ҚҰС ШАРУАШЫЛЫҒЫ ҚАШАН ҚОЛҒА АЛЫНАДЫ?

655
1
Бөлісу:

Бүгінде тауық еті мен жұмыртқасы – көбіміздің дастарқанымыздан табылатын ас. Иә, жылқы етін жеп өскен қазақтың соңғы жылдары жұмсақ әрі асқазан-ішек жолында тез қорытылатын құс етіне тәбеті артқаны рас. Шаруашылықтың тез жетілетін саласы да – осы құс шаруашылығы. Уақыт пен қаржыны аз жұмсап, мол өнім алуға болады әрі нарық заманында еліміздің азық-түлік қорын толтыруға үлкен үлес қосып отыр. Қазір әлем бойынша құс етін өндіру көлемі ерекше қарқынмен өсіп келеді. Өйткені нарықта сұраныс өте жоғары.

Отандық өндірушіге қолдау керек
Жыл сайын өндірілетін тауық етінің көлемі 90 млн 805 мың тон­­надан асып жығылады. Ма­ман­дар 2025 жылға қарай құс еті­­­­нің әлемдік нарығы 7 трлн 300 млрд долларға жететінін болжап отыр. Қазіргі күні Америка Құ­рама Штаттары – құс етін өнді­руден көш басында. Ал екінші орында Бразилия тұр. АҚШ құс етін өндіруден озық тұрса да, оны экспорттауда Бразилиядан қалыс қалады. Мәселен, АҚШ бір жыл ішінде 18 млн тонна құс етін өндірсе, оның 3 млн тоннасын сыртқа шығарып, қалғанымен ішкі нарығын толық қамтамасыз етеді. Құс етін өндіруден алда тұрған екі елден кейінгі тізімде Қытай, Ресей, Үндістан, Мексика бар. Әлем бойынша тауық етін молынан тұтынатын елдер қатарына Қазақстан да кірді.
2008 жылдан бері елімізде құс етін өндіру – 175, жұмыртқа өн­діру 70 пайызға артқан. 2018 жылдың 1 желтоқсанына дейін елімізде 171,4 мың тонна құс еті өндіріліпті. Қараша айына дейін оның шамамен 7,3 тоннасы шетел нарығына тасымалданған. Ал 2019 жылдың болжамына кел­сек, еліміз 243,7 мың тонна құс етін өндіруді жоспарлап отыр. Шетелден келетін өнім көлемі 140 мың тоннаға жуықтайды.
Құс өсірушілер одағының мә­ліметінше, қазір елімізде 56 құс фабрикасы бар. Оның 36-сы – жұмыртқа, 20-сы ет өндіреді. Бұл көрсеткіш жақын арада көбеюі мүмкін. Себебі, биыл Ақмола облысының Атбасар ауданында 50 мың тауыққа арналған құс фабрикасы салынады. Қала ше­тіндегі диірмен кешені жанынан бой көтеретін фабрикадағы та­уық санын 100 мыңға дейін кө­бейту жоспарда бар. Құс фаб­ри­касы жергілікті 30 адамды жұ­мыс­пен қамтиды. Жоба жоспары мен құжаттары жасалып қойған нысанның құрылысы көктемге қарай басталмақ. Бұл жаңалықты Атбасар ауданы әкімінің орынбасары Абай Бекбаев айтып отыр.
Сапасыз өнімдер ішкі нарыққа дендеп еніп кет­пес үшін, шеттен келетін құс етіне та­лап­ты кү­шейтіп, отан­дық өнді­ру­шілерге қолдау көрсет­кен жөн. Отандық са­рап­шы­лардың пікірі осыған саяды. Шетелден әке­лінген өнім мен отан­дық өнімнің бағасында көп болмаса да, айырмашылық бар. Сырттан әкелінген тауық еті сәл арзандау. Сондықтан соған қарай жүгіретіндер жетеді. Бірақ мамандар сапа жағынан отандық өнімнің озық тұрғанын айтудан жалыққан емес. Отандық өнімге шетел тарапынан да сұраныс жоғары. Бүгінде елімізде өндірілген тауық еті Моңғолия, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Ауғанстан, Өзбекстан сияқты елдерге жөнелтіліп жатыр.

