ҚАЗАҚ ЕШКІМНЕН КЕМ ЕМЕС

2435
0
Бөлісу:

Тимур АҚШ-та тұрады. Ол – Facebook желісіндегі белсенділердің бірі. Көпшілік оны Temir Khan нигі бойынша жақсы біледі. Жазған әр жазбасы оқырман арасында қызу талқыға түсіп, таралып жатады. Бірі –  Қазақстаннан кеткенін дұрыс санаса, енді бірі шетелде жүргенін жөн көрмейді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар мамандығы бойынша білім алған Тимур 1-курстан бастап әртүрлі бағдарламалар арқылы шетелге барып жүрген. Оқу бітірген соң, елде біраз жұмыс істеген ол шетелге кетуге бел буған. Өзге елде тұрып жатқан қазақ жігітімен сұхбаттасып, өзге елдегі қазақтардың жағдайы қандай екенін білгенді жөн көрдік.

– Бір қызығы, қазақи ортада Қытай мен Моңғолиядан келген қазақтарды көбіне «оралман» деп атайды. Бірақ сол атауға АҚШ-тан, Еуропадан келген қазақтар да ілінеді емес пе? Қандай айырмашылық бар? Әлде бізде қалыптасқан түсінік сондай ма?

Бұл жайында пікірім – субъектив. Кім біледі, біреулерге ұнамауы да мүмкін. Себебі, біздің ел көпұлтты болғаннан кейін қоғамымыз да әр алуан.

Тарихқа үңілсек, бір кезде халқымыз репрессияға ұшырап,  ашаршылық заманында көпшілігі жер аударғаны белгілі. Соның барлығы Қытайға не Моңғолияға ғана кетіп қалған жоқ. Оның ішінде Ресей, Түркия, Франция, АҚШ-қа кеткендер де бар. Біздің қоғамда қазақтың басым көпшілігі Қытай мен Моңғолияға көшкендіктен ғана «оралман» деген стереотип қалыптасып қалған. Әйтпесе, оралман дегенді жек көріп, менсінбеу жоқ. Кім біледі, келешекте балаларым оралман болуы мүмкін. Меніңше, әр адамның қабылдауына байланысты. Мәселен, университетте оқып жүргенімде бір таныс бала болатын. Өзі ірі денелі, бойшаң қазақ, бірақ Новосібірден келген. Сонда ол өзін «оралманмын» дейтін. Алайда оның дене-бітіміне қарап, олай ойламайсың. Өйткені ҚазҰУ-да оқитын Қытайдан келген оралмандардан ерекшеленіп тұратын. Олар қазақша сөйлегенімен, орысша білмейтін. Ал Новосібірдің қазағы керісінше, орысшасы жақсы,бірақ қазақшаға жоқ еді.

Сол кездерде оқуға Франциядан бірнеше бала келді. Олар таза қазақ, тек Францияда туған. Қазақша мен французша сөйлегенімен, орысша білмейтін. Олардың айтуынша, ол жақта қазақтардың кәдімгідей бір қауымдастығы бар. Оған қоса, қазақи салт-дәстүрдің бәрін сақтап, құрмет етеді екен. Кейін еліміз тұрақтанып, аяғына нық тұра бастағанда, Еуропадағы қазақтар елге оралып, кәсіп ашып, қызығушылықтары оянды.

–АҚШ-тың Калифорния штатында 1 сағат қоқыс жинағаны үшін «бомждарға» 15 доллар төлейді дегенді парақшаңыздан оқып қалдық. Ол қаншалықты рас? Бізде де солай жасауға не кедергі?

Өз басым, Калифорнияда біраз тұрдым, жаттықтым. Алайда бомждардың жағдайын тексермедім. Себебі, қазір Майамида тұрамын. Бұл жаңалық сол жақта тұратын балалардың чатқа жібергені. Бірақ бұл мәселенің шын болуы да мүмкін. Олай болғанның өзінде де таңғалмаймын. Өйткені Калифорния – технологияның ортасы. Бүгінде нанотехнологияның алдыңғы қатарлы компаниялары осы жерде. Мұнда IT мамандар, инженерлер, технологтар  жылына 150-300 мың долларға дейін табады. Бұл – еңбекақы жоғары төленетін штаттың бірі.

Екіншіден, Калифорния қоршаған ортаның таза болуына мүдделі. Сондықтан қаланы тазартып отырса, екіншіден бюджетті үнемдеп отыр. Себебі, арнайы тазалықшыға сағатына 30 доллар төлер еді. Бұл жерде тұрақты мекенжайы жоқ жандарды жұмыспен қамтып отыр. Тіпті осы арқылы бомждардың саны азая түседі емес пе?

