Кәсіпкерді әуре-сарсаңға салғандар жауапқа тартылды

321
0
Бөлісу:

Тұрғындардың мемлекеттік қызметке деген сенімі өздерінің өтініш-шағымдарына дер кезінде әрі заңды жауап алғанда ғана артары анық. Өкінішке қарай, өздеріне мемлекет тарапынан сеніп тапсырылған жауапты міндеттің қыры мен сырын жетік меңгермеген, жауапкершіліктен жұрдай басшылар мен қосшылар жиі кездеседі. Мұндайдың соңы халықтың мемлекеттік органдарға деген сеніміне селкеу түсіріп, көздеген мақсатына жетудің басқа жолдарын іздестіруге мәжбүр етеді.

Алматы облысы орталығының тұрғыны Жанар Иманғалиева
2018 жылдың маусымында Тал­дықорған қаласының Сәулет және қала құрылыс бөліміне өзінің жекеменшік пәтерін тұр­ғын үй қорынан шығарып, ком­мер­циялық нысанға (дәріханаға) ауыстыру бойынша өтініш береді. Алайда мемлекеттік орган мем­лекеттік қызмет көрсету белгі­ленген стандартын бұзып, хатқа бірнеше ай өткен соң ғана жауап қайтарады және ешбір негізсіз өтініштің қанағаттандырыл­майтынын жеткізеді.
Айлап тосқан жауабы көңі­лінен шықпаған кәсіпкер құқық­тық көмек алу мақсатында Кә­сіпкерлер палатасына жүгінген. Палата өз кезегінде Сәулет және қала құрылыс бөлімі көрсеткен қызметтің, атап айтқанда, қай­тарылған жауаптың заңдылығын анықтау мақсатында Мемле­кет­тік қызмет істері және сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы об­лысы бо­йынша департаментіне хат жол­дайды. Департамент өкіл­дері бөлімге жоспардан тыс тек­серу жұмыстарын жүргізу ба­рысында ондағылардың азамат­тардың арыз-шағымдарын қа­раудың заң­мен белгіленген мер­зімін бұзып қана қоймай, жауап­ты да ешбір негізсіз дайындағанын анықтады.
«Бөлім басшысының «Қа­зақ­стан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңының 60-бабы 1-тармағына сәйкес, егжей-тегжейлі жоспарлау жобасына сүйене отырып, тұрғын үй қоры­ның функционалдық мақсатын, коммерциялық нысанға (дәрі­ханаға) өзгертуге рұқсат беруден бас тартуын Инвестициялар және даму министрлігінің Құ­рылыс және тұрғын үй комму­налдық шаруашылық істері ко­митеті негізсіз деп тапты. Осыған бай­ланысты бөлім басшысы «Әкім­шілік құқықбұзушылық туралы» кодекстің 465-бабының 2-тар­мағына сәйкес әкімшілік жауап­кершілікке тартылды», – дейді Кәсіпкерлер палатасының сарап­шысы Ақбота Әбішева.
Атап айқанда, тексеру бары­сында Сәулет және қала құрылысы бөлімі сілтеме жасаған заң нор­масы бойынша тұрғын үй қо­рынының функционалдық мақ­сатын коммерциялық нысанға өзгеруге тыйым салынбағаны анықталды.
Сонымен бірге, Кәсіпкерлер палатасы мен Мемлекеттік қыз­мет істері және сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агент­тігі облыстық департаментінің араласуынан кейін ғана кәсіп­керге бөлім өкілдерінің тиісті жауапты белгіленген мерзімнен 115 күнге кешіктіріп қайтарғаны да анықталды. Жауап хатында мемлекеттік қызметтерді көрсету тәртібі туралы толық ақпарат ұсынылмауына байланысты қалалық бөлімнің жетекші маманына «ескерту» түрінде тәртіптік жаза қолданылды.

Болат Абаған,
Алматы облысы

Бөлісу:

Пікір жазу


*