Баға сиыр етіне жетті
Өткен жылдың соңында елі­мізде тауық еті қымбаттап, кейбір сауда орындарында құс етінің тапшылығы сезілген еді. Алматы мен Шымкентте тауықтың төс еті 1100 теңгеден 1700-ге дейін өсіп, сиыр, жылқы етімен теңесіп шы­ға келген. Биыл да қымбат­тай­тын түрі бар. «Осы қаңтардан бас­тап тауықтың жон еті 1750-ден 2050 теңгеге қымбаттады», – дейді Алматыдағы дүкен сату­шысы Айман Қасенова.
Тауық етінің қымбаттауын кей­біреулер шеттен келетін құс еті­нің санитарлық талаптарға сай бол­мауымен, құс тұмауы тір­кел­ген ресейлік бірқатар фаб­ри­ка­ның етін елімізге кіргізуге шек­теу қойылғанымен бай­ла­ныстырады. Ауыл шаруашылығы министрлігі көршілеріміздің «Ставро­поль­ский бройлер» құс фабрикасының өнімдерінен адам денсаулығына зиян келтіретін микроорга­низм­дер тапқан бо­латын. «Сақтансаң – сақтай­мын» деген. Сырттан ке­летін өнімнің қатаң тексеруден өтіп жатқаны – құптарлық іс.
2015 жылы Қазақстан құс тұмауының таралуына байла­ныс­ты Ресейдің Астрахан құс өнім­дерін елге кіргізуге шектеу қой­ған. Қаупі жоғары құс ауруы ас қорыту, дем алу жолдарына залал келтірумен сипатталады. Бұл індет әсіресе, үй құстарын қырып салады. Құс тұмауы адамға жұқ­пайды деп жатады. Алайда ауырған құстармен бай­ла­нысу, өнімін тұтыну адам ден­сау­лығына кері әсер ететіні бә­рімізге белгілі. Тіпті, мұның соңы қай­ғы­лы аяқталуы да мүм­кін. Мамандардың ай­туынша, құстарда бұл аурудың басталғанын олардың тәбеті жоға­лып, қызуы көтеріл­ге­нінен байқауға болады. Со­нымен бірге, тауықтар бұрынғы қал­пы­нан өзгере бастайды, тынысы қиын­дап, тұмс­ы­ғынан сора ағады. Бұл дерт­пен ауырған құс­тарға ем жүргізілмейді, көбіне көзі жо­йылады. Сондықтан рұқсат етіл­меген, ветеринарлық-сани­тарлық бақылаудан өтпеген сауда орын­дарынан құс еті өнімдерін сатып алудан барынша сақ болған жөн.
Еліміздегі Құс өсірушілер ода­ғының президенті Руслан Шәріповтің айтуынша, бүгіндері құс етіне байланысты эпизооти­калық жағдай тұрақты.

Импортқа иек артпаңыз
Отандық сарапшылар еліміз­де осынша құс фабрикасы тұр­ған­да импортқа иек артудың қа­жеті жоқ деп отыр. Импортқа тә­уелді болып қалмау үшін әрі өнім­нің бәсекеге қабілеттілігін арт­тыру мақсатында өзіміз өн­діретін өнімнің көлемін ұлғайта отырып, сапасына баса мән беру маңызды емес пе?! Сонымен қатар құс шаруашылығымен айналысатын шаруаларға қолдау көрсету қажет-ақ.
Қазір еліміздің барлық өңі­рін­де құс шаруашылығы қар­қын­ды дамып жатыр деп айта ал­май­мыз. Себебі, өткен жылдың ма­мыр айынан бастап Алматы об­лы­сының құс фабрикаларына суб­сидия төлеу тоқтатылған. Мем­лекет беретін көмектен қа­ғылу нәсібін осы кәсіптен тауып отырған шаруашылықтарға оңай болмай тұр. Қолдау көрмеген өндірушілер шығынға батпауды ойлап, жанталасып жатыр.
– Мамырдан бастап субсидия алмадық. Оның алдында да бұл көмекке қол жеткізу қиын болып келді. Шымкент, Петропавл қа­лаларында жүз пайызға дейін субсидия алып жатқандар бар. Ал біздің жағдайымыз қиын болып тұр. Өз күнімізді өзіміз көріп жа­тырмыз. Сиыр, қой шаруа­шы­лы­ғындағы жағдай жақсы ғой. Ал біздің күйіміз – осындай. Ірі кө­лем­де несие алып, жұмыс жасауға мәжбүрміз, – дейді «Алель Агро» акционерлік қоғамының Қаржы директоры Наим Турдиев.
Бір таңғаларлығы, еліміздің Алматы облысынан өзге өңірле­ріндегі құс шаруашылықтары мем­лекеттік қолдауға тұрақты ие бо­лып, шаруасын дөңгелентіп отыр. Еліміздегі құс фабри­ка­ла­ры­­ның басым бөлігі Алматы об­лы­сында орналасқанын ес­керсек, бұл жағ­дай бағаға да әсер етуі мүмкін. Өйткені кей құс етін өнді­рушілер жағдай қиын­да­ға­сын қарама­ғын­дағы қызметкер­лерді қысқартып, өнім құнын кө­тереді. Жем-шөптің қымбат­та­ғаны тағы бар. Алматы облысын­дағы құс етін өндіру­ші­лердің ендігі бар үміті – осы жылда. Қан­дай жағ­­дайға тап болса да, жаны сүйетін кәсібін тастағысы жоқ кәсіп­керлер жаңа жылдан жақсы жаңалық күтіп отыр.
Эльмира
ЖАҚСЫБАЙҚЫЗЫ

Бөлісу:

1 пікір жазылған

  1. Мурат 28 Қаңтар, 2019 at 10:23 Жауап

    Егер шындық іздесек құс өндіру өте нашар жағдайда.
    Құс етін өндіру фабрикалар онын жұмырқасын валютаға шетелден сатып алады. Ал жұмыртқа өндіру фабрикалар тауықты валютаға шетелден сатып алады. Оған қоя тура олар үшін астықты да шетелден сатып алады. Толық өндіріс жоқ, біз өзімізді алдап жүрміз. Сондықтан титтей валюта-тенге ойнаса бірден құс өндірісі ақсандап қалатыны содан.

Пікір жазу


*