ОРАЛҒАНДАРДЫ КЕМСІТІП ЖҮРМЕЙІК

617
0
Бөлісу:

Президент тапсырмасымен құқық қорғау органдары мен Сыртқы істер министрлігі жүргізген гуманитарлық операция нәтижесінде, 6 қаңтар күні Сириядан 47 азаматымыз, соның ішінде 30 бала мен 11 әйел елге қайтарылды. ИЛИМ халықаралық лаңкестік ұйымының тұтқынында болған әйелдер мен балаларға мемлекет тарапынан барлық көмек көрсетіліп жатыр. Олар бір ай бойы Ақтау қаласындағы бейімдеу орталығында медициналық, психологиялық көмек алады. Кесімді мерзім біткен соң өздерінің бұрынғы мекенжайына жіберіледі. Бірер жыл бұрын жұмақ іздеп туыс-туғанын тәрк еткен олар сол ортасына оралады. Міне, сол кезде оларды ауыл-аймағы қалай қабылдайды? Жұрт ту сыртынан сұқ саусағын шошайтып кемсітіп жүрмей ме? 

Бұл сұрақты бекерге қойып отыр­ға­ны­­мыз жоқ. Әлеуметтің көңіл күйінің ба­ро­­метріне айналған әлеуметтік желі­де­гі кей жазбалар жаға ұстатар жағдайға жетті. Атын атауды жөн көрмедік, жеке­ле­ген жазба иелері Сириядан орал­ған­дар­дың өткен іске өкінетіндеріне сен­бейтінін, Қазақстанға үстіндегі қара киі­­мімен оралғандардың санасы өзге­ре­тініне күмәнмен қарайтынын айтса, ен­ді бірі тіпті қатты кетті: олардың ойын­­ша, оралған балалар қазаққа ұқса­май­ды-мыс! Осындай ой-пікірі бар қо­ғамға қайта сіңісу оралғандар үшін оңай­ға соқпайтын сынды. Қанша адам бол­са, сонша пікір бар деп қоя салуға бо­­лар еді, алайда кезінде атажұртына орал­ған оралмандарды жатсына қабыл­да­­ған жұрт діни сенімін сатқан «сирия­шы­л­дарды» аяр ма екен? Біз жүгінген са­рапшылар не дейді?
Қазақстан мұсылмандары діни бас­қар­­­масының төрағасы, Бас мүфти Серік­­­бай қажы Ораз «Адасқанның айы­бы жоқ, үйірін қайта тапқан соң» деген бабалар сөзін алға тартады. «…Мемле­ке­тіміз қай кезде болмасын, азаматтарын кез келген жерде қорғауға күш салып келе­ді. Бейнелеп айтқанда, осы 47 аза­ма­тымызды мемлекет жер бетіндегі та­мұқ­­тан құтқарып қалды. Қазақта «Ораза, намаз тоқтықта…» деген сөз бар. Дін де тоқ­шылықта, бейбіт кезеңде ғана өр­кен­деп отырады. Құлшылыққа да, тір­ші­лік­ке де тыныштық керек. Осыны естен шы­­ғармауымыз керек. Сириядан орал­ған азаматтарымызды мемлекетіміз қам­­қорлығына алып, материалдық, мо­раль­дық көмек көрсетіп жатқанда, біз келіп шеттесек, қиянат болар еді. Сон­дық­­тан жал­ған діни наным-сенімнің же­тегінде кетіп, кейін өкінген, ортамыз­ға оралған аза­маттарымыздың қоғамға бейім­деліп ке­туіне әрқайсымыз күш салуға тиіспіз», – деп санайды.
Әлемдік экономика және сая­сат институтының сарапшысы Серік Бейсембаев Сириядағы қа­зақстандықтары елге алып келуді Қазақстанның сыртқы саясаттағы жетістігіне балайды. «Себебі Си­рия қақтығысын шешу үшін өткі­зілетін басқосулар алаңы ретінде Астананы ұсындық, осын­дай ара-ағайындық саясаттың нәтижесінде азаматтарымызды елге алып келе алдық. Әрине, ха­лық арасында олар­ға деген өшпен­ділікпен қа­райтындардың бола­тыны заңды. Себебі, олардың түсінігінде бұл адам­дар Сирияға радикалды дінді ұстанған соң барды, алайда ара­сында дүрмекке ілесіп кеткендер де бар екенін ескеруіміз керек. Енді олар өткен іске өкініш біл­ді­ріп, елге оралған екен, түсінікпен қабылдағанымыз жөн. Оралған 47 адамның 30-ы – балалар, ал олар­дың не жазығы бар? Меніңше, қазақи ортаның бауырмалдығы оларды қабыл­дай­ды. Басқалар сұқ саусағын шошайтып жатса да, орал­ған­дар­дың туған-туыстары, ба­уырлары оларды құшағына ба­сады деп ойлаймын», – дейді сарапшы.
Белгілі саясаттанушы Ерлан Қарин Мемлекет басшысының мәлімдемесінен (9 қаңтардағы) кейін өзінің телеграмм каналында «Жусан» операциясына қатысты пікірін жариялады. Ол да Сирия қақтығысы аумағындағы азамат­тарымызды елге әкелу опера­ция­сын біздің арнайы қызметтің, дипломатиялық, басқа да осы операцияға қатысқан қызметтердің зор жетістігі деп атап өтті. «Олар, шынында, қиын да ауқымды жұмысты жүзеге асырды» дейді саясаттанушы. Ал 47 адамның елге жеткізілуі үлкен қатердің алдын алды деп санайды.
«…Олардың (әйелдер мен балалардың) әскери қақтығыс жүріп жатқан аумақта қалуы, сөз жоқ, қауіпті болар еді, радикалды ұйымдар мен басқа да түрлі құры­лымдық күштер қиын жағдайда қалған, басқа да әлеуметтік мүмкіндіктерден құр қалған осы санаттағы адамдарды өз мүдделері үшін, соның ішінде еліміздің қауіпсіздігіне қарсы мақсатта да пайдалануы мүмкін еді. Осы тақырыпты зерттеумен, сарап­таумен айналысып жүріп, осы тектес акцияны жүзеге асыру барлық елдің қолынан келмегенін білемін. Өз азаматтарын елге қайтарумен мақсатты түрде Ресей мен Еуропаның бірқатар елдері айналысып жатыр. Ал «Жусан» операциясын сәтті жүзеге асыру еліміздің дипломатиялық бага­жы­ның арқасында мүмкін болғанына тағы да акцент бергім келеді», – дейді саясаттанушы.

Халима БҰҚАРҚЫЗЫ

Бөлісу:

Пікір жазу


*