ҮШ МИЛЛИОН АДАМ ҮЙ АЛУДАН ҮМІТТІ

751
0
Бөлісу:

Алматыда «Қолжетімді баспана – жас отбасылардың үміті» атты дөңгелек үстел өтті. «7 – 20 – 25» бағдарламасы аясындағы мәселелерді талқылауға «Нұр Отан» партиясының, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың, «Баспана» АҚ өкілдері, сондай-ақ сарапшылар мен қоғам белсенділері қатысып, пікір білдірді. Жиынды ұйымдастыруға «Нұр Отан» партиясының Түрксіб аудандық филиалы бастамашылық етті. 

– Елбасы тапсырмаларын жү­зеге асы­рудағы бақылаудың басты жауапкершілігі «Нұр Отан» пар­тия­сының мойнында екені бел­гілі. Сондықтан партия азаматтық қо­ғам мен бірлестіктердің барлық институт­тарын Елбасы стра­те­гияларын қолдауға шақырып ке­леді. Қазіргі таңда Президент­тің «Бес әлеуметтік бастамасы» қоғам та­рапынан үлкен қызығушылық тудыруда. Бар күш-жігерімізді сала отырып, Елбасы алдымызға қой­ған міндеттерді іске асыруға тиіс­піз, – деді партияның аудан­дық фи­лиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұрланбек Әжібаев.
Шараға қатысқан Қаржылық сауат­тылық және қаржылық са­палы қызмет көрсету орталығының басқарушы дирек­торы Ләззат Үсенбекова, Түрксіб ауданы әкімі аппаратының Тұрғын үй-комму­налдық шаруашылық бөлімінің басшысы Айдос Бекетаев, аудан­дық әділет басқар­масының бас­шысы Айдын Тілепбергенов бағ­дарламаның әлеуметтік маңызына тоқталып, ел азаматтарының тұр­мысына оң әсерін тигізетін ке­шенді стратегиялық құжат екенін атап өтті. Осы тұрғын үй бағдар­ламасы басталғалы бері 3 миллион­нан астам қазақстандық үй алуға ынта білдірген. Ал «Баспана» АҚ 40 мыңға жуық азаматтың өтінішін қарастырып үлгеріпті.
Алматы қаласының тұрғын­дары үшін бағдарлама аясында сатып алынатын тұрғын үйдің жоғары шегі 25 миллион теңгені құрайды. «Баспана» ипотекалық ұйымы» АҚ серіктес банктермен жұмыс департаментінің аймақтық директоры Ермек Сәулетов бағ­дарлама мен оны іске асыру туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
– Бүгін бізбен серіктес банк­терге 81 мил­лиард теңгені құрай­тын 6 981 өтініш келіп түсті. Оның ішінде 4 300 адамға 51 миллиард теңге несие беру мақұлданды. ­Ал­ма­тыға тиесілі несие көлемі 12 мил­лирад теңгеден асады. Бұл 998 адам – елдегі екінші көрсет­кіш, – дейді Ермек Сәулетов.
Қазіргі кезде әкімдіктермен бірлесе отырып, жас отбасылар мен мемлекеттік қызметкерлерге алдын ала төлем мөлшерін же­ңіл­дікпен беру жұмыстары басталған. Талқылау барысында «банктер қосымша қандай талаптар қойып отыр?», «ипоте­калық несие алу­шыларға қандай құжаттар қажет болады?» деген секілді маңызды сауалдар көтерілді. Жиын бары­сында бар­лық қойылған сұрақтар бойынша жауаптар мен кеңестер берілді. Қазіргі уақытта сегіз банк: ЦентрКредит Банк, АТФ Банк, Цес­набанк, RBK Банк, Евразия­лық Банк, Ха­лық банк, ForteBank, Сбербанк «7 – 20 – 25» және ­«Бас­пана Хит» бағдарламалары бо­йын­ша өтініштер қабылдау үстінде.

Абай АЙМАҒАМБЕТ

Бөлісу:

Пікір жазу


*