасы бас директорының орынбасары Илхам Ибрагимов, NS радиосының директоры Әсел Балғаева, Orda FM радиосының директоры Лаула Оразақынқызы өздері басқарып отырған ақпарат құралдарының атқарған жұмысы мен алдағы міндеттері жайында кеңінен баяндап берді.

Е.МАҚСОТҰЛЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*

Оқуға кеңес береміз