Мектеп асханаларында комиссия жүр

631
0
Бөлісу:

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, елімізде «Мектеп асханаларын жаңғырту» партиялық жобасы аясында оқушылардың тамақтану сапасына жүйелі мониторинг жүргізу және тамақтандыру мәселесін тиімді ұйымдастыру мақсатында құрылған Ведомствоаралық сараптама тобының бекітілген кесте бойынша жұмысы жалғасып жатыр. 

Топ мүшелері – Алматы қала­лық білім басқармасы басшы­сы­ның орынбасары Л.Жылқыбаева, Алматы қаласы Білім саласы бо­йынша бақылау департаментінің басшысы Г.Ермекбаева, мәслихат депутаты Ш.Умаров, Қазақ та­ғамтану академиясының рацио­нализация зертханасының мең­ге­рушісі Г.Берденова және «Нұр Отан» партиясы қалалық фи­лиа­лы, «Атамекен» ұлттық кәсіп­кер­лер палатасы, ата-аналар ко­ми­тетінің өкілдері Алматыдағы
№95 орта мектебінің асханасына мониторинг жүргізді.
– Соңғы жылдары ата-ана­лар арасында, әлеуметтік желі­лерде және БАҚ-та мектеп асха­налары мен тамақ сапасы тура­лы мәселе жиі талқыланып жүр.
Ведом­ство­аралық сараптама тобының мү­шелері бұл мәселенің шешімін табуға белсенді ара­ла­сады, – дейді Алматы қалалық мәс­лихатындағы дептутаттық фрак­ция мүшесі Шавкат Умаров.
Сараптама тобының белсен­ді­лері мектептегі тағам үлгілерінің бі­рыңғай тамақтану стандарт­та­ры­на сәйкестігіне талдау жасап, азық-түлік тауарлары бағаларының қол­жетімді болуын және өзге де талап­тар мен шарттарды назарға алды.
«Мектеп асханалары» пар­тиялық жобасы аясында ұйымдас­тырылған дәл осындай Ведом­ствоаралық сараптама тобының тексеру жұмысы Ақтөбе облы­сында да жалғасты. Партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, білім беру, денсаулық сақтау органдарының, «Атамекен» ҰКП өкілдері және мәслихат депутаттары, ата-аналар Ақтөбе қаласындағы №56 жалпы орта білім беретін мектебінде болды. Мектеп директорының айтуынша, аталған білім ордасында 1 720 бала оқиды. Мектеп пайда­лануға берілген 2015 жылдан бас­тап оқушыларға ыстық тамақ ұйым­дастырылып келеді. Аз қам­тылған, көпбалалы отбасылардан 72 балаға тамақ тегін беріледі.
– Дені сау ұрпақ қалыптасу үшін балалардың дұрыс тамақ­тануын қамтамасыз етуіміз қажет. Осы орайда тамақтану стандарт­тарының жүзеге асырылуына қо­ғамдық бақылау жүргізудің берері мол. Бұл оқу орындарындағы тиіс­ті талаптардың сақталуын қам­та­масыз етіп қоймай, браке­ражды комиссиялар жұмысының жанда­нуына, тамақтану мәде­ние­тін қалыптастыруға әсер етеді, – деді партияның облыстық филиа­лы төрағасының бірінші орынба­сары Д.Исмағамбетова.
Ведомствоаралық сараптама тобы №51 мектеп гимназиясына да барды. Облыстық мәслихаттағы «Нұр Отан» фракциясы мүшесі Тәттігүл Талаеваның айтуынша, бұл мектепте санитарлық нор­малар мен білім беру мекемеле­ріндегі ережелердің сақталуы талапқа сай. Асхана қызмет­керле­рінің санитарлық кітапшалары бар, тағамдар мен азық-түлік өнім­дерінің сапасы, сақталу мерзімі дұрыс. Балалардың денсаулығына, тамақтануына 5 жылдық мони­торинг жүргізілген. Тамақтану мә­дениетін қалыптастыруға ықпал ететін видеороликтері де бар. Айта кету керек, облыстағы 395 мек­теп­тің 375-і, яғни 95 пайызы ыстық тамақпен қамтылған.
Солтүстік Қазақстан облы­сында да нұротандықтар мектеп асханаларында тамақтану сапасы бойынша мониторинг ұйымдас­тырды. Петропавлда комиссия мү­шелері бірнеше білім беру меке­мелеріне барды. Тексеру бары­сында елеулі санитарлық бұзу­шы­лықтар және тыйым салынған азық-түлік анықталған жоқ. Ко­миссия мүшелері айтылған барлық ескертулер бақылауға алынды. Іс-шара соңында өңірдегі барлық мектептерге мониторг жүргізу жалғасатыны айтылды.
«Нұр Отан» партиясы Батыс Қазақстан облыстық филиалының бастамасымен «Мектеп асхана­лары» партиялық жобасы аясында Орал қалалық №7 және 21 орта мектептерде мониторинг жүргі­зілді. Дайындалған өнімнің сапасы партиялықтардың көңілінен шықты, алайда жалпы тамақтану бойынша ескерту айтылды.
Мектеп асханасын жалға алу­шы Надежда Болдырева мәзір туралы айтып, партиялықтар сұраған құжаттарды ұсынды. ­Нұр­отандықтарды таңғалдырған жайт, мұнда түскі ас бағасы бір оқушы­ға – 150 теңге көлемінде ғана. Ал аз қамтылған отбасынан шыққан балаларды осы мектепте 89 теңгеге тамақтандырады. Осы күні партиялықтар тағы бір мек­тепті ескертусіз тексерді.
– №21 мектепке келген тек­серушілердің сапары мектеп бас­қарушылары мен асхана жалдау­шылары үшін күтпеген жағдай болды. Аспаздар балаларға салып жатқан тамақты партия­лық­тарға ұсынды. Ал тамақтың дәмі тексе­рушілер көңілінен шықты. Мо­ниторингті енді жүргізе баста­дық. Қорытындысы барлық фак­ті­лерді талдағаннан кейін жаса­лады, – деді Мұхтар Серікұлы.
Тұтастай алғанда, мектеп асха­наларын тексерудің нәтижесі бойынша балаларды тамақтан­дыруды ұйымдастыру мен тамақ сапасы жөнінде өрескел тәртіп бұзушылық анықталмады.

Абылайхан ЖҰМАШ

Бөлісу:

Пікір жазу


*