«Девичник»: қызойнақ па, жынойнақ па?

506
0
Бөлісу:

Қызойнақ – қыз ұзатылар алдында құрбылары жиналып өткізетін жиын. Бұрын қызой­нақта ұзатылар қыз елімен, құрбы-құрдас, балалығымен қоштасып, мұңлы әндер орындағаны көркем әдебиет­тен белгілі. Себебі, қыз бала­ның ырқынан тыс атас­тырып, шалға да ұзатылған жағдайлар жиі кездескен.

Қазіргі қызойнақтың сипаты өзгерген. Салтымызда бар дәс­түр­дің бүгінде батыстық сипат алып бара жатқаны анық. «Девичник» өткізу сәнге айналды. Бірі – мей­рам­хана, кафеде құрбыларын жи­нап өткізсе, екіншісі – «пижама» киіп үйде пати ұйымдастырады. Әрине, үйде өткізген қызойнақтың шығыны аз. Құрбылары бірдей «пижама» киіп, қызға азын-аулақ тосынсый жасайды. Ұзатылар қыздың аты жазылған тәттілерді тапсырыспен дайындап, сыйға тартады. Қызойнақты мейрам­ханада өткізудің шығыны орта есеппен алғанда 15 мың теңгеден басталады. Мейрамхана әкім­ші­сінің айтуынша, қыздар қалтасына қарай тапсырыс береді. Қымбат ас мәзірін таңдайтындар да кездеседі. Көбінесе, «девичникке» келгендер өздері дайындап әкелген бан­нер­дің алдында суретке түсіп, қызды құттықтап, сыйлық беріп, ертерек қайтып кетеді. Мейрамхананың жұмыс уақыты аяқталғанша оты­ра­тындары сирек екен. Оның есе­бінше, Астанада «девичникті» мейрамханада өткізу құны 30 мың теңгеден басталады. Он-он бес құрбысы бәрі бірдей «девичниктің» символы ретінде түрлі-түсті фата киеді. Бағасы 700-800 теңге ша­масында. Ұзатылар қыздың көр­не­кі суреті салынған баннердің ба­ғасы көлеміне қарай 6000 тең­геден басталады. Құрбылары та­ға­тын бірдей ленталар – 1300 теңге, шақыру қағазы – 900-1000 теңге, шар – 300-400 теңге. Мейрам­хананы қыздың құрбыларының тапсырысына қарай безендіру құны да жоғарылай береді.
Қызойнақ жасау, жасамау әр­кімнің еркіндегі шаруа. Бірақ өткіз­сек, қалай өткізген жөн? Көп­шіліктің пікірін тыңдап көрдік.

Әншілерге еліктеудің қажеті не?

Аида Ералы,
қаржыгер:
– Меніңше, «девичник» өткіз­ген­де тұрған ештеңе жоқ. Осыдан үш жыл бұрын құрбыларым маған да жасап берген. Ешқандай ерсі шоу, үндінің сариін кию, бір киноның кейіп­кер­леріне еліктеп, солардың киім үлгі­сінде киіну деген рәсімдер болған жоқ. Құрбыларым көктем кезінде бол­ған соң, бірыңғай жасыл түсті көйлек киді. Мектеп, университетте бірге оқыған жақын құрбыларыммен караокеде ән салып, әңгімелесіп, ойын ойнап қайттық. Маған арнап концерттік бағдарлама жасағандары көңілімді көтерді. Менің жақсы, жаман мінезімді жинақтап, қойылым қойып бергенде, күлкіден ішегім тү­йілді. Шынында, мінезіңдегі кем­ші­ліктеріңді әзіл-қалжыңмен жеткізген қызық екен. Оларға ренжіген жоқпын. Орынды ескерту деп қабылдадым. Тойыма келе алмайтын құрбыларым, алдын ала сыйлықтарын сол жерде сыйлады. Мен үшін естелік кеш бол­ды. «Девичникте» түскен суреттерімді әлеуметтік желідегі парақшама салып, сыйлықтарымды көрсетіп мақтанған емеспін. Ол әркімнің жеке қуанышы ғой. Қазір көбінесе, шоу бизнесте жүр­ген әнші, тележүргізушілерге елік­теп ерекше «девичниктер» жасау сән­ге айналған болар. Қазіргі кезде ерек­ше бұрын-соңды болмаған шоу деп айтса да, бәрі Батыста бұрыннан бар дүние. Сондықтан ешкімге жа­ңа­лық емес. Бүгінде біреуді таңғалдыру қиын.

Қызойнақтың жынойнаққа айналарын білмейді-ау…

Бекжігіт Сердәлі,
Мәдениет қайраткері:
– Славяндар қыз тұрмысқа шы­ғар алдында құрбыларын жиып, «де­вичник» рәсімін өткізіп жатады. Не­гізінен, бұл дәстүр Беларусь, Украи­на, Болгария, Сербия, Поль­ша, Ре­сейдің солтүстік бөлігінде ке­ңінен тараған. Ескі славян жора­л­ғысы бо­йынша күйеуге кетіп бара жат­қан бой­жеткен қамсыз күнде­рі­мен, қыз ғұ­мырымен қимай қош­та­сып, сың­сып, құрбы­ларына мұңын шағады. Мұн­дай жы­лап-сықтау бір апта, кей­де екі аптаға ұласады. Қы­з­ойнаққа кү­йеу бала жағынан да бой­дақ жігіт­тер келіп, қыз құрбыларына тәтті та­ғам­дарын ұсы­нып, таң атқан­ша ән салып, эроти­калық би билеп, көңіл көтереді.
Осы бір қанымызға жат дәстүр сыналап бізге де еніп жатқан сыңай­лы. Әсіресе, Алматы, Астана, сол­түстік өңірлерде «қызойнақ» қыз-қыр­қынның ойын-сауық дәстүріне айналып бара жатқандай. Естеріңізде болса, базбір қазақ әншілері тұр­мысқа шығар алдында құрбыларын моншаға шақырып, осындай «девич­ник» өткізген болатын. Міне, солар­ға еліктеген қыздар «бастаңғы» дей­тін қазақы жоралғымызды желеу етіп, ұзатылар алдында кафе-мей­рам­ха­нада, жалдамалы пәтерлерде не өз үйінде құрбыларымен бас қо­сып жүр. «Бастаңғының» жөні бөлек. Оны үйдің үлкендері жолаушылап кет­кен­де ауылдың қыз-келіншектері бір үйге жиналып, әзіл-оспақ ай­тысып, ұлттық ойындар ойнап, ән салып, күй тартып, әртүрлі өнер­лерін ортаға сал­ған. Қазіргі «бас­таңғының» жөні бас­қа, онда қиялға, еркіндікке көбі­рек мән беріледі. Қыз-құрбылар бел­гілі бір стильде, мысалы, үсті-басына қына жағып, теңіз қарақшылары, сәби, үнді актри­салары, қуыршақтар әлемі, ертегі кейіпкерлері кейпінде киініп, ойда жүрген фантазиялық қимыл-әрекеттерін жүзеге асырады. Кейпіне енгендері қазақ ертегі­ле­рінің ке­йіпкерлері болса мейлі ғой. Үлгі ететіндері батыс мультфильм­дерінің адам шошырлық мутант-қуыр­шақтары. Талғамға талас жоқ, әрине. Бірақ бұл сенің дәстүрің бе? Осыны бір сәт ойласа екен. Осының барлығы үйде, дастарқан басында «қызды қырық үйден тыйып», ұлт­тық салт-жоралғымызды күнделікті айтып отырмаудың нәтижесі. Бір өкініштісі, қызой­нақтың дастарқан басында арақ-шараппен өткізі­летінінде. Ал шарап ішкен соң арада жасырын сыр қала ма? Құрбылар ағынан жарылып, іштегі құпия пікір­лерін, көрген-біл­генін, есті­генін ортаға салып, қажет болса, төсек қатынасының кейбір қыр­ларымен өзара бөлісіп, түрлі ойын-сауықпен таң атырады. «Де­вич­никтің» басым бөлігі ұзатылар қыздың үйінде өтетінін ескерсек, бұған жол беріп отырған ата-анасы не ойлайтыны белгісіз. Әлде, олар қызойнақтың түн жарымынан соң жынойнаққа айналып сала беретінін білмей ме екен?..

Дәстүрді сақтау өзімізге байланысты

Болат БОПАЙҰЛЫ,
этнограф:
– Қазақта қызға арналған салт пен дәстүр өте көп. Мә­селен, қыздарға қатысты бесік құда, атастыру, үкі тағу, селтеткізер, ұрын бару, қызкөрімдік, қыз таныстыру, сырға салу, қызойнақ, сыңсу, жар-жар айту, қыз ұзату, қыз жа­сауы, қыз шымылдығын жасау, қыз жабдығы, қыз сыба­ға­сы, қыз­ға бата беру деген әдеп-ғұрыптар болған. Осы атал­ған жо­ралғының барлығы қыздың тәрбиесіне, әде­біне, біліміне, өнегелі үлгісіне қарай жасалған кә­делер. Бас­таңғы – қазақта бұрыннан келе жатқан жас­тарға арнал­ған салт. Ауылдың жастары бір үйге жиналып, ойын-сауық өткізген. Ән айтып, би билеп, күй шертіп, өнер жарыс­тырған. Бастаңғыда танысып, бас құрап жататын жастар да көп болған. «Бастаңғы» атауының түп төркіні бастау, ба­сы, бастапқы жол дегеннен шыққан. Сондықтан бастап­қы махаббат басқа қонған бақ деп қараған. Жастар бас­таңғыдан тәртіпті, тәрбиелі болып тарқасатын болған. Қа­зір қазақтың тарихы терең салт­тарының мәні өзгеріп бара жатыр. Даладан қалаға көш­тік. Киіз үйден көпқабатты үйге қоныстандық. Дала саха­расынан мейрамханаға кел­дік. Қалалық болған соң, өзге ұлттардың салтын қабыл­дай­тын сүзгі керек. Күн­делікті өмір салтымызға сіңісті болып кету, кетпеуі өзі­мізге байланысты. Қызойнақты да жөн-жосығымен өт­кізсе, ешкім қарсы болмайды. Басқа ұлттардың ұлттық киі­мін киіп, салтын саналы түрде қа­былдап жатқан жағ­дай­лар да бар. Тәуелсіздік бізге та­бандылықпен келді. Қа­зақтың ұлттық болмысын сақтап қа­латын кілт – руха­ни дүниеміз. Сондықтан қолда бар бай­лығымыздың қа­дірін білейік. Салт-дәстүрімізді берік ұстанғанымыз жөн. Қызойнақты мейрамхана, кафеде құрбылар жиы­лып, ырду-дырду қылмай, мән-мағынасын білгені абзал. Ақша­ға биші жігіттерді жалдап әкелмей, ет жақындарымен той­лау да жеткілікті. Туыс-туғанның, құрбы-құрдастың ішінде де әнші-бишілер жетерлік емес пе? Солай қа­зақтың салт-дәстүрі бойынша да әдемілеп өткізуге болады.

Майра ЖАНЫСБАЙ

Бөлісу:

Пікір жазу


*

Оқуға кеңес береміз