АҚШ пен Қазақстанның экономикасын салыстыра алмайсың. Экономика дамуы жағынан АҚШ бірінші болса, біз үздік ондық түгілі, отыздыққа да кірмейміз. Оған жету үшін үлкен жұмыс атқару керек. Меніңше, алдымен мұғалім, дәрігер сияқты бюджеттегі мамандық иелерінің жағдайын ойластыру қажет. Одан кейін ғана тұрғылықты мекенжайы жоқ жандарды ойлауға болады. Ешкімді ренжіткім келмейді. Бірақ қазір біздегі дәрігер мен мұғалімнің жағдайы олардан жақсы емес.  Айтыңызшы, қайсысы үймен қамтылған? Менікі қате болса, қуанар ем. Қазақстан бомжға сағатына 15 доллар төлегеннен гөрі, мұғалім мен дәрігерге төлегені дұрыс-ау. Олардың бірі де сағатына ондай табыс таппайды. Қазақстандағы ең төменгі – 25-30 мың теңге. Ол тіпті 100 долларға да толмайды. Мұндай бір айлық табысты АҚШ-та жарты күнде табасың. Әрине, АҚШ-та бағада, салық та басқаша. Бірақ дерек – дерек күйінде қалады.

Жалпы, екі елдің жалақы төлеу жүйесі екі бөлек. АҚШ-та заң бойынша 9 доллардан төмен төлеуге тыйым салынған. Қысқаша сараптама жасасақ, даяшы мен барменді есепке алмағанда, ең төменгі төлем – сағатына 8-9 доллар. Мәселен, даяшыға сағатына 5 доллар төленеді. Бірақ шәй-пұлына берілетін ақы өзіне қалады. Соны қосқанда сағатына 15-20 долларға дейін алады. Тіпті 30 долларға дейін баруы мүмкін. Қазақстанда келісімшартпен істейтіндерді есепке алмағанда еңбекақы сағатына емес, бір айлық көлемінде төленеді. Ол өте тиімсіз. АҚШ-та еңбекақы аптасына не екі аптада бір төлейді. Осыған орай қаржылық бюджетіңді де есептей аласың.

–Сіздің Қазақстаннан кетуіңізге не түрткі болды? Студент болып жүріп жақсы табыс тауып, Алматының қақ ортасында тұрған екенсіз.Неге кетіп қалдыңыз?

Қызметте өсу үшін аға-көкең болу керек. Алған біліміңе, көптілді меңгергеніңе, білігіңе, интеллектіңе қарамайды. Екіншіден, тұрмыстық жағдайдың төмендігі. Студент кезімнен жұмыс істеп, жақсы табысым да болды.  Бірақ оның өзі үй алуға мүмкіндік бермеді. Оның үстіне болашақта үйлі, отбасылы боласың. Сонда тапқан табысың жеп-ішуден аспай қалады емес пе? Несиелендіру жүйесін де жан-жақты тексеріп көрдім. Ыңғайым келмейтінін түсіндім. Себебі, біздегі орташа жалақы – 70-80 мың. Тіпті 150 мың болса да, жақын арада баспаналы болмайтынының белгілі. Банктың пайызы жоғары. Одан алсаң өмір бойына қарыз болып кетесің. Содан шетелге баруды шештім. Өзімді сынағым келді. Ондайдан адам қорықпауы керек. Меніңше, маман ретінде бағаланбау – ең ауыр нәрсе. Ал өз еліңде жүріп бағаланбау – екі есе ауыр.

Шетелге бара салып, тапқан алғашқы табысыңыз қанша болды?

– АҚШ-қа алғаш студенттік бағдарламамен барғанымда дүкенде жұмыс істедім. Ағылшыным жақсы болғандықтан шұжық пен ірімшік турау бөліміне қойған. Бір аптада 550 доллар таптым. Сол ақша Қазақстандағы бір айлық табысым болатын.Әрине, жай ғана дүкеннің өзінен осындай тапса, жаман емес деп ойладым.Бірақ оған қатты қуанбадым.Себебі, қасымдағы балалардың ағылшыны нашарлау болғандықтан жұмысы да жеңіл еді. Арасында қоларба сүйрегені болмаса, қалған уақытта бос, дүкеннің арғы шетінде шылым шегіп отыратын. Солармен салыстырғанда, менікі кәдімгідей жұмыс болатын. Артынан лэндскейпер (көгал шабушы) болып орналастым, күніне 150 доллар төленді. Аптасына 700-500 доллар түскен.

– Сіз парақшаңызға рамен өндірушілері брендтің амбассадоры болуды ұсынды деп жазыпсыз. Бұл рас па? Ұсынысты қабылдадыңыз ба? Жалпы сізге ақылы пост жазуға ұсыныс жиі түсе ме? Жазбаңызға қанша аласыз?

– Бұл жай ғана әзіл болатын. Ел арасына соншалық таралып, сөз болады деп ойламадым.  Көбіне жазбаларымды мысқылмен, кекесінмен жазамын. Міне, сонымды көпшілік түсіне бермейді.Жалпы, ешқандай жарнамамен айналыспаймын. Ол үшін ақы алған емеспін. Әрине, ұсыныстар түсіп жатады. Ондайдан бас тартқам. Бұл – менің деңгейім емес. Жазбасын ақшаға сататын блогерлер секілді болғым келмейді. Парақшама бар болғаны өз ойымды жазамын. Бастысы табыс көзім бар, өмір сүруіме жетеді. Ақшаның артына түскен емеспін.

Қазір АҚШ-қа, Оңтүстік Корея секілді басқа да шет елдерге кетіп жатқандар көп. Тіпті кейбір визасыз кіретін елдерге көшіп те жатыр. Сондағысы демалу үшін емес, жұмыс істеп, табыс табуға екені белгілі. Солардың ішінде қазақ көп пе?Оларды жиі көресіз бе?

– Қазақтар жұмыс үшін АҚШ пен Оңтүстік Кореяға ғана емес, Дубайға, Түркияға, Ресейге де кетіп жатыр. Бұл – шындық. Осыдан бес жыл бұрын біздің елден келгендер сирек болатын. Бірақ соңғы екі жылда жиі көремін. Мәселен, өткенде ғана Оңтүстік Кореяда болдым. Ол жақта қазақ қана емес, қазақстандықтар көп. Майамидың жанында Ки-уэст деген арал бар. Онда қазақтың көптігі сонша, аралдың кез келген жерінен кездестіресің.

– Сіздің көптеген елде болып, біраз қаланы аралап тастағаныңызды білеміз. Рас, кейбір дамыған елдерден қалыс қалып келе жатырмыз. Бірақ өзге елдің бізден де алатын бір қасиеті бар шығар. Қалай ойлайсыз?

– Рас, көп елде болдым. Нақтысын айтсам, 33 ел. Дәм тартса әлі де әлемнің барлық елін көріп шықпақшымын. Біздің ел АҚШ-тан, Германиядан, Франциядан артта екені онсыз да белгілі. Өзімізді экономикасы әлемнің үздігіне кіретін, алып мемлекетпен салыстырмас бұрын менталитетімізбен, тарихымызбен ұқсас елдермен салыстыру керек. Мәселен, Малайзия.  Кезінде Британияның құлдық калониясы болған. Бағана айтқанымдай, онда жұмыс істеп жүрген қазақ көп.Оларды жалқау не болмаса Малайзияның азаматтары қазақтардан еңбекқор демеймін. Олар да – біз секілді азамат. Айырмашылық – үкімет басына келген Премьер-министрдің бірнеше сәтті реформа жүргізуінде. Мысалы, Куала-Лумпур қаласы өте жақсы дамып кеткен. Сингапурды да сол қатарға жатқызуға болады. Ли Куанды кейбірі диктатор дейді. Ол Сингапурды бір сатыға көтеріп кетті. Әйтпесе, осыдан 30-40 жыл бұрын өте кедей ел еді. Ал қазір экономикасы дамуы жағынан әлемнің үздік ондығына кіреді. Сол кезде Ли Куан «адамдарды қаржыландыру керек» деген екен. Рас, халықтың білім деңгейін көтеріп, бәсекені күйшейтіп, ынталандыру қажет. Оның жолы – қаржыландыру. Мәселен, Оңтүстік Кореяда заңсыз зауытта жұмыс істеп жүргендердің өзіне 2500 доллар төленеді. Осындай табыспен бірнеше жылдың ішінде Қазақстаннан үй ала алатынын біледі. Бұл – жақсы мотивация. Ал мұндай ақшаны біздің елде алу үшін қандай қызметте болу керек?Біздегі аз жалақымен елден қандай мотивация күтесің? Ол да еңбек ақысына қарайжұмыс істеп жүрген кейіп танытып, бос отырады. Сондықтан шетелдегідей жұмыс істеу үшін табыс та еңбегіне қарай төленуі керек.

– Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан Анар ҚОНЫС.

 

 

 

 

 

 

 

 

Бөлісу:

Пікір жазу


*