«Қорқұт ата кітабы» және мемлекетшілдік сана

643
0
Бөлісу:

Докторантура оқып жүрген кезім, эпосты зерттеудің әдіс-тәсілдері туралы шетелдік про­фессордың дәрісі жүріп жатқан болатын. Сол күні фин, неміс, ағылшын ғалымдарының зерттеу әдістері сөз болды. Тақырыптың қызық болғаны сондай, шыдай алмай профессордан:

– Осы әдіс-тәсілдер бойынша «Алпамыс батыр» дастанын зерт­тесем бола ма? – деп сұрадым. Себебі, алты-жеті оқитын кезі­мізде батырлар жырын әпкем екеуміз жарыса оқығанбыз. Тіпті қатты әсер еткені сондай, аты­мыздан жаңылып, бір-бірімізді жырдағы кейіпкерлердің есі­мі­мен атайтынбыз. Бала кезде кө­ңіліме керемет күй сыйлаған сол эпосты енді әлемдік аренаға шы­ғарсам деген ой қылаң берді. Сол кезде профессор:
– «Алпамыс батыр» жырының қай нұсқасы? – деп қайыра сұрақ қойды. Содан өзім білетін:
– А.Нысанов нұсқасы, Рахат жыршы нұсқасы, Қарақалпақ бақ­шысынан жазып алынған
Ә.Диваев нұсқасы және С.Мұқа­новтың жариялауымен қазаққа кеңінен танылған нұсқасы, – деп тізе бастадым. Ол сөзімді бөліп:
– «Алпамыс батыр» жыры­ның қай нұсқасы? – деп, сұрағын қайталады.
– Кешіріңіз, оқыған нұсқа­ла­рымды айттым – дедім.
– Жоқ, Кеңес үкіметі тұсында өзгертілген нұсқасы ма, әлде ескі нұсқасы ма?
– ?
Бұл тосын сұрақ болды. Сон­дай-ақ тақырыпқа одан ары те­реңірек үңілуіме себеп болды. Со­нымен «Алпамыс батыр» дас­та­нының бір нұсқасы «Қорқұт ата кітабында» бар екенін біліп, енді соны оқуға асықтым.
Ерте замандарда хатқа түскен «Қорқұт ата кітабының» бүгінде Дрезден және Ватикан қала­ла­рында сақталған екі нұсқасы бар. Түркияда зерттеу жұмыстармен жүріп, ол екеуін де таптым. Қуан­ғаннан ежіктеп ескі мәтіндерді оқып, түпнұсқамен таныстым. Қорқұт ата өмір сүрген Сыр бо­йында туып, оның ұлағат сөз­дерінен нәр алып өскесін ба, ол кітапты оқу тіпті керемет әсерге бөледі. Сонда байқағаным, біздің эпостық жырларымызда көтеріл­ген ең басты тақырып – мем­ле­кетшілдік пен бірлік екен ғой. Елдің бірлігі мен мемлекеттің тұ­тастығын сақтау жолында ба­тырлар ерлік, қаһармандық істерге барады.
«Қорқұт ата кітабында» он екі жыр бар екен. Бұл мақалада бі­рінші және үшінші жырға тоқ­талуды жөн көрдік. Бірінші жыр Дерсе хан мен ұлы Бұқаштың оқи­ғасына арналса, үшіншісінде Байбөрі мен ұлы Алып Бамсы баяндалады. Сонымен, алғашқы жыр хандар ханы Баяндырдың әр аймақтың бектерін тойға ша­қыр­ған оқиғасымен басталады. Сол тойда Дерсе хан өзінің перзен­т­сіздігінен қабырғасы қайысады. Жырдағы алғашқы шиеленіс те осы жерден басталады. Одан шы­ғудың жолы оқырманның наза­рын еріксіз өзіне аударады. Яғни, Дерсе хан перзентті болу үшін әуелі еліндегі ашты тойдырып, жалаңашты киіндіріп, қарызға батқанды қарызынан құтқарады. Төбе-төбе ет үйдіріп, саба-саба қымыз дайындатып той жасап, елдің бәрін риза қылып, халық­тың әлеуметтік жағдайын жақ­сартады. Әсіресе, елдің үлкен­дерін сыйлап, құрметтеп, аузы дуалы ақсақалдың батасын алып, Ұлы Тәңірден дұға тілейді.


Ал, «Қорқұт ата кітабында» Дерсе хан қисапсыз мал-мүлкіне ие болатын мұрагер емес, ханға тіреу болып, мемлекетке адал қыз­мет ететін және еліне қамқор болатын перзенті болғанын қа­лайды. Сол ниеті мен қайырымды істері және дуалы ауыз қарияның батасы мен риза елдің риясыз тілегінен соң Дерсе хан ұлды бо­лады. Ол он бес жасқа келгенде ме­млекет істеріне араласып, ер­лік көрсетеді. Оған түркі жұрты­ның абызы Қорқұт ата «Бұқаш» деп ат қойып, батасын береді.
Осы тақылеттес идея «Қорқұт ата кітабындағы» Байбөрі мен Алып Бамсы туралы үшінші жыр­да мейлінше көрініс табады. Біздің «Алпамыс батырдың» бір нұсқасы деп отырғанымыз да осы. Жырдың ұзын ырғасы бы­лай. Эпос әр аймақ бектерінің Баян­дыр хан алдына жиналған оқиғасымен басталады. Сонда хан кеңесіне Қарагөне мен ұлы Қара Будақ, Қазан мен ұлы Орұз, Қазылыққожа мен ұлы Бек Иүг­нек қатысыпты. Бектердің ұлда­рымен бірге келіп тұрғанын көріп Байбөрінің көңілі бұзылады. Тіпті ұлының жоқтығы жанына батып жылай бастайды. Оның жылау себебін сұрағанда «шіркін, ұлым болса, ол да Баян­дыр хан­ның алдында тұрса, қыз­мет етсе. Мен оны көріп сүйінсем, қуан­сам, мақтансам» дейді. Сон­да Байбөрінің арманы етектеп жи­ған мал-дүниесіне ие болып қа­ла­тын, көптің қатарындағы бір ұл емес, ханның жанынан табы­лып, мемлекетке адал қызмет ете­­тін, еліне қорған болатын ұл еді.
Асылында, бір перзентке зар болу – түркі халықтарының көне эпостарында жиі кездесетін мо­тивтердің бірі. Оны тура мағы­насында емес, жалпы қоғамның мемлекетшіл, қайраткер, алып батырды күтуі деп түсінген дұрыс. Яғни, болашақ батыр дүниеге ке­лерде оған қажеттілік туып, күт­пеген оқиғалар болады. Оны әлем мифологиясында «ғажайып жағ­дайда туу» мотиві деп те атайды.
Сонымен, дастанның жал­ғасында хан кеңесіне жиналған бектер көкке қарап, қолдарын жа­йып, «Алла Тағала саған ұл берсін» деп дұға қылады. Осы жерде «о заманда бектердің ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс еді, дұғалары сөзсіз қабыл бола­тын еді» деп келеді жырда. Демек, сол кездегі бектердің қоғамдағы орны, беделі, дәрежесі жоғары болған ғой. Осыдан соң Байбөрі ұлды болып, оның атын Алып Бамсы деп қояды. Байбөрі енді кірешілерге тапсырыс беріп, ұлы үшін әлемнің ең бағалы сый­лықтарын әкелуді міндеттейді.
Сол замандарда ер жеткен әрбір жігіт үлкен ерлік жасап, өзінің батыр екенін дәлелдейтін болған. Содан соң той жасалып, халық тарапынан оған лақап ат беріледі де, кейін сол екінші атымен аталады екен. Сол дәстүр бойынша Алып Бамсы алғашқы ерлігін жасайды. Байбөрі қуанып той қылып, оған күллі түркі жұр­тының абызы Қорқұт ата келеді. Ол «елінің ту ұстар тұлғасы бол­сын» деп, Алып Бамсыға «Бай­рақ» деп ат қойып, батасын береді. Осыдан кейін ол «Бамсы Байрақ» аталып кетеді.
Жырдың жалғасында Бамсы Байрақ өзіне атастырып қойған Бану Шешекпен шаңырақ көте­реді. Отыз күн ойын, қырық күн тойын тойлап жүріп аңғалдықтан қапыда жау қолына түсіп қалады. Жанындағы қырық жігітпен бір­ге Бамсы Байрақ та тұтқын­да­лып, көп жылдар жат елде азап шегеді. Олар байлауда жатқанда елде де келеңсіздіктер орын ала­ды. Сөйтіп, он алты жыл дегенде Бамсы Байрақ тұтқыннан қа­шып, еліне сау-саламат оралады. Кейін жау қолындағы жолдаст­а­рын да құтқарады.
Барлығы аман-есен елмен қауышқаннан кейін, соңында Бамсы Байрақтың жанындағы қырық жігітке Баяндыр хан мен Қазан бек қыздарын беріп, ұлан-асыр той жасайды. Дастанның соңында хан мен бектер және батырлар ынтымақ-бірлікте болып, елге бейбіт те молшылық заман орнағаны айтылады.

Екі жырдың да өн бойында батырлар, бектер және хан үшеуі ынтымақ-бірлікте болып қана бар қиындықты бірге жеңе ала­тыны көрініс табады. Әрқайсысы жеке дара тұлға емес, бірі басшы, қалғаны қосшы болған тұтас мемлекеттің сұлбасын елестетеді.
Батырлар жыры көбіне ха­лық­тың жадында сақталып, ауыздан ауызға таралып келді. Ал оның хатқа түсіп, жазба кү­йінде сақталған ең көне нұсқасы ре­тінде «Қорқұт ата кітабындағы» он екі жырды айтуға болады.
Жыр-дастандар ертеден ұр­пақ тәрбиесінің негізгі құралы бол­ға­нын ескерсек, сонда ата­ла­ры­мыз ұрпағын бірінші кезекте мем­лекетшіл болуға тәрбиелегені ғой. Осындай тәлімді бойына сі­ңір­ген ұрпақ елін, жерін қорғау үшін ерлік жасап, батырлық та­ны­тады. Халықтың әлеуметтік жағ­дайын жақсартып, маңайына ізгілік нұрын шашады. Бабадан жеткен асыл мұрадан түйгеніміз осы.

Бекарыс НҰРИМАН,
Қызылорда облыстық «Рухани жаңғыру»
орталығы «Атамекен» бөлімінің басшысